17 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми мәлімдеме жасады. Африкада Эбола геморрагиялық қызбасы таралып, мұны ұйым халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.
Бундибуджио қандай вирус?
Африкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, індет Конго Демократиялық Республикасының Итури провинциясында басталған. 2026 жылғы 16 мамырда ДДСҰ Бундибуджио эболавирусымен байланысты болуы мүмкін өлім-жітім саны 80-ге жеткенін хабарлады.
Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы Заирде (қазіргі Конго Демократиялық Республикасы) Эбола өзені маңында анықталған. Содан бері Конго мен Угандада Эбола індетінің 20-дан астам ошағы тіркелген. Ал Бундибуджио эболавирусы небәрі үшінші рет – 2007жылы, 2012 жылы және биыл тіркелді.
Бұл вирус түрін жұқтырғандар саны жылдам көбейіп жатыр. Өйткені Африкада тұрмыс жағдайы төмен, медициналық қызмет шектеулі, пайдалы қазбалаларды өндіруге байланысты ішінара көшіп-қону жиіледі.
Эбола қалай жұғады?
Эбола вирусы тұмау немесе COVID-19 сияқты ауа арқылы таралмайды. Негізгі жұғу жолы – жұқтырған адамның биологиялық сұйықтығымен (қан, сілекей, құсық және т.б.) тікелей байланыс, сондай-ақ ластанған заттар (киім, төсек-орын) арқылы беріледі.
Сонымен қатар вирус жануардан адамға да жұғуы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі әдетте 2 күннен 21 күнге дейін созылады. Негізгі белгілері: қызба, құсу, диарея, әлсіздік, тамақ ауруы, бұлшықет ауыруы, құрғақ жөтел. Кей жағдайларда ішкі және сыртқы қан кетулер байқалады.
Қай елдерде тіркелді
Қазір ауру Конго мен Угандада тіркелген. CBS мәліметінше, алты америкалық жұқтырғандармен байланыста болған. Олардың бірінде ауру белгілері байқалғанымен, нақты диагноз расталмаған. Қазақстанда әзірге адамдардың мұндай вирус жұқтырғаны туралы ақпарат жоқ.
Індетті тежеу шаралары
Індет расталғаннан кейін Африкалық ауруларды бақылау орталығы Конго, Уганда және Оңтүстік Суданның денсаулық сақтау органдарының қатысуымен шұғыл кеңес өткізді. Оған сондай-ақ донор елдер (АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ), БҰҰ ұйымдары және қайырымдылық қорлары қатысты.
Қабылданған шаралар:
- халықаралық серіктестер ресурстарын жұмылдыру
- шекарада арнайы топтарды орналастыру
- жоғары қауіп тобына жататындарды оқшаулау
- эпидемиологиялық бақылауды күшейту
- байланыста болған адамдарды анықтап, бақылауға алу