14.08.2025
11:17
547
eGov Mobile қосымшасы жаңарды: қандай артықшылықтары бар?

eGov Mobile қосымшасы жаңарды: қандай артықшылықтары бар?

Қазақстанда 11 миллионнан астам қолданушысы бар eGov Mobile мобильді қосымшасы кең ауқымды жаңартудан өтіп, интерфейсі түгелдей жаңарып, навигациясы жеңілдеді: интеллектуалды іздеу, eGov AI виртуалды көмекшісі, цифрлық құжаттарға жедел қол жеткізу және басқа да пайдалы функциялар қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жоба азаматтардың мемлекеттік қызметтерге деген өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу үшін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп іске асырды.

Негізгі жаңалық – сұраныс енгізілген сәтте сәйкес қызметтер мен өмірлік жағдайларды ұсынатын интеллектуалды іздеу және жасанды интеллектке негізделген eGov AI кеңесшісі: ол түсінікті нұсқаулық беріп, нақты қызметке жылдам бағыттайды, осылайша электрондық үкімет сервистеріне қолжетімділікті едәуір оңайлатады.

Қауіпсіздік те күшейтілді: жеке деректерді қорғау деңгейі арттырылып, сыртқы қауіптерге төзімділік жақсартылды.

Жаңа басты бетте ең танымал сервистердің белгішелері бірден көрінеді, ал eGov логотипі арқылы қызметтер каталогына тікелей өтуге болады; барлық қызметтер тақырыптар бойынша жүйеленіп, электрондық үкімет пен Е-лицензиялау порталдары бөлек бағыттар ретінде бөлінген.

Төменгі мәзірдегі «Сервистер» белгішесі арқылы цифрлық қызметтер ықшам әрі түсінікті құрылымда ұсынылады, ал әр қызметті «түйреуішпен» бекітіп, танымалдар қатарына қосуға мүмкіндік бар. «Цифрлық құжаттар» бөлімі жаңарып, басты бетке шығарылды: жеке куәлік, туу туралы куәлік және өзге маңызды құжаттарды, соның ішінде QR-кодты, бірден көрсетуге болады.

Өмірлік жағдайлар каталогы емханаға тіркелу, жүргізуші куәлігін алу секілді сұрақтарға кезең-кезеңмен нұсқаулық береді және интерактивті сауалнама нәтижесінде пайдаланушыға жеке сценарий ұсынады.

«Хабарламалар» бөліміндегі тақырыптық топтастыру маңызды жаңалықтар мен қызмет мәртебелерін тез табуға көмектеседі, ал жеке профильде денсаулық, еңбек қызметі, айыппұлдар, мүлік және басқа да деректер, сондай-ақ пайдаланушы берген келісімдердің толық тарихы қолжетімді болып, eGov Mobile қосымшасының қолдану тәжірибесін барынша ыңғайлы және қауіпсіз етеді.