Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, дәрігердің қабылдауына мобильдік қосымша арқылы жазуылуға болады. Бұл науқастардың дәрігер қабылдауына жазылып, кезек күтіп, уақыт кетірмеуі үшін жасалып отыр.
Бүгінгі күні Қазақстан азаматтары дәрігердің қабылдауына жазылуға, дәрігерді үйге шақыруға, талдау нәтижелеріне және басқа да дербес медициналық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды белсенді пайдаланады. Egov.kz «электрондық үкімет» порталында пациенттер үшін вакцинациялауға жазылу, вакцинациялау бойынша мәліметтерді түзету, дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру қолжетімді, сондай-ақ медициналық ұйымға тіркелуге болады. Сонымен қатар азаматтар электрондық медициналық құжаттарға қол жеткізе алады. Мысалы, емдеуге жатқызуға жолдама, стационардан шығару, аурухана парақтары және басқалар. Көрсетілген электрондық медициналық құжаттарға қол жеткізу азаматтардың медициналық ұйымдарға бару санын азайтуға мүмкіндік береді, – Бейбіт Есенбаев.
Сондай-ақ Egov порталында алдын ала міндетті медициналық тексеруден өткенді көрсететін 075 құжатын алуға болады.
Санаторийлік-курорттық емделуге қажеттілік туралы қорытынды құжат, яғни 069 нысанын да енді мобильдік қосымша арқылы қолжетімді. Сонымен бірге қайтыс болғаннан кейін ағзасын донор ретінде қолдануға келісім беру немесе бас тарту туралы өтінішті тіркей алады.