Дулат Әлдербаев: Құжаттарын жоғалтқан шетелдіктер шекарадағы темір сым арқылы заңсыз өтуге тырысады

18 Тамыз, 11:00 681

Бүгін 18 тамыз – шекарашылар күні. Бес мемлекетпен шектесетін Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырымға жуық. Мемлекеттік шекараны қорғау – үлкен жауапкершілік. Бұл ретте шекарашыларға жүктелген жүк ауыр екені сөзсіз. Олар тәулік бойы қауіпсіздікті күзетеді. El.kz тілшісі ел шебін күзетіп жүрген шекарашылардың кәсіби мерекесіна орай ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Дулат Әлдербаевты әңгімеге тартты. Аса жауапкершілікті талап ететін маман иесі кез келген уақытта Отан игілігі үшін адал қызмет етуге дайын тұратын шекарашылардың біз біле бермейтін қиын да, ауыр қызметі туралы баяндап берді.

El.kz: 18 тамыз  – Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні. Жыл сайын осы дата шекарашылар күні ретінде аталып өтіледі. Сіз үшін бұл күннің маңызы қандай? 

Дулат Әлдербаев: Әрине, шекара соқпағына келген әрбір шекарашы үшін бұл күннің маңызы өте жоғары. Мемлекетіміздің басты белгісі егемендігі болса, онымен қатарласа мемлекеттік шекарасы да қатар тұрады деген ойдамын. Шекаралық ауданда өсіп-өнген адам болғандықтан бұл күнді ереше күтетінім рас. Тарих сахнасында 1992 жылдың 18 тамызы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, ҰҚК Шекара қызметінің қабырғасы құрылған күні болатын, ел шебінің тыныштығына жауапты шекарашылар үшін бұл күннің маңызы өте ерекше.

(Фото: Дулат Әлдербаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Түркістан облысында күзетілетін шекаралық аумақтың ұзындығы қанша? Өңірде неше шекара заставасы мен шекара өткізу пунктері бар? 

Дулат Әлдербаев: ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті көршілес Өзбекстан Республикасымен арадағы 1000-ға жуық шақырым жерді тәулік бойы күзетеді. Біздің аумақта 10-нан аса өткізу пункттері бар. Ал шекара бөлімшелері туралы ақпарат жариялауға жатпайтындықтан, ол жайлы мәлімет бере алмаймыз. Дегенмен шекара бөлімшелері мемлекеттік шекараны сенімді күзетуді тәулік бойы қамтамасыз етеді.  

El.kz: Аталған өткізу пунктерінің қайсысында контрабандалық әрекеттер көптеп тіркеледі және қай түрі? 

Дулат Әлдербаев: Бұл сұрағыңызға мына бір деректі келтірейін. ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті есірткінің рекордтық партиясын тасымалдауға талпынған деректің жолын кесті. Иә, заң бұзушылар оны мемлекеттік шекара арқылы алып өтпекші болған. Оқиға ағымдағы жылдың 31 мамыры күні Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының «Б. Қонысбаев» атындағы шекаралық бақылау бөлімшесінде болды. Біздің шекарашылар қызметтік итті пайдалана отырып, аяқ-киім креміне арналған ыдыстарда жасырылған күдікті заттарды тауып тәркіледі.
Сараптама көрсеткендей, заттардың құрамында героин есірткісі табылған. Оның жалпы салмағы 775 килограмды құрады және бұл ҰҚК Шекара қызметінің тарихында болмаған рекордтық жағдай. Табылған есірткінің «қара» нарықтағы құны 15 миллион доллардан асуы мүмкін.

Осы қылмысты жасады деген күдікпен екі шетелдік азамат ұсталды. Олар еліміздің заңы алдында өз істері үшін міндетті түрде жауап береді.

El.kz: ҰҚК Шекара қызметі бір ғана шілде айында шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңнамаларын 4560 бұзушы ұсталғаны туралы мәлімдеді. Олардың нешеуі Түркістан облысындағы шекара аумағында анықталған? Көбіне қандай заң бұзушылықтар кездеседі? 

Дулат Әлдербаев: Түркістан облысы бойынша департаментінің шілде айындағы көрсеткіші басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір жоғары болып келеді. Себебі бұл аумақтағы шекарадан өтетін жолаушылар мен көлік құралдары көп. Адам бар жерде кішігірім және үлкен деңгейдегі заң бұзу деректері орын алатыны рас. Сіз көрсеткен цифрдың ішінен біздің департаменттің шілде айындағы көрсеткіші 1629-ын құрайды. Оның ішіне мемлекеттік шекарадағы түрлі деңгейдегі заң бұзушылықтар, шекарадан қару-жарақ алып өту және діни әдебиеттерге қатысты болды. Көбінесе өткізу пунктерінен тыс жерден өтуге қатысты деректер тіркеледі.

Кей жағдайда бір ғана Түркістан облысында алды алынған заңбұзушылықтар ҰҚК Шекара қызметіне қарасты бірнеше департаменттің алдын орайды десем артық болмайды. Біз үздіктер қатарындамыз.

(Фото: Дулат Әлдербаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Жалпы жыл басынан бері түркістандық шекарашылар қанша заң бұзушылықты анықтады? Қай түрі, нақты тоқталып өтесіз бе?  

Дулат Әлдербаев: Түркістан облысы бойынша департаментінің жеке құрамы 19 мыңға жуық заңбұзушылықтың алдын алды. Бұл арнайы жүргізілген есептің деңгейіндегі қорытынды. Оның ішінде:

El.kz: Шекарада заң бұзушылар мезгілге қарай әртүрлі болады дегенді естігенім бар. Мәселен, жазда мал өткізу, көктемде жұмыс істеу үшін заңсыз шекара асу...  Расымен солай ма? Ал біздің өңірде қалай?  Тіпті Өзбекстан шекарасында сызықтан заңсыз өткендерді бірден атып тастайды дейді. Осы қаншалықты рас?

Дулат Әлдербаев: Мемлекеттік шекара шын мәнінде тірі организм сияқты, олай деуге себеп болатын нәрсе мынау: Шекара шебі тәулігіне түрлі жағдайларды бастан өткереді. Тіпті түрлі тағдырларды көз алдынан өткізеді десек те болады.

Жалпы мемлекеттік шекара тәуліктің жиырма төрт сағатында да мүлтіксіз қорғалуда. Кейбір кездері жоғары басшылықтан түскен бұйрықтар негізінде күшейтілген режимде жұмыс жасаймыз. Ал сіздің сұрағыңызға былайша жауап беруге тырысайын. Жыл сайын көктем және күз айларында еңбек мигранттарының шетелге шығуы және қайтуы кезінде өткізу пунктері маңында адам қарасы көбейетіні рас. Кейбір жағдайларда құжаттарын жоғалтқан шетелдіктер шекарадағы темір сым арқылы заңсыз өтуге тырысады. Бұл біріншіден заң талаптарын білмегендіктен болса, екінші жағынан заң талаптарына сай ол адам біздің елге кіру құқығынан айырылуы мүмкін. Осындай үлкенді-кішілі себептермен заңға қайшы әрекеттердің орын алу жағдайлары тіркелу үдерісі бар. Ал шекарадан заңсыз мал өткізу деректері қазіргі таңда орын алмағандықтан оған алаңдауға еш негіз жоқ.

Көршілес елмен арадағы шекараны күзету барысында шекара бұзушыға қару қолдану деректері орын алғанын өз басым естімеген жайт екен.

El.kz: ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов тілшілерге берген бір сұхбатында 2022 жылдан бастап шекараны қорғауда пилотсыз ұшу аппараттары қолданылып жатқанын және ол өз тиімділігін көрсеткенін айтқан болатын. Мұндай аппараттар Түркістан облысындағы шекара заставаларында бар ма? Тиімділігі неде? Және шекаралық бақылау мұнаралары заманауи инженерлік құрылғылармен жеткілікті жабдықталған ба? 

Дулат Әлдербаев: Иә, Шекара қызметі директоры айтқан бұл сөздің жаны бар. Заман ағымы бір орында тұрмайтындығы белгілі. Өз кезегінде біз көштен қалмау үшін барлық тәсілдерді қолдануға тиіспіз. Еліміздің кейбір өңірлерінде бұл пилотсыз ұшу аппараттары қолданылып, тәжірибеден өткені рас. Мұндай аппараттардың Түркістан облысындағы шекара бөлімшелеріне жеткізілуі жоспарлануда. Заманауи аппараттың келгені жеке құрамның қызметіне пайдасын тигізері сөзсіз. Біз бұл жаңа технологияны қолдаймыз әрі тезірек қолданысқа енуін күтеміз.

ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментіне биылғы жылы соңғы үлгідегі «Hilux», «JAC» автокөліктері мен «Baggi» атты квадроциклдер берілді. Бұдан бөлек әрбір шекара бөлімшесінің аумағы бейнекамералармен жабдықталған. Мұның барлығы ел шекарасын сенімді күзету үшін жасалған жағдайдың бір бөлігі деуге толық негіз бар.

(Фото: Дулат Әлдербаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: «Ақылды шекара», «Ақылды шекара бөлімшесі» жобаларына тоқталып өтіңізші... 

Дулат Әлдербаев: Біздің Түркістан облысы бойынша департаменттің Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасы негізінен құмды аумақтың күзетілуіне жауапты. Шекара бөлімшелері негізінен ескі типтегі тұрғын үйлерде орналасқан болатын. Ескінің аты ескі, жеке құрам үшін ыңғайсыздық тудыратын жағдайлар да бар еді. ҰҚК Шекара қызметі жоғарғы басшылығының қолдауы негізінде біз құмды өлкедегі шекара бөлімшелерін «Ақылды шекара бөлімшесі» жобасы негізінде модульді тұрғын жайларға ауыстырдық. Бұл үйлердің ерекшелігі жылдың қай мезгіліне де ыңғайлы. Жылытқыштары мен салқындатқыштары бар. Жалпы жағдайдың барлығы қарастырылған. Біз мұнымен тоқтап қалмай әлі де жаңарту, жетілдіру жұмыстарын жүргіземіз деген жоспардамыз.

Бұдан бөлек шекара бөлімшелері вахталық режимде қызмет атқарады. Бұл дегеніңіз жеке құрам жиырма тәулік қызметте болса, қалған он тәулікті үйінде демалыста өткізеді деген сөз.

El.kz: Осы ретте Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу бекетіне қатысты сұрағым келіп отыр. Бұл бекеттен шекараны кесіп өтушілер ұзын-сонар кезекті сағаттап күтетіндерін айтып,  шағым айтатынын жиі естиміз. Неліктен? 

Дулат Әлдербаев: Өте орынды сұрақ. Біріншіден «Жібек жолы» өткізу бекетіне жақын орналасқан «Қазығұрт» және «Қапланбек» өткізу бекеттері қайта құру, жөндеу жұмыстарына байланысты жабық тұр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында бұл бөлімшелер қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сол кезде адам ағыны азаяды деуге болады. Оның үстіне «Жібек жолы» өткізу бекетінің даңғыл жолдың бойында орналасуы және ол арқылы Ташкент қаласына жылдам бару мүмкіндігі жоғары болғандықтан халықтың басым көпшілігі осы бағытта жүруге тырысатыны рас. Сіз айтқан мәселелі сұрақтардың бәрі алдағы уақытта өз шешімін табатынына кәміл сенімдімін.

El.kz: Шекара қызметін ұйымдастырудың жаңа бағыты бойынша шекарашыларға қойылатын талаптар қандай? 

Дулат Әлдербаев: Енді біздің сала Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрамына кіретіндіктен ҰҚО қызметкері және әскери қызметшісінің оң имиджін қалыптастыру, ұжымдық мәдениетке өз үлесін қосатын әскери қызметкер болуы тиіс.

El.kz: Шекарашылардың Қарулы күштердің әскери мамандарынан қандай айырмашылығы бар? 

Дулат Әлдербаев: Елдің шетінде, желдің өтінде Отан алдындағы әскери міндетін атқарып жүрген шекарашылардың өзге әскер түрінен айырмашылығы – ұдайы жоғары жауынгерлік дайындықта, жауынгерлік қызметте жүретіндігі. Өзге әскерлерде әскери жаттығулармен айналысып «ықтимал жаумен» шайқасқа  теория жүзінде әзірленіп жүрсе, шекарашылар әрдайым қолдарына оқтаулы қару алып, мемлекеттік шекараны күзетумен, ары-бері өтетін адамдардың құжаттарын тексерумен және заңсыз көші-қонмен, контрабандамен күресумен айналысады.

Жалпы біздің саланың Қарулы Күштердің басқа да әскери мамандарынан басты айырмашылығы осы деп айтуға болады.

