29.10.2025
14:39
619
Джибриль Сиссе: футболшы, актер, музыкант әрі бұзақы

Джибриль Сиссе: футболшы, актер, музыкант әрі бұзақы

Көпшілік оны француздың әйгілі «Такси» фильміндегі эпизодтық рөлі арқылы немесе «Ливерпуль» сапындағы ауыр жарақаты мен Лига чемпионаттарындағы тарихи жеңісі арқылы таниды. Ал футбол жанкүйерінің есінде Джибриль Сиссе сегіз елде ойнап үлгерген, алайда өз әлеуетін толық аша алмаған шабуылшы ретінде есте қалды. Бүгінде ол бутсасын диджей пультіне айырбастап, сахна мен музыка әлемін бағындыруда.

Футболдағы жалын және сөнген үміт

Кот-д’Ивуардан көшіп келген отбасының кенжесі Джибриль Сиссе кәсіби мансабын небәрі 17 жасында «Оссер» клубында бастады. Оның бағын ашқан адам – аты аңызға айналған бапкер Ги Ру. Ал кумирі – «Алтын доп» иегері Жан-Пьер Папен. Алты маусым ішінде Сиссе 90 гол соғып, Франция кубогын жеңіп алды және елдің үздік сұрмергені атанды.

2002 жылы ол Франция құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысып, дәл сол кезде Зинедин Зидан оның ойынына тәнті болып, «Реалдың» қызығушылығын жеткізген. Бірақ Сиссе «Ливерпульмен» келісімшартқа қол қойып қойған еді. Англияға келген бойда Жерар Улье оны негізгі ойыншы ретінде көргенімен, көп ұзамай команданы Рафаэль Бенитес қабылдады.

Сиссе бабында еді, бірақ бір сәтте бәрі өзгерді – ол аяғын қос сүйегінен сындырып, тіпті ампутация қаупі төнді. Дәрігерлердің шұғыл араласуы арқасында аяғы сақталып қалды. Жеті айдан кейін ол алаңға қайта оралып, «Миланмен» өткен финалда гол соғып, «Ыстамбұл ғажайыбының» қаһармандарының бірі атанды.

Келесі маусымда ол УЕФА Суперкубогын және Англия Кубогын жеңіп алды, бірақ 2006 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында тағы да аяғын сындырып алды. Кейін «Марсельге» ауысып, алғашқыда ойыны жүрмегенімен, қайта түлеп, 37 голмен көзге түсті. Сол жылдары Сиссе «Такси 4» фильмінде эпизодтық рөлде ойнап, экран алдындағы алғашқы тәжірибесін жинады.

Карьерасының соңғы жылдарында ол әлемнің түкпір-түкпірін аралады: «Сандерленд», «Панатинаикос», «Лацио», «Әл-Гарафа» (Катар), тіпті Ресейдің «Кубань» сапында да өнер көрсетті. Соңғы жылдарын Франция, Швейцария және Италия клубтарында өткізіп, 35 жасында мансабын аяқтады.

Даңқ пен дау-дамай

Алаңнан тыс жерде Сиссе әрдайым жарқын, бірақ даулы тұлға болатын. Ол бірнеше рет құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Ертеректе жасөспірімге қол көтеріп, айыппұлмен құтылған. Кейін британиялық таблоидтар оның жүкті әйелімен жанжалдасқаны туралы жазды, бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталмады.

Сиссе жол ережесін жиі бұзып, мас күйінде көлік жүргізгені үшін бірнеше рет жүргізуші куәлігінен айырылған. Бір жолы досымен бірге «Крик» фильмінің кейіпкері бейнесінде супермаркетке баса-көктеп кіріп, тағы да шу тудырған.

Ең үлкен дау 2015 жылы шықты: Сиссе Франция құрамасындағы серіктесі Матьё Вальбуэнаға қатысты қоқан-лоқы жасады деп айыпталды, Карим Бензема екеуі Вальбуэнаның құпия видеосын жариялаймыз деп қорқытқан көрінеді. Алайда Сиссе өзін ақтап шыққанымен, бұл оқиға оның беделіне нұқсан келтірмей қоймады.

2024 жылы француз полициясы оны салықтан жалтару және заңсыз табысқа қатысы бар деген күдікпен тергеді. Сот нәтижесінде ол сегіз ай шартты жаза алып, айыппұл төлеумен құтылды.

DJibril: алаңнан сахнаға

Футбол мансабының соңына қарай Сиссе жаңа бағытқа бет бұрды – ол диджей болуды армандады. Жарық софиттер мен түнгі өмір оны әрдайым қызықтыратын. Ерекше шаш үлгілері, сәнқойлық пен батыл бейнелер оны таблоидтардың сүйікті кейіпкеріне айналдырды.

Сиссе сахнада өзін еркін сезінді. Париждегі клубтарда Mr. Lenoir лақап атымен өнер көрсете бастады, кейін өз киім брендын ашты. 2016 жылы Мэрайя Кэридің Париждегі концертіне қатысып, бүгінгі таңда DJibril Cissé атымен Еуропаның ірі фестивальдарында, тіпті стадиондарда ойнап жүр.

Жақында ол әйгілі Fred Perry брендімен серіктестік орнатып, брендтің елшісі атанды. Ал жазда Oakley спорттық көзілдірік брендімен коллаборация жасап, модель ретінде жарнамаға түсті. Оның айтуынша, диджеинг – жай хобби емес, өмірінің екінші тынысы.

Streets Won’t Forget

Сиссе бүгінде Францияның тележобалары мен мәдени шараларында жиі бой көрсетеді. Ол тіпті Венеция кинофестивалінде француз режиссері Филипп Пети түсірген Beating Sun фильмінде өзін сомдаған.

Биыл мамыр айында ол туған қаласы Оссерде аңыздар матчын ұйымдастырып, Тьерри Анри, Дидье Дрогба, Робер Пирес сияқты жұлдыздарды жинады. Ойын соңында жанкүйерлеріне алғыс айтып тұрып, көзіне жас алған сәті көпшілікті толқытты.

Джибриль Сиссе – тек футболшы емес, шынайы шоу-бизнес феномені. Ол алаңда жарқырап, ауыр жарақаттардан қайта оралды. Кейін музыка, сән және кино арқылы өзін жаңа қырынан танытты. Оның өмірі – спорттан сәнге, трибунадан сахнаға дейінгі әсерлі жол.

Бәлкім, ол футбол әлеміндегі өз әлеуетін толық аша алмаған шығар. Бірақ бір нәрсе анық: Джибриль Сиссе – ұмытылмас, жарқын және қайталанбас тұлға.