Джиу-джитсу: қазақстандық спортшылар әлем чемпионатының командалық есебінде топ жарды

13 Қараша 2023, 23:13 1157

10-12 қараша күндері Даугавпилс қаласында (Латвия) өткен комбат джиу-джитсудан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жарысқа жер-жаһанның 29 елінен 600-ге жуық спортшы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының 80 спортшысы бар.

Жасөспірімдер арасындағы Граунд Файт бағдарламасында жерлестеріміз 6 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлдеге ие болса, ересектер арасындағы сайыста отандастарымыз 6 алтын, 4 күміс және 14 қола медаль жеңіп алды. Клосс контакт бойынша өткен жекпе-жекте жасөспірімдер – 6 алтын, 6 күміс және 4 қола, ересектер – 9 алтын, 8 күміс және 8 қола, Cелф жарысында 2 алтын, 5 қола медаль олжалады. Ал Фулл контакт бағдарламасында жасөспірімдер – 6 алтын, 3 күміс және 4 қола, ересектер – 11 алтын, 9 күміс және 4 қола жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынға Украина, үшінші сатыға Қырғызстан спортшылары жайғасты.

Біздің спортшылар әлем чемпионатында керемет нәтиже көрсетті. Жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көріну – өскелең ұрпақ үшін жақсы үлгі, тамаша жетістік. Құрама спортшыларын, оның ішінде жаттықтырушылар штабын шын жүректен құттықтаймын. Әрі қарай да жанкүйерлеріңізді жарқын жеңістермен қуантасыздар деп үміттенемін, - деді туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Перизат Саденова
Бөлісу: