12.12.2025
09:07
426
Дубайдағы дүбірлі дода: төрт қазақ боксшысы финалда өнер көрсетеді

Дубайдағы дүбірлі дода: төрт қазақ боксшысы финалда өнер көрсетеді

Еліміздің төрт боксшысы Дубайда өтіп жатқан IBA әлем чемпионатының ең шешуші кезеңі – финалдық кезеңіне қадам басты. Жартылай финалда жанкүйерлер тартысты өткен кездесулер, күмәнді шешім мен сенімді жеңістің куәсі болды.  

Бір күн ішінде ұлттық құраманың бірнеше оғланы финалға жолдама алып, ел үмітін еселеп, қазақ боксының күш-қуатын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сабыржан Аққалықов – финалда

Ең алдымен 75 келі салмақта сынға түсіп жатқан Сабыржан Аққалықовтың финалға жолдама алғаны белгілі болды. Сабыржан жартылай финалда өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоевпен кездесуі керек еді. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты рингке шығудан бас тартып, қазақстандық боксшы финалға тікелей өтті.

Сабыржанның ширек финалда көрсеткен шеберлігі жұрт жадында. Ол Израиль боксшысы Мирослав Капулер-Ищенкомен кездесіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңісті жұлып алған болатын.

Айта кетейік, Аққалықов – World Boxing кубогының жеңімпазы және «Странджа» турнирінің чемпионы.

Теміртас Жүсіпов – лайықты қола жүлдегер

48 келіде ел намысын қорғаған тәжірибелі Теміртас Жүсіпов әлем чемпионатын қола жүлдемен қорытындылады. Жартылай финалда ол ресейлік Эдмонд Худоянмен күш сынасып, тартысты жекпе-жекте қарсыласы жеңімпаз атанды.

Теміртас ширек финалға дейін сенімді түрде жеткен еді: 1/8 финалда үндістандық Девендра Сингх Соланкиді, ал ширек финалда непалдық Лал Прасад Упретиді айқын басымдықпен ұтқан болатын.

Сәкен Бибосынов – финалдағы екінші қазақ

54 келі салмақта Сәкен Бибосынов жартылай финалда непалдық Тапа Чандра Бахадурды еш қиындықсыз еңсеріп, финалға шыққан қазақстандық екінші боксшы болды. Тәжірибелі былғары қолғап шебері тағы бір әлемдік белесті бағындыруға жақын. Солай болсын деп тілейік.

Оразбек Асылқұлов – сенсация жасаған жас тұлпар

57 келідегі Оразбек Асылқұлов та финалда! Жартылай финалда ол ресейлік Андрей Пегливанянды айқын басымдықпен ұтты. Бір қызығы, Оразбек ­– осы әлем чемпионатында ресейлік былғары қолғап шеберін жарыс жолынан тайдырған жалғыз боксшы. Себебі Ресейдің қалған 12 боксшысы сапта.

Оразбек бұл чемпионатта ерекше қарқын көрсетіп келеді, естеріңізде болса, 1/8 финалда Мукело Дламинді небәрі 22 секундта нокаутқа түсіріп, бүкіл турнирдің басты сенсациясын жасаған. Ал ширек финалда испаