2025 жыл Қазақстан мәдениеті үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Бұл жылы әлемге танымал Дженнифер Лопес пен Джеки Чан Қазақстанға келіп, халықтың ыстық ықыласына бөленсе, Димаш Құдайберген әлемдік ареналарды бірінен соң бірін бағындырып, ел мерейін асқақтатты. Ендеше, Жылан жылы несімен есте қалды? Бірге шолып көрейік.
Жылан жылындағы маңызды мерейтойлар
Биыл елімізде ұлы тұлғалар мен тарихи даталарға арналған көптеген іс-шара өтті. Бұл мерейтойлар белгілі қайраткерлерді еске алумен ғана шектелмей, ұлттық мәдениетті дәріптеуге, рухани мұрамызды кеңінен танытуға өз үлесін қосты.
Атап айтқанда, Ұлы қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, жазушы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Қазақстанның халық әртісі, композитор Нұрғиса Тілендиев пен Әбілахат Есбаевтың 100 жылдықтары және тағы да басқа айтулы тұлғалардың мерейтойы атап өтілді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы биыл алғаш рет онкүндік ретінде өтті. Мерейлі дата аясында кешенді жоспар бектіліп, халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараларды ұйымдастыруға жүздеген мәдениет қызметкері, аспаз, техникалық мамандар, 500-ден астам волонтер және ауданнан келген ардагерлер, салт-дәстүр білгірлері жұмылдырылды. 1-10 тамыз аралығында 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба қамтылды.
Сонымен қатар Абайдың 180 жылдығына орай Рим қаласында ұлы ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл маңызды оқиға Италия халқының назарын аударып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл – елдеріміз арасындағы берік байланыс пен қазақ ойшылының ортақ мәдени тарихтағы орынын айшықтайды.
Оған қоса Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға Президентіміздің Ереванға жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.
Ал тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері қатысқан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Ескерткіш Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы рухани және әдеби бірліктің символына айналды.
2025 жылғы мәдени оқиғалардың ішінен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын ерекше атап өткен жөн. Атаулы күн ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енді. Бұл – композитордың әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесін айқындайтын оқиға. ЮНЕСКО композитордың қазақ дәстүрін, фольклорлық мұра мен заманауи музыканы үйлестіре білген кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.
Ең үздік 100 кітап анықталды
Елімізде ең үздік таңдаулы 100 кітап белгілі болды. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып атап өтілді. Осы мерекеде қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба – «100 кітап сауалнамасы басталып, Абай күні қарсанында аяқталды. Сауалнама еGov.kz порталында жүргізілді. 3 айға созылған сауалнамаға 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауын жасады.
Қызылорданың тұңғыш астана атанғанына бір ғасыр толды
Биыл Қызылорда қаласының тұңғыш астана болғанына 100 жыл болды. Осы айтулы датаға орай Сыр өңірінде тарихи-тағылымдық мазмұндағы бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, мерейтой шаһар жұртшылығының қатысуымен жоғары деңгейде аталып өтті.
1925 жылы ел астанасы болған Қызылорданың ұлт руханияты мен мемлекеттілік тарихындағы орны айрықша. Ғасырлық мерейтой аясында өткен ғылыми конференцияларда ғалымдар мен тарихшылар бас қосып, өткен дәуірдің тағылымды беттерін қайта зерделеді.
Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы атанды
2025 жылы Ақтау қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болды. Ақтау бұл мәртебені абыроймен атқарды.
Жыл бойы мыңдаған әртістерді, ғалымдарды және қонақтарды біріктірген 30-дан астам ірі халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында музыка, эпос, фольклор және би фестивальдері, шығармашылық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған түрлі байқаулар бар.
Әлемдік жұлдыздар Қазақстанға келді
2025 жылдың 21 маусым күні Алматыда америкалық «30 Seconds to Mars» рок тобының концерті өтті.
«Спартак» стадионында ұйымдастырылған бұл кеш ұжымның 2025 жылғы жазғы туры аясындағы алғашқы шоуы әрі Орталық Азиядағы жалғыз концерті болды.
Америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопес 2025 жылғы Up All Night: Live атты әлемдік туры аясында Қазақстанның екі қаласында өнер көрсетті.
1 тамызда әнші Астанадағы «Астана Аренада», ал 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда концерт берді. Әр шоу шамамен екі сағатқа созылып, көрерменге толы трибуналарда өтті.
Ал аты аңызға айналған «Backstreet Boys» тобы 2025 жылдың 19 қыркүйегінде Алматының Орталық стадионында концертін өткізді. Оған шамамен 27 мың көрермен жиналды.
Сондай-ақ олар 21 қыркүйек күні елордадағы «Астана Арена» стадионында концерт берді. Шараға Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа 45 елден 12 000-нан астам турист келген. Осылайша танымал топ Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті.
2025 жылғы 25 қыркүйекте әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыға ұшып келді.
Киножұлдыз Қазақстанда жаңа блокбастер түсіруді жоспарлап отыр. «Құдай сауыт-сайманы» фильмінің түсірілім орны ретінде дәл Маңғыстау қаласын таңдады. Жоба бойынша дайындық және ұйымдастыру жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасатын болады.
Қазақстандық әншілер шетелде өнер көрсетті
Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген 2025 жылдың 5 қазанында Нью-Йорктің аңызға айналған сахнасы – Madison Square Garden-де «Stranger» атты жеке концертін өткізді. Ол ТМД елдері бойынша Madison Square Garden-де концертін өткізген алғашқы қазақстандық әртіс атанды. Зал көрерменге лық толды.
Ал 12 қараша күні Лондон төрінде өнер көрсетті. Сүйікті әншісінің өнерін тамашалауға әлемнің қиыр-қиырынан мыңдаған көрермен жиналды.
Осылайша ол 2025 жылғы 12 желтоқсанда Латвияның Рига қаласындағы Xiaomi Arena сахнасында өнер көрсетіп, ауқымды «Stranger» концерттік турын аяқтады. Турдың мәресіне жеткенін әнші әлеуметтік желідегі парақшасында да мәлімдеді.
2022 жылы Алматыда басталған бұл концерттік бағдарлама үш жыл ішінде әлемнің бірнеше қаласын қамтып, Ригада қорытындыланды. Қорытынды кеште Димаш көрерменмен қазақ, ағылшын және латыш тілдерінде сәлемдесіп, бұл концертті өзі үшін ерекше мәртебе деп атап өтті.
2025 жылдың 10 қарашасында Қазақстанның Халық әртісі, опера әншісі-сопрано Майра Мұхамедқызы Францияның Париж қаласында концертін өткізді.
Концерт Майра Мұхамедқызының шығармашылық жолының 30 жылдық мерейтойымен ұштастырылды. Кеш бағдарламасына француз, итальян, орыс, қытай және қазақ классикалық музыкасының туындылары енді.
2025 жылы 19 шілдеде қазақ опера әншісі Мария Мудряк Бейжіңдегі Мемлекеттік Үлкен театр сахнасында В.Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсындағы графиня Альмавива партиясын орындап, өнер көрсетулерін сәтті аяқтады.
Қойылымдар 2025 жылғы 15, 17 және 19 шілде күндері өтіп, көрермендер мен музыка сыншыларының үлкен қызығушылығын тудырды.
Мәдениет өкілдері марапатталды
Республика күні қарсаңында Алматыда мәдениет, өнер және медиа саласының 61 қайраткеріне мемлекеттік награда табысталды.
Оның қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, әнші Әлішер Кәрімов, танымал әнші Тамара Асар «Қазақстанның халық әртісі» атанды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Республика күніне орай түрлі саланы дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. «Грэмми» жүлдесін алған тұңғыш қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов «Құрмет» орденін алды. Ал актер Еркебұлан Тоқтар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.
2025 жылдың 26 қараша күні Астана қаласында мәдениет, ғылым, медиа және спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен талантты жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Танымал эстрада әншісі Еңлік Құрарбек «Эстрада» номинациясы лауреат атанса, танымал виолончельші Бағжан Есіркеп «Классикалық музыка» номинациясын жеңіп алды. Барлығы 20 жас түрлі номинация бойынша марапатталды.
2025 жылдың 22 шілдеде Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында «Мейкин Азия» IV халықаралық музыка фестивалінің финалы өтті. Фестивальдің жабылу салтанатында Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровтың жарлығына сәйкес, Қазақстанның халық әртісі, әнші әрі композитор Димаш Құдайберген «Қырғыз Республикасының халық әртісі» құрметті атағымен марапатталды.
Сондай-ақ ол БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі жаһандық ізгілік елшісі атанды. Бұл мәртебе 8 желтоқсанда Женевада өткен ХКҰ кеңесінің жыл сайынғы сессиясында жарияланды.
2025 жылы 15 қарашада «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығының табыстау рәсімі болды. Сыйлыққа ие болғандардың қатарында Қазақстаннан актер Еркебұлан Дайыров бар. Ол «Театр және кино» аталымы бойынша «Келешек мұрасы» сыйлығының лауреаты атанды.
Италияға іссапары барысында опера әншісі Мария Мудрякқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік марапаты табысталды. Биыл опера әншісінің шығармашылығы мен кәсіби мансабына 28 жыл толды.
Әйгерім Алтынбек Италиядағы байқауда бас жүлдені жеңіл алды
Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды.
Ол сондай-ақ байқаудың «Көрермендер көзайымы» жүлдесін, «Ең үздік әйел дауысы» номинациясын және Карло Майер атындағы арнайы сыйлықты иеленді. Айта кетейік, мұндай жетістікке Орталық Азиядан ешбір өнерпаз әлі қол жеткізбеген.
Қазақ фильмі Италиядағы фестивальде үздік атанды
Қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтың «Бауырына Салу» фильмі Италияның Иския аралында өткен 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Аталмыш туынды «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды
Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды. Орталық өнер, тіл және мәдени алмасуға және еліміздің мұрасын таныстыруға арналған ең ірі алаңға айналды. Орталық 2000-нан астам адамды қабылдап үлгерді. Мәдениет алаңы көрме, білім беру және ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайту жөніндегі тапсырмаларына толық сай келеді.
Бұған дейін 2025 жылы қабылданған заңдар туралы жазғанбыз.