Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны жайында мәліметтерді беру мемлекеттік қызметтер көрсету санатына ауыстырылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz
«Қолданыстағы еңбек заңнамасында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін белгілі бір шектеулер қарастырылған. Квазимемлекеттік сектор ұйымына жұмысқа тұру кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің бар немесе жоқ екені туралы анықтама ұсынуға міндетті. Қазір квазимемлекеттік ұйымдарға жұмысқа орналастыру кезіндегі тиісті шектеу барлық лауазымдарға қолданылады. Бұрын бұл шектеулер басқарушылық функцияларды орындауға қатысты лауазымдарға арналған болатын», - делінген Бас прокуратура мәліметінде.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны жайында мәліметтерді беруді мемлекеттік қызметтер көрсету санатына ауыстырды.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қабылдануы және ұсынылуы www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Қызметтің орындалу мерзімі 10 минут, қосымша деректерді анықтау үшін тексеріс кезінде 5 жұмыс күні қамтылады», - делінген хабарламада.