14.08.2025
14:25
3224
Дженнифер Лопестің сахналық киімдерін қайта жаңартқан қазақстандық дизайнерлермен сұхбат

Дженнифер Лопестің сахналық киімдерін қайта жаңартқан қазақстандық дизайнерлермен сұхбат

1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемдік әнші Дженнифер Лопестің Қазақстандағы алғашқы концертіне елімізден және шетелдерден 20 мыңнан астам көрермен қатысты. Концерттің ұйымдастыру және шығармашылық жұмыстарына қазақстандық «DALA Kazakhstan» бренді белсенді атсалысты. El.kz порталының тілшісі жобаның шығармашылық жетекшісі, брендтің негізін қалаушы Жанна Мәлікова мен Дженнифер Лопестің жеке сахналық костюмдерін реставрациялаған бас дизайнер Асқар Еділбаевпен сұхбаттасып, концерт алдындағы және сахна артындағы дайындық барысы туралы әңгімелесті.

JLO-ның концертін ұйымдастыруға атсалысқан қазақстандық команданың тәжірибесі

Жобаның басталуы өте ерекше болды. Қазақстандық брендтің негізін қалаушы Жанна Мәлікова командасының бұл жобаға қалай таңдалғанын айтып берді.

Бұған дейін біз көптеген маңызды жобаларға қатыстық. Сол іс-шараларда өзімізді бренд ретінде де, кәсіби команда ретінде де жоғары деңгейде көрсете алдық. Сол тәжірибемізді байқаған концерт ұйымдастырушылары бізге Дженнифер Лопестің костюмерлер командасымен бірге жұмыс істеуді ұсынды, – дейді ол.

Жанна атап өткендей, бұрынғы жобалардағы кәсіби деңгей мен команданың үйлесімділігі олардың назарын аударған. Бұл ұсыныс – тек қазақстандық дизайнерлер үшін ғана емес, бүкіл елдің сән индустриясы үшін айрықша мәртебе болды.

Дайындық кезеңі қысқа, бірақ өте қарқынды өтті. Бір ай уақыт ішінде команда концертке толық дайын болу үшін өз жұмыстарын бастап кетті.

Ұсыныс бізге концертке бір ай қалғанда түсті. Бірақ соңына дейін нақты қандай міндеттер жүктелетінін, егжей-тегжейлі не істейтінімізді білмедік. Барлығы тек соңғы күндерде белгілі болды, бұл да бізге қызықты әрі күтпеген тәжірибе сыйлады, – деп еске алады Жанна.

Cурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Айтуларынша, шетелдік командамен концерттен бір күн бұрын ғана кездескен. 

Дәл сол күні біз алаңды көріп, жағдайды бағаладық. Сол кезде шамамен 200 дана костюм болатыны айтылды, – дейді Жанна.

Жанна Мәлікова жобаның шығармашылық жетекшісі ретінде тек ұйымдастырушылық қызмет атқарып қана қоймай, ассистент рөлінде де белсенді жұмыс істеген.

Егер тапсырмаларды біздің командамыз арасында бөлу қажет болса, Дженнифер Лопестің костюмерлері бұл жауапкершілікті маған жүктеді. Бірақ жалпы біз біртұтас команда ретінде тең дәрежеде жұмыс істедік. Себебі мен де ассистент рөлінде тікелей жұмыс процесіне қатыстым, – дейді ол.

Жаннаның айтуынша, ұйымдастырушылық міндеттерді бөліп, барлығын жүйелі түрде үйлестіру – жобаның сәтті өтуіне тікелей әсер етті. Бұл – команданың үйлесімділігі мен кәсіби деңгейінің маңызды көрсеткіші болды.

Жобаға барлығы 10 адам қатысқан, оның 7-еуі «DALA Kazakhstan» брендінің қызметкерлері. Олар: бас дизайнер, тігіншілер, пішуші, администратор және менеджер. Қалғандары – арнайы шақырылған стилистер.

Команда тәжірибесі мол, концерттерде костюмдермен жұмыс істеп көрген және ағылшын тілін меңгерген мамандардан жасақталды, – дейді Жанна.

Осы орайда Жанна Мәлікова шетелдік команда талаптарын да ерекше атап өтті.

Олардың басты талабы – әрбір костюмге өте ұқыпты қарау, ештеңені бүлдірмеу, барлық киімді бірдей ілу, әрқайсысын иесінің аты-жөнімен реттеп қою, ұсақ бөлшектерін жоғалтпау. Әр затқа аса нәзік әрі құрметпен қарау маңызды еді. Қуантатыны – олар кез келген сұрақта бізге көмектесіп, жылы қарым-қатынас орнатты. Командамыз ағылшын тілін меңгергендіктен, біз тікелей байланысып, жұмыс барысында өзара түсіністік таптық. Жалпы алғанда, олардың ұжымы өте достық пейілді, сондықтан бізге бірге жұмыс істеу жеңіл әрі қызықты болды, – деді ол.

Бұл жобаның қазақстандық команда үшін маңызы орасан болды.  

Әлемдік деңгейдегі жұлдыздың командасымен бірге жұмыс істеу – тек кәсіби тәжірибе ғана емес, сонымен қатар команда ретінде үйлесімділігімізді көрсетуге тамаша алаң болды. Осындай ауқымды іс-шараға қатысу брендіміздің беделін арттырып қана қоймай, жаңа серіктестер мен идеяларға жол ашты, – дейді Жанна Мәлікова.

Отандық брендтің командасы болашақта да осындай деңгейдегі халықаралық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр.

Мұндай тәжірибе бізді кәсіби тұрғыдан да, шығармашылық тұрғыдан да өсіреді. Әлемдік деңгейдегі командалармен жұмыс істеу – біздің көзқарасымызды кеңейтіп, жаңа стандарттар мен тәсілдерді үйретеді. Біз әрқашан жаңа мүмкіндіктерге ашықпыз және кез келген күрделі, қызықты жобаларға дайынбыз. Себебі әрбір тәжірибе – біз үшін ерекше белес, – дейді ол.

Дженнифер Лопес костюмдерін жаңартқан қазақ дизайнері

Қазақстандық брендтің бас дизайнері Асқар Еділбаев Дженнифер Лопестің сахналық костюмдеріне реставрация жасап шыққан.

Біріншісі – тиффани түстес шалбарлы костюм, оның дәл отыруы үшін өзін кішірейтіп, ішкі слиптердің енін азайттым. Екіншісі – кристалдар мен тастармен әшекейленген металл тордан тігілген қара комбинезон. Оның реглан пішініндегі иық жапсырмаларын қаптадым, – дейді Асқар.

Сахнаға шығатын бишілер мен бэк-вокалистердің костюмдері де басты назарда болды.

Біздің шеберлер тобы барлық бишілердің бодиін кішірейтті, портупеядағы бұралып кеткен ілгектерді ауыстырды, ақ жейделерге жаңа силикон ленталарын тікті. Испандық қызыл костюмдеріне жетіспеген тастар мен ілгектерді қостық. Бір бишінің жеңіндегі тас жапсырмасы Джей Лоның костюміне үнемі ілініп, оның терісін сызып кететіндіктен, үстін тор матамен жаптық. Қара костюмдердегі моншақ пен жылтырды қолмен қайта тіктік. Біздің костюмерлер тобымызға күнделікті менеджер, стилист болып істейтін әріптестеріміз де көмектесті, – деді ол.

Асқар үшін әлемдік жұлдызбен жұмыс жасау – жауапкершілікті одан сайын арттыра түскен.

Біз шеберлермен алдын ала ештеңені сапасыз жасамаймыз деп келістік. Себебі сенен кейін жұмысыңды біреу қайта өңдейтін болса, жұмысың үшін ұялмайтындай болуың керек. Костюмер Никола маған бір киімді көрсетіп, не істеу керегін айтты. Біз шеберлер Асидa, Гүлсезім және пішуші Арманмен бірге оны технологиялық кезеңдерге бөлдік, кімнің қолынан не жақсы келетінін таңдадық. Біздің жұмысымызды костюмерлер өте жоғары бағалады – тапсырған әр киімнен кейін біз «perfecto!» дегенді еститінбіз. Осы жобадан кейін бізде барлығы қолымыздан келетініне сенім артты, – деді бас дизайнер.  

Концерт кезінде күтпеген жағдайлар да орын алған.

Мені бишілерді сахна артында киіндіруге шақырады деп мүлде күтпеген едім. Таңғы 09:00-ден кешкі 19:00-ге дейін тігін машинасында отырып, Никиа портупеяны тез қалай бекітуге болатынын көрсеткен соң, маған сахна артындағы рұқсат қағазын берді. Концерттің ортасында қыздар костюмері жүгіріп келіп, бізді уақытша цехқа шақырды. Сол жерде Джей Лоның жеке костюмері маған киім реставрациялауға берді. «Қанша уақытым бар?» десем, «20 минут» дейді. Бұл нағыз емтихан, төзімділікті сынау болды. Бүкіл команда жүрек дүрсілін тыңдап, секундомермен күтіп отырды. Киімдер дайын болып, алып кеткен соң бәріміз терең тыныс алдық, – дейді Асқар.

Асқардың айтуынша, сахналық киім тек әдемі ғана емес, мықты, төзімді болуы керек. Дженнифер Лопестің киімдері де кәсіби сапада жасалған.

Қара комбинезон өте ұқыпты тігілген. Мен логотиптердің жанкүйері емеспін, сондықтан оны іздеген де жоқпын. Ал тиффани костюмінде «TheBlonds» брендінің жапсырмасы көзге бірден түсті. Бұл бренд медиа тұлғаларға арналған киім тігеді, – деді бас дизайнер.

Асқар Еділбаев болашақта әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеуге ниетті.

Әлемдік жұлдыздардың жеке өздерімен жұмыс істеген жоқпын, бірақ әншілерге, актерлерге, Англия мен Францияның корольдік отбасыларына арнап киім тіккенмін. Америкалық әншілер Леди Гага мен Мадонна – нағыз шоу жасай алатын өнер иелері. Болашақта олармен бірлесе жұмыс істеп көргім келеді. Соңғы Дженнифер Лопес концерттерінен байқағанымыздай, қазақстандық көрерменге жай ғана концерт жеткіліксіз, нағыз әсерлі шоу қажет. Біздің командамыз – мұны жақсы түсінетін әрі жүзеге асыра алатын кәсіби мамандар, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін айына жарты миллион теңге табатын жас шеф-кондитер жайлы жазған едік.