Астанада Дзюдо федерациясының кезекті конференциясы өтті. Онда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар жиын соңында кадрлық өзгерістер орын алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Федерация баспасөз қызметінің ақпаратынша, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев бас хатшы қызметінен босап, федерациясының вице-президенті болып тағайындалды.
Асхат Жіткеев 2011–2012 жылдары Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасын басқарған, ал 2012 жылдан 2019 жылға дейін Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры қызметін атқарған.
2023 жылдың сәуір айынан бастап Азия дзюдо одағының рефери-директоры лауазымында жұмыс істеп келеді.
Ал Тимур Болат бас хатшы қызметіне тағайындалды.
Конференция барысында өңірлік федерация өкілдерінің есептері тыңдалып, Қазақстан облыстарында дзюдо спортын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.