14.10.2025
21:02
651
Джо Диспензаның кітабы алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді

Джо Диспензаның кітабы алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді

Астанада Meloman Publishing пен Foliant баспасы, инновациялық Kazfeltec компаниясымен бірлесе отырып, тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлер доктор Джо Диспензаның «Ақылдың мүмкіндігі шексіз» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл – жай ғана бір кітаптың жарық көруі емес. Бұл – миллиондаған адамның ойлау жүйесін, денсаулығын және өмір сапасын өзгертуді мақсат еткен ғаламдық идеялардың енді әрбір қазақстандыққа өз ана тілінде қолжетімді болуының айғағы.

Meloman Publishing пен Foliant баспасы соңғы жылдары қазақ тілін еліміздің зияткерлік және мәдени кеңістігіндегі негізгі тілге айналдыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар жергілікті авторларды қолдаумен қатар, әлемдік деңгейдегі ең танымал шығармаларды қазақ тіліне аударып, қоғамды шабыттандыруға және дамытуға үлес қосуда.

Бұл жолы аударылған – Джо Диспензаның «Ақылдың мүмкіндігі шексіз» кітабы.

Фолиант баспасында non-fiction жанрына арналған арнайы бөлімнің бас редакторы Ләззат Кемелбаеваның айтуынша, бұл кітап жеңіл тілмен жазылған және адамның санасын өзгерту арқылы өмірін жақсартуға болатынын түсіндіреді.

Автордың ғылыми-зерттеу бағыты да осы – адамның миы мен санасының мүмкіндігін пайдалану арқылы болашағын жақсарту, – дейді Ләззат Кемелбаева.

Аудармадан бастап редакциялау сияқты бірнеше кезеңнен өткен бұл еңбек шамамен бес-алты айдың ішінде дайын болды. Қолдау көрсеткен серіктестердің арқасында кітап жарыққа шықты, – дейді бас редактор.

Жаңа еңбектің алғашқы таралымы – 2000 дана. Егер сұраныс арта түссе, баспа кітапты қайта басып шығаруды жоспарлап отыр. Оқырмандар туындыны Meloman дүкендерінен немесе Kaspi.kz платформасы арқылы сатып ала алады. Бағасы шамамен - 5000 теңге.

Жалпы, Диспензаның еңбектері – өзін-өзі дамыту және мотивациялық бағыттағы үздік кітаптар. Жаңа еңбегінде автор медитация жасау тәсілдері, тыныс алу техникасы мен “ақыл картасы” арқылы армандарға жету жолдарын түсіндіреді. Егер адамның миы мен жүрегі үйлесімді жұмыс істесе, оның энергиясы да оң бағытқа өзгереді. Эмоция мен ой жақсы болса, болашақ та соған сай жарқын болмақ, – дейді Ләззат Кемелбаева.

Туындының қазақ тілінде жарық көруіне мұрындық болған жобаның серіктесі – Kazfeltec компаниясы. Бұл – Қазақстанда қой жүнінен экологиялық таза, жылу мен дыбыс оқшаулағыш панельдер өндіретін бірегей кәсіпорын. Компанияның бұл мәдени бастамаға қолдау көрсетуі – оның тек өндірістік салада ғана емес, қоғамдық сана мен рухани даму бағытында да белсенді ұстаным ұстанатынын көрсетеді.

«KazFeltec» ЖШС басшысы Ерлан Жаңабергеновтың айтуынша, бұл жобаға қуана қолдау білдірген.

Өйткені ең алдымен қазақ тілін дамытуға, қазақ тілінде сапалы кітаптардың шығуына өз үлесімізді қосқымыз келді. Бұл бағыттағы бастамаларды біз өте құптаймыз, - деді кәсіпорын басшысы.

Сонымен қатар ол Джо Диспенза — әлемге танымал автор екенін, ал оның еңбектері адам санасын дамытуға, ойды өзгерту арқылы өмірді жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Осындай жақсы автордың, жақсы кітаптың қазақ тілінде шығуы - біз үшін үлкен қуаныш. Бұл - өте сәтті коллаборация болды деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар мен бірлескен жобалар болса, біз әрқашан қолдауға дайынбыз, - деді «KazFeltec» ЖШС басшысы Ерлан Жаңабергенов.

Тұсаукесерге келген оқырмандар мен қатысушылар Джо Диспензамен виртуалды байланыс арқылы интерактивті ретритке қатысты.

Бұл кітаптың жарық көруі – тек баспа ісінің жетістігі емес, қазақстандық қоғамның рухани және зияткерлік дамуындағы маңызды белес.

Meloman, Foliant және Kazfeltec компанияларының бастамасы – білімге, инновацияға және ана тіліне деген құрметтің үйлесімін көрсететін айқын мысал.