ЕАЭО-ға мүше елдер енді өзара ғылыми кадрлармен алмаса алады

3 Сәуір, 16:21 806

Бүгінгі Сенат отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заңның негізгі мақсаты – 2023 жылғы 8 маусымда Сочи қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау.

Сенатор Алтынбек Нухұлы ратификацияланып отырған келісім Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны аясында тануды көздейді және білім беру, ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын айтты.

Келісім Еуразиялық одақ кеңістігінде еңбек ресурстарының еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы еңбек нарығын нығайтуға бағытталған, сондай-ақ азаматтардың кәсіби қызметіне қол жеткізуге қолайлы жағдайлар жасайды. Қорыта айтқанда, заң ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандырады және Еуразиялық одаққа мүше елдердің білім беру жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз етеді, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржылық шығындарға алып келмейді, - дейді сенатор.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес, Мәжіліс қабылдаған «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: