М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың театралды шеберханасы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тұңғышбай Жаманқұлов актер, режиссер, театр педагогы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор. Өнер өлкесінде өзіндік ізі бар қайраткер биыл 75 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын қазақ сахнасының өсіп-өркендеуіне арнаған тұлғаны университет ұжымы ерекше құрметке бөледі.
Шеберханада өнер қайраткерінің кинодағы әйгілі картиналары ілінген, шеберхана ортасында студенттер қойылым қою үшін сахна орналасқан. Арнайы ашылған бұл шеберханада студенттер ұстаз тәлімін, өнер жолынан өнеге алады. Сахна шеберлігін шыңдайды.
Шеберхананың ашылуына орай поэзиялық композиция ұйымдастырылды. Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов құттықтау сөз сөйледі.
Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет және өнер кафедрасының студенттерімен бірге «Өнер адамы» әнін орындады. Өнер қайраткері университет кітапханасына өзінің бірнеше кітабын, диссертациясын және әндер жинағын тарту етті. «Өнер жолында да, өмір жолында да бақтарың жансын» деп студенттерге өз батасын берді.