El.kz: Былтыр бірнеше Мәжіліс депутаты өңірлердегі шекара заставалары мен бекеттеріне барып, шекарашылардың жай-күйін өз көздерімен көріп қайтқан болатын. Депутаттардың бірі Самат Нұртаза тілшілерге берген сұхбатында шекарашы офицерлер қызмет бабымен әрі-бері көшіп, жұмыс ауыстырып жүргенде үйде отырып қалатын жұбайларына еңбек өтілі жүрсе деген тілегін жеткізді деген болатын. Себебі офицердің жарына застава маңынан жұмыс үнемі табыла бермейді. Бұл мәселе Шекара қызметі төңірегінде көтерілді ме? 

Дулат Әлдербаев: Әрине, шекарашы офицердің отбасы, балаларының болашағы - біздің жіті қадағалауымызда. Бұл сұрақ ҰҚК Шекара қызметі жоғарғы басшылығымен көтерілген, дәл қазір нақты бір шешім шықты деп айту қиындау. Әрине, депутат мырзаның ұсынысы дұрыс болар, бірақ бұл мәселе департаменттің көлемінде емес, жоғарғы басшылықтың деңгейінде қаралуы тиіс деген ойдамын.

(Фото: Дулат Әлдербаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Шекарашылар арасында сарбаздар үйіне неғұрлым жақын жерде қызмет етсе, соғұрлым қызметті дұрыс атқармайды, ал жас офицерді басқа аймақтарға жіберсе тез ысылады деген түсінік бар екен. Бұнымен келісесіз бе? 

Дулат Әлдербаев: Сарбаздардың қызметі туралы ондай пікір айтудан аулақпын. Барлығы да адамның сана-сезіміне байланысты. Одан бөлек бөлімше бастығының талапшылдығы мен бақылауы да маңызды. Әскери тәртіптің қатаң сақталуы бірінші орынға қойылған бөлімше әрқашанда үздік болуға лайықты. Ал офицерлік құрам сөзсіз елдің қай жеріне баруға әрдайым дайын болуы тиіс. Себебі офицер қиын, ұрыс жағдайында шешім қабылдай алатын бірден-бір лауазымды тұлға.

Ал жас офицерлерді басқа аймақтарға жіберу мәселесіне келсем, сөзіңіз өте орынды. Офицер сыртта жүрсе, сөзсіз ысылады әрі қызметке төселеді.

El.kz: 6 – 7 тамызы күндері ҰҚК Шекара қызметінің тарихында тұңғыш рет «Үздік байланыс маманы - 2024» атты байланысшы – шекарашы мамандардың жарысы өтіпті және бұл дода Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасында ұйымдастырылыпты. Таңдау неге Сарыағашқа түсті? 

Дулат Әлдербаев: Иә, ол жарыстың негізгі мақсаты шекарашы - байланысшы мамандардың кәсіби және іскерлік дағдыларын көтеруге бағытталған болатын. Аталмыш біріншілікке ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментіне қарасты құрылымдық бөлімшелердің байланысшы лауазымды тұлғалары түгелдей дерлік атсалысып, өз шеберліктерін шыңдады.

 «Үздік байланыс маманы - 2024» жарысы атты спорттық шараға негізделген жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы иеленсе, екінші, үшінші орындарды Төлеби және Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының байланыс мамандары өзара бөлісті.

Бұл іс-шара Түркістан облысы бойынша департаменттің байланысшылары ҰҚК Шекара қызметінің тарихында бірінші рет ұйымдастырды, әрі бұл жұмыс өте жоғары деңгейде бағаланды.

Таңдаудың неге Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасына түскендігін айтатын болсақ, барлық басқарманың оқу-материалдық базасы толықтай қамтылған.  Сарыағаш тоғыз жолдың торабында тұруы себепті арысы Мақтаарал, бергісі Төлебиден шыққан жеке құрам тоғысатын жер орталық болғандықтан таңдалды.

El.kz: Шекарашылардың әлеуметтік-материалдық жағдайына мемлекеттен тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр деп айта аламыз ба? 

Дулат Әлдербаев: Ел Президенті, Үкімет деңгейінде жасалып жатқан әлеуметтік-материалдық жағдайға жеке құрамның көңілі толады. Бұл сұраққа менің алып-қосарым жоқ деп нық сеніммен айта аламын.

(Фото: Дулат Әлдербаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Осыдан бес жыл бұрын бір сұхбатыңызда жастар көбіне бизнесмен немесе шенеунік болуға ұмтылады деп айттыңыз. Әлі сол пікірдесіз бе?  Қателеспесем, ол кезде ҰҚК Шекара қызметінің 2041 әскери бөлімінде командир орынбасары қызметін атқарып жүрдіңіз...

Дулат Әлдербаев: Иә, мен ол ойымнан әлі айнымадым десем де болады. Жастардың көпшілігі осы екі саланың басы-қасында жүргісі келеді. ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті тәрбиелік, идеологиялық жұмыстар бөлімінің ұйымдастыруымен орта мектеп, арнайы орта және жоғары оқу орындарының жастарымен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында биылғы жылы жоғары әскери оқу орындарына 300-ден астам үміткер іріктелді. Осы 300 үміткердің ішінен 160 үміткер жоғары әскери оқу орындарына жіберілді. Оның ішінде Шекара академиясына - 82 адам, Ресей Федерациясына - 10 адам, Қарулы күштердің жоғары әскери оқу орнына - 22 адам, Түркия Республикасына 2 адам оқуға жіберілді. Бұл жас жеткіншектердің барлығы 4 жылдан соң офицер шенін алып, еліміздің шекара шебін күзетуге атсалысады деген үміттеміз.

Бұдан бөлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алған 11 мектеп бітіруші Шучинск қаласындағы кадет корпусына оқуға түсті. Бұлар да аталмыш оқу орнын бітірген соң сержанттық құрамның қатарында әскери қызмет ететін болады. Мұның барлығы да шекарашылардың жүйелі жұмысының негізі. Себебі ең алыс деген шекара бөлімшесінің өзінде «Жас шекарашы» деп аталатын үйірмелер жұмыс жасайды. Ондағы офицерлік құрам жас балаларды отансүйгіштікке, патриотизмге үйретеді. 

El.kz: Ара-тұра ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс, аудан және ауылдағы 30 жасқа дейінгі ер азаматтарды келісімшарт бойынша қызметке қабылдайтындығы туралы хабарландыруды көзіміз шалып қалады. Бұл дегеніміз бізде шекара қызметіне қызығушылық танытушылар саны аз деген сөз бе?

Дулат Әлдербаев: Ел шебінің тыныштығы - сіз бен біз секілді адамдардың қасиетті парызы. Ол хабарландыру қолданыстағы заңның талаптарына сәйкес жасалды. ҰҚК Шекара қызметінің қызығушылық таныту саны аз деп бірден кесіп айтуға болмайды. Біздің департамент, басқарма, шекара бөлімшелеріне әскери қызметке тұруға ниеттілердің саны басым. Бірақ кей жағдайда басқа өңірлерге бос лауазымдарды толтыруға қол ұшын беруге болады деп ойлаймын.

El.kz: ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бойынша орынбасарысыз. Шекара қызметіне кадр тарту мәселесі бойынша нендей шаруалар атқарылып отыр? 

Дулат Әлдербаев: Жыл басынан бері 280-нен астам қызметкер түрлі әскери лауазымдарға тағайындалды. Бірінші деңгейлі департамент үшін бұл өте жоғары көрсеткіш. Бұл бағыт бойынша біздер облыс, қала деңгейіндегі телеканалдар арқылы түрлі репортаждар, бейнесюжеттер таратамыз. Одан бөлек қала және облыс көлеміндегі жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Біздің облыс халқының әскери қызметке деген ынтасы өте зор. Мұны ерекше атап өтуге тиістіміз. Әлі жылдың аяқталуына бес айдай уақыт бар, осы мерзім ішінде біз сержанттық, офицерлік лауазымдарды толықтыру, кадр тарту жұмыстарын жалғастыра береміз. Бұл - күн тәртіптегі басты мәселенің бірі.

El.kz: Сұхбат соңында Шекарашылар күні қарсаңында әріптестеріңізге не айтар едіңіз?

Дулат Әлдербаев: Ең бірінші кезекте, әрине, ел мен жердің амандығын, тыныштығын тілер едім. Қазақ халқымыздың береке-бірлігі тасып, биікке өрлей берсін. Еліміздің шекара шебі әрдайым тыныштықта болсын дегім келеді.  

Мемлекеттік шекара шебін күзетуші шекарашылардың қызметтеріне табыс тілеймін. Еткен еңбек, төккен тердің әрдайым өтемі болатындығы рас. Қызметте қажырлы, қайратты болыңыздар, құрметті шекарашылар!

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: