Дубляжға қызығатын жастар көбейіп келеді – Мирас Жақып

24 Қараша 2022, 18:11 2489

Дубляж актері Мирас Жақыппен сұхбат

– Мирас мырза, сіз қазақстандықтар қызығып тамашалаған «Ертұғырыл» көпсериалы түрік киносын дубляждадыңыз. Сондай-ақ «Дисней», «Марвел» туындыларына қатыстыңыз. Бұған шақыртумен барасыз ба, әлде кастинг арқылы іріктеуден өтесіз бе?

Мен Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер колледжінің театр және кино актеры бөлімінде білім алғам. Кейін аз уақыт театрда жұмыс жасадым. 2010 жылы Qazaqstan Ұлттық арнасында дубляжға кастинг өтіп жатыр дегенді естіп, арнайы барып қатыстым. Тоқтарбек Қамшыбай, Шәрипа Сақтаған сынды режиссерлер дауысымды тексеріп, мені дубляж актеры ретінде жұмысқа қабылдаған болатын. Қазір ол кісілер зейнет демалысында. Қайрат Әділгерей, Жанар Шабақова, Әлима Қайырбекова, Меруерт Балғабайқызы сынды қазіргі дубляжда жүрген қыз-жігіттер барлығымыз сол кезде бірге бастаған едік.

Содан бері де 13 жылдай уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында біраз фильмдердің дубляжына қатыстым. Оның ішінде өзіңіз айтып отырған «Ертұғырыл», «Ахмет Ясауи», «Сұлтан Сүлеймен» секілді сериалдарда бас кейіпкерлерді дыбыстадым. «Диснейдің» де бірнеше өнімін синхронды түрде оқыдық. «Ана», «Қайран күндер», «Шытынаған тағдыр», «Бозторғай» сынды сериалдарға да көрермен тарапынан жақсы пікір айтылды. Ересектерге арналған фильмдерден бөлек «Балапан» арнасында көртеген мультфилмдерді де дыбыстадым.

– Осы жерде сыртқы дыбыстау мен дубляждың айырмашылығы туралы айтып берсеңіз.

Түрік сериалдарындағы кейіпкерлерді оқу мен «Дисней»,  «Марвелдің» синхронын оқу екі бөлек дүние. Мәселен, түрік сериалдарында екі жігіт пен екі қыз барлық кейіпкерді дыбыстап шығады. Яғни, бір адам бірнеше кейіпкердің дауысын салады. Бірде бала, бірде шал, енді бірда ересек адам дегендей. Кейде осы кейіпкерлердің барлығының даусын бір мезетте салуға тура келеді. Сондай сәттерде мәтіннен жаңылмай дауысты тез өзгерту де оңай шаруа емес. 

Ал синхронды дубляж дегеніңіз,  егер сіз Диснейдің касингінен өтсеңіз бір кейіпкерді ғана аласыз. Сол кейіпкер күлсек – үлесіз, жыласа – жылайсыз,  айқайласа – айқайлайсыз. Бір сөзбен айтқанда, сол кейіпкердің әрбір демін, күрсінісін, тұтас болмысын алып шығу керек. Қазір Астанадағы «АрайМедиа» студиясында кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерді дыбыстап жатырмыз. Алла жазса, Аватардың да екінші бөлімін дубляждауға кастингтен өтіп, шақырту алдым.

– Біздің елде дубляж жасаушыларға қандай талап қойылады?

Дубляж актеріне қойылатын талап белгілі ғой. Бірінші кезекте дауыс. Сосын сол дауысты құбылтып, мәтіннен шатаспай оқып шығу. Барлығымызды актер деп жалпылама айтқанмен театр актерлаерінің барлығы бірдей дубляж жасай бермейді. Себебі, дубляждың өзіндік қиындықтары бар. Қолыңа берілген мәтінді оқып шығу ғана емес, әр сөз кейіпкердің ерін қимылымен, дене қозғалысымен, қимылымен бәрі сәйкес келу керек. Бұл актерлік шеберлікті қажет етеді. Егер осылар бір-бірімен қабыспай тұрса көрерменді сендіре алмайды.

– Жалпы шетелдік фильмдерге дубляж қалай жасалады?

Жоғарыда айтқанымдай барлық студия, ең алдымен, дубляж актерлері арасында кастинг өткізеді. Кейін сол кастингтен өткен актерлерге өздерінің ыңғайына келетін кейіпкерлерді бөліп береді. Осылайша дубляж жұмысы басталып кетеді.

– Қазақстандағы дубляж саласының деңгейі қандай?

Қазақстандық дубляждың сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Кастинг өткізетін студияларға да таңдау мүмкіндігі бар. Себебі, бұл салаға қызығушылық танытатындар қатары артып келеді. Маған да сабақ өтуімді, дубляж жасауды үйретуімді сұрап әлеуметтік желілер арқылы көптеген хаттар келеді.

Байқасаңыз, осыдан біраз уақыт бұрынғы дубляждарды эмоциясыз, бір қалыпты дауыспен оқып шығатын. Кейбір киноларда барлық кейіпкерді басынан аяғына дейін не әйел, не ер адам  дыбыстап шыға салатын. Қазір ондай фильмдер жоқ.

Жалпы халық дайын фильмдерді ғана тамашалап қайтады ғой. Ал оған дейін қаншама көпшілікке көрінбейтін жұмыстар бар. Әлемдік деңгейдегі «Дисней»,  «Марвелдің» фильмдерін қарап шығу, сатып алу, оның кейбір эпизоттарын қию, оны аудару, аударманы редакторлау, дубляж жасау, дыбыс режиссері, режиссер деген секілді қаншама адамның ұжымдық еңбегі жатыр.

– Кеңестік кезеңде орысша түсірілген фильмдердің қазақша дубляжында мін болған жоқ. Тіпті көрермен оның басқа тілде түсірілгенін байқамай да қалды. Бұл аудармашының еңбегі ме, әлде дубляждың жемісі ме?

Әр дәуірдің өз жетістігі болады. Қазақ дубляжы ақсап тұр деген сөздер әлгінде айтқан барлық кейіпкерді басынан аяғына дейін не әйел, не ер адам  дыбыстап шыға салатын уақытта айтылған болса керек. Одан бергі уақытта қазақ дубляжы айтарлықтай дамыды. Тіпті ешкім мін таба алмайтындай деңгейде деп айтуға да болады.

Ал аудармашылардың еңбегі зор. Олардың жұмысы дуляж актеріне тікелей әсер етеді. Дұрыс аударылмаған мәтін дуляж жасауға үлкен кедергі келтіреді. Мәселен, «Ертұғырыл», «Ахмет Ясауи», «Сұлтан Сүлеймен» секілді сериалдарда көне сөздер мен мақал-мәтелдерді қолдана отырып аударады. Ал жаңа заманның фильмдерінде мұндай тәсілдер қолданылмайды. Сондықтан аудармашының өз ісінің нағыз маманы болғаны аса маңызды. Бұл салада Досым Зікірия, Аяужан Бүркітбаева, Қайрия Сарқанбаева сынды бұрыннан келе жатқан мықты аудармашылар бар.

– Қазір қайдай фильмдердің дубляжына қатысып жатырсыз?

Қазір Алматы арнасынан көрсетіліп жүрген «Ұлы сенжүктер» деген және Астана арнасындағы «Дастан» деп аталатын тарихи киноларды дыбыстап жатырмын. Екеуі де түріктердің өте тамаша түсірген тарихи сериалдары. Одан бөлек Қазақстан ұлттық арнасында да түрлі сериалдардың дубляжына қатысып жүрмін.

– Бұл салада қандай жетістіктеріңіз бар?

Біз кадр сыртындағы адам болғандықтан көп жағдайда көзге түсе бермейміз. Мен үшін жақсы фиьмдерді дубляждасам, оны ел жақсы қабылдаса, соның өзі үлкен жетістік. Қазақтың ұлы тұлғаларынан бастап небір мықтылар туралы түсірілген деректі фильмдерді дыбыстадым. Осындай ұлтқа азық болатын, көпке пайдасы тиетін дүниелерді оқығаныма өзім іштей қуанамын. Жуырда ғана керемет түсірілген бірнеше сериялы деректі фильмді оқып шықтым. Оның ішінде елге еңбегі жетпей қалған, тіпті кейбірінің аты аталмай кеткен көпшілікке беймәлім тұлғалар туралы тың деректер айтылады. Алдағы уақытта арналардың бірінен көрсетілетін болар.

Бүгінде еліміздегі отандық арналарда уақыттың біраз бөлігін біздің даусымыз жауып отыр. Бірақ біздің елде кадр сыртындағы оператор, дубляж актері сынды мамандар көп жағдайда ұлттық, мемлекеттік марапаттарға ілікпей қалады ғой. Сондықтан бұл жағынан жетістіктерім бар деп айта алмаймын.

– Өзіңізге қай фильмді дубляждаған ерекше ұнады?

Маған тарихи фильмдерді дубльяждаған ұнайды. Мәселен, бір ғана «Ахмет Ясауи» фильмінен көп дүние алуға болады. Оқып отырып біраз жан азығын аласың. Көрермендерге де жақсы ой салады. 

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Олжас Сәндібек
Бөлісу: