Еңбекқор адамның жетістікке жетері сөзсіз – Артур Баймаханов

7 Шілде 2022, 09:03 5604

Бас көлік прокурорының аға көмекшісі, философия ғылымдарының PhD докторы Артур Баймахановпен сұхбат

Бүгін біз Бас көлік прокурорының аға көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі, 10 жылдан аса мемлекеттік қызмет атқарып келе жатқан, философия ғылымдарының PhD докторы Артур Баймахановпен сұхбат құрдық. Кейіпкеріміз биыл Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Жылдың ең үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауына қатысып, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алпыстан астам мемлекеттік органдардың ішінен жеңімпаз атанды. Осыған орай Артур Әлішерұлына бірнеше сауалымызды қойған едік.

– Артур Әлішерұлы, ең алдымен, мемлекеттік қызмет саласына қалай келдіңіз, еңбек жолыңыз қайдан басталды, соған тоқталып өтсеңіз.

– Прокуратура органдары, өздеріңіз білетіндей, әділеттілік, заңдылық қағидаттарын ұстанатын әрі оның бұлжытпай орындалуын қадағалайтын орган болғандықтан, аталған ведомствода жұмыс істеуді мақсат тұттым. Еңбек жолым 2012 жылы маусым айында Қызылорда облысы Сырдария ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан басталды. Ары қарай Қызылорда облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының прокуроры, сосын осы басқарманың аға прокуроры, кейіннен Қызылорда қаласы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы, сондай-ақ Қызылорда облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығыны орынбасары қызметтерін атқардым.

– Жақында ғана «Жылдың ең үздік мемлекеттік қызметшісі» атандыңыз. Бұл байқау қандай деңгейде өтті, байқаудан алған әсеріңіз?

– «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Конкурста республика бойынша 700-ден астам үміткер бақ сынады. Мен алдымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен аймақтық іріктеу кезеңіне қатыстым. Елорда бойынша алпыс үштей мемлекеттік орган болса, содан екі адам жеңімпаз деп танылды. Бұл қатарда мен де болдым. Байқауда бірінші эссе жазып, одан кейін тестілеу кезеңіне өтіп іріктелдік, сонымен қатар мемлекеттік қызметті дамытуға байланысты жоба әзірледік. Жоба аясында онлайн түрде ұйымдастырылған аймақтық комиссия алдында өзіме қойылған өткір сұрақтарға жауап бере келе, нәтижесінде, жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Мұнда да тапсырмаларды орындап, бірнеше турдан өтіп, онлайн дауыс беру қорытындысымен үздіктердің қатарынан көріндім. Әрине, бұл мен үшін өте қуанышты жағдай. Конкурсқа прокуратура органдарының атынан қатысып отырғандықтан, «Жылдың ең үздік мемлекеттік қызметшісі» атану үлкен мәртебе. Байқауға қатысу арқылы мол тәжірибе жинадым. Мәселе, жеңіп-жеңбеуде емес, көпшіліктің алдына шығып идеяңды бөлісу, жасаған жобаңды қорғаудың өзі біліктілікті шыңдайды десем қателеспеймін.


– Байқауға ұсынған жобаңыз туралы толығырақ білсек.

– Байқауға «ITergeu» атты жоба ұсындым. Бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жеңілдететін, оңай шешу жолдарын қарастыратын компьютерге арналған бағдарлама. Өзім цифрлық даму негіздемесіне сай IT (информациялық технологиялар) саласын үйреніп жүргеніме бір жылға жуық уақыт болды. Соның аясында бағдарламалау тілін меңгеріп, жазып шықтым. Оған авторлық куәлік те алдым. «ITergeu» бағдарламасынан көбінесе жас мамандар, тергеушілер, анықтаушылар әрбір қылмыс құрамы бойынша тергеу қалай жүргізу керек, сарапшыларға қандай сұрақтар қою керек, қандай дәлелдемелерге назар аудару керек, соны қадам-қадаммен түсініп, өзінің пайдасына жарата алады. Сонымен қатар мәліметтерді оңай жолмен алуға мүмкіндік тудырады. Мысалы, ұрлық санатындағы қылмыс болса, аталған санаттағы қылмыстар туралы бүкіл мәліметтер жинағы ұсынылады. Бұл қазіргі таңдағы дебюрократизация, яғни қағазбастылықты азайту, халыққа тез және сапалы қызмет көрсету мақсаттары жолында жасалған жоба деп айта аламын. Сондықтан бағдарламам халық игілігі үшін пайдаланылады деген сенімдемін.

– Түсінікті. Сондай-ақ биыл ғана PhD докторлықты қорғаған екенсіз. Сіздің диссертацияңыз несімен өзекті? Ғылымға бет бұруыңыздың себебі қандай?

– Өз басым студенттік кезден бастап ғылыми жұмыспен айналысқанды жақсы көретінмін. Осы құлшыныспен магистратураны да бітірдім. Түрлі қызметтерді атқарып жүрсем де, қосымша ғылыми жұмыспен айналысып, кітаптар жазып, ғылыми жаңалықтар ашқым келді. Өзіміздің прокуратура жүйесінде Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау академиясы жұмыс істейді. «Ғылым – теңіз, білім – қайық» деген емес, пе, білімімді шыңдап, біліктілігімді арттыру мақсатында аталған академиядың докторантурасына түстім. Оқу аясында бірталай тәжірибе жинап, ғылыми білім алдым. Осының арқасында бірнеше жобаларды жүзеге асырдым. Биыл диссертациялық қорғау болып докторлық PhD дәрежесіне ие болдым. Диссертациям тікелей балалардың құқығын қорғауға қатысты. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы балалар жылы деп жариялады. Сол себепті, бұл еш уақытта өзектілігін жоймайтын тақырып дер едім.

– Сіз үшін жетістікке жетудің формуласы қандай?

– Мемлекеттік қызметші болсын, жеке кәсіп иесі болсын, жетістікке жеткен әр адамның өзіндік формуласы бар деп ойлаймын. Әрине, өмірде мұның универсалды формуласы жоқ та шығар. Ал өз басым ең бірінші еңбекқорлықты атар едім. Еңбекқор адам түбінде бір нәтижеге жететіні сөзсіз. Оған белсенділікті және жауапкершілікті қоссақ болады. Сондай-ақ «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, халыққа, қоғамға пайдам тисін деген адал ниеті болса құба-құп. Міне, осы төрт қасиеттен тұратын формула өзектілігін ешқашан жоймақ емес. Бұларды ұстанып келгендіктен, өзім де бүгінгі жетістіктерімнің куәсі болып жатырмын.


– Мемлекеттік қызметке келемін деген жастарға қандай кеңес бересіз?

– Алдымен қазір ғана жоғарыда айтып кеткен формуланы атар едім. Мұның басында жауапкершілік қасиеті өн бойы озық тұрады. Қазір дамыған заман деп көп айтамыз. Осыған сай заманның талабы да өте жоғары. Мемлекеттік қызметші болған соң сөзсіз тек бір мамандық бойынша білімін арттыру қажет. Бәсекеге қабілетті болу үшін қосымша шет тілдерін, IT саласын меңгеріп, жан-жақты шыңдалып отыру керек. Сонымен қатар «елге адал қызметім – абыройлы міндетім» деп нәтижелі жұмыс істеуді мақсат тұтса, сол қызметте мәртебесі биік болары сөзсіз.

– Енді отбасыңыз туралы айтсаңыз. Артур Әлішерұлы үйінде қандай әке? Бала тәрбиелеуде ұстанатын қағидаңыз бар ма?

– Мен көпбалалы әкемін. Халқымызда «Балаңды тәрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген даналық сөз бар. Осыған орай оларға өзім үлгі болуға, махаббатын аямай жақсы көретін, мейірбан, баласүйгіш, қамқорлық жасаудан шаршамайтын әке болуға тырысамын. Әрине, бірінші кезекте әке-шешеміздің бізге берген тәрбиесінен бағыт алып, балаларымызға да сондай тәрбие сіңіреміз. Атап айтсам, адамгершілік, біреудің ала жібін аттамау, өтірік айтпау, білімге құштар болу, өнерге жақындық, жан-жақтылық, адамдарға жанашырлықпен қарау, үлкендерге құрмет көрсету сияқты қазақи тәрбие біздің отбасымыздың қағидасы болды. Бүгін міне, бұл қағида ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қазір қолымда ақылын айтып отырар анам бар. Тәрбиеге көп атсалысатын, көңіл аударатын да сол кісі. Сондықтан әжесінің, ата-анасының тәрбиесін теңдей алып жүрген ұл-қыздарым елімізге адал қызмет атқарып, азамат атына сай болып өседі деген сенімдемін.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған

Бөлісу: