Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: тарихы мен маңызы қандай?

6 Қыркүйек, 17:16 2078

Бірер күннен кейін Қазақстан астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Форматы мен мазмұнынан баламасы жоқ жарыстың эстафетасын өз жерінде қабылдау Қазақстан үшін - үлкен мәртебе. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихы мен мән-мағынасына тоқталып өтті.

Көшпенділер ойындары — ежелгі көшпенді халықтардың дәстүрлі спорт түрлерін жандандыру, әлемге насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын ірі халықаралық спорттық шара. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда бастау алып, көпшілік арасында танымал болды. Бұған дейін де әртүрлі көшпенді халықтардың спорттық және мәдени шаралары өткізілгенімен, дәл осындай ауқымды деңгейде ұйымдастырылған кешенді шаралар тарихта болмаған.

Биыл көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатыспақ ниетте. Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр түкпірінен 100 мыңнан астам турист келуі тиіс. Садақ ату, ат спорты, саятшылық өнер, жамбы ату, арқан тарту тәрізді ойынның 20 түрінен жарыс, ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді. Еліміздің әр аумағында үш киіз үйден салынып, олардың әрқайсысы өз тарихын, мәдениетін, кәсібін насихаттайды.

Сонымен қатар, көшпенділер ойындарын өткізу себептерінің бірі – елімізге жұртшылықтың назарын аударып, болашақта туризмнің дамуына серпін беру.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінгені белгілі болды. Қонақтардың жатын орны мен олардың ас-ауқаттары шығынның басым бөлігін құрамақ.

Көшпенділер ойындарының билет құны да белгілі: ересектерге арналған билет бағасы 500 теңгеден 15 000 теңгеге дейінгі аралықты құраса, сайыс билеттерінің орташа құны 3600 теңге болады.

Сондай-ақ, ойындардың ашылу салтанаты қалай және қайда өтетіні анықталды. Іс-шараға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен облыстық шығармашылық ұжымдарды қоса алғанда, 3 000-ға жуық өнерпаз қатысады деп жоспарланып отыр. Ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында өтпек.

Бағдарлама ұлттық спорттың 21 түрін қамтиды. Атап айтсақ: Асық ату, Ордо, Арқан тартыс, Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Теңге ілу, Қазақ күресі, Ашыртмалы аба гүреши, Кореш (белбеу татар күресі), Көкбору - көкпардың аналогы, Алыш, Мас-рестлинг, Powerful nomad (алыптар сайысы), Тоғызқұмалақ (тоғызқорғұл), Мангала, Овари, Жамбы ату, Дәстүрлі садақ ату, Құсбегілік, Құраш (өзбек күресі).

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарда 100-ге жуық медаль жиынтығы таласқа салынады.

Ойындар астанамыздың 6 спорт нысанында өткізіледі «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны сарайы, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені.

«Қазанат» иппоромында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстар қатысуымен ұлттық спорт түрлері өткізілсе, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында қала қонақтарын күрес, жекпе-жек пен ұлттық ойындары күтеді.

«Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік тартыстар ұйымдастырылады.

Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аккредитация орталығы орналасады.

Ойындардың ғылыми іс-шаралары Ұлттық музейде өтеді. Ал шараның мәдени бөлігі театр, концерт залдары, кинотеатрлар, музей мен көрме павильондары сияқты елордамыздың түрлі алаңдарында өткізіледі.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бастауын қайдан алады? Тарихына үңіліп көрелік.

Ойындардың бастау алуы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді мәдениетті, оның ішіндегі спорт түрлерін халықаралық аренаға шығару және бұл мәдени мұраны сақтау мақсатын көздейді. Қырғыз үкіметі көшпенділердің өмір салтын әлемге таныту мақсатында 2012 жылы ойындарды ұйымдастыруды бастау туралы шешім қабылдады. Осылайша, алғашқы ойындар 2014 жылы Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтті.

Бірінші ойындар (2014 жыл)

Алғашқы ойындар 2014 жылдың қыркүйек айында Қырғызстанда өтті. Бұл шараға 19 елден 600-ден астам спортшы қатысты. Жарыс 10-нан астам көшпенді спорт түрлері бойынша өткізілді. Мәселен, көкпар, қазақ күресі, ат үстінде садақ ату, жамбы ату және түрлі ұлттық ойындар қамтылды. Осы ойындарда Қырғызстан көшпенділер ойындарының символына айналып, өз дәстүрлерін әлемге паш еткен болатын.

Екінші ойындар (2016 жыл)

2016 жылы өткен ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдер саны айтарлықтай өсті. 62 елден 1200-ден астам спортшы қатысты. Жарыс спорттың 23 түрі бойынша өткізілді. Бұл шарада көшпенді мәдениетінің байлығы мен алуантүрлілігі кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар, ойындар спорттық жарыс қана емес, көшпенді халықтар мәдениетін, қолөнерін, әдет-ғұрыптарының да көрмесін ұсынды.

Үшінші ойындар (2018 жыл)

2018 жылы өткен ІІІ ойындар қайта Қырғызстанда ұйымдастырылды. Бұл жолы іс-шара ауқымы кеңейіп, 80-нен астам елден 2000-ға жуық спортшы қатысты. Спортшылар 37 түрлі спорт түрі бойынша бәйгеге түсті. Оның ішінде жаңа спорт түрлері де енгізілді. Ойындардың басты ерекшелігі ретінде көшпенді мәдениетін сақтау мен дамыту мақсатында көптеген елдің қатысуы және қолдау көрсетуі болды.

Төртінші ойындар (2022 жыл)

2020 жылы пандемияға басталған кезде өтпей қалған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияда ұйымдастырылды. Бұл жолы ойындар Түркияның Изник қаласында өтті. Оған әлемнің әр түкпірінен келген 3000-нан астам спортшы қатысты. Шара көшпенді халықтардың спорттық ғана емес, мәдени және рухани өмірінің бір бөлігі болып табылатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ойындардың маңызы мен болашағы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын сақтау мен жаңғыртуға зор үлес қосып отыр. Ойындар - спорттық жарыс қана емес, көшпенділердің рухани және мәдени өмірінің маңызды бір бөлігі. Әрбір ойын барысында түрлі көшпенді халықтардың ұлттық киімдері, дәстүрлері мен өнері көрсетіледі. Осылайша, ойындар көшпенді мәдениетінің заманауи әлемде өз орнын тапқанын көрсетеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — бұл көшпенді мәдениеттің жандануының жарқын көрінісі. Ол болашақ ұрпақтарға ата-бабаларының бай мұрасын жеткізудің және сақтаудың маңызды құралы болып табылады. Ойындардың ауқымы жыл сайын қанатын кеңінен жайып, қатысушы елдердің саны артып келеді. Бұл шара - халықаралық аренада көшпенді мәдениеттің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде Көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек күндері өтеді.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: