Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Бүгін спортшылар 14 жүлде жеңіп алды

12 Қыркүйек, 20:01 433

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші жарыс күнінде 5 алтын, 7 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 32 алтын, 24 күміс, 27 қола жүлде бар.

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал көк бөрүден Қазақстан командасы Қырғызстан құрамасына 4:10 есебімен есе жіберіп, күміс жүлде алды.

Этноауылда теңге ілуден өткен жарыста Бекнұр Серіков – бес белес сайысынан, ал Рахат Қамбаров қос құлаш сайысынан алтын жүлде алды.      

Этноауылда құсбегіліктен іріктеу және жартылай финалдық сын өтті. Ұлттық құрама спортшылары бүркіт, қаршыға және сұңқар салудан финалға шықты.

«Арғымақ» ат-спорт кешенінде өткен дәстүрлі садақ атудан жарыс өз мәресіне жетті. Командалық сайыста Қазақстан құрамасы Аустралиядан келген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Садақшылар Көшпенділер ойындарын бір алтын, екі күміс, бес қола жүлдемен аяқтады.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында татар халқының көне ұлттық белбеу күресі көрәштен ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша жарыс өтті. Біржан Шаймерденов (90 келі) алтын жүлде алса, Әділет Шалғынбекұлы (64 келі) мен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) күміс жүлдеге ие болды. Бекнұр Бектай (75 келі) қола жүлде алды.

«Алау» мұз сарайында түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша жарыс өтті. Қазақстандық үш бірдей спортшы күміс жүлдеге ие болды. Олар Ернұр Сүлеймен (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Айдос Ғалымов (90 келі).

«Алау» мұз сарайында қырғыз халқының ұлттық ойыны ордодан Қазақстан құрамасы финалға шықты. Ақтық бәсеке 13 қыркүйек күні өтеді.

«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден өткен жарыста Әсел Далиева алтын жүлде алса, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлде иеленді.

Зарина Арман
Бөлісу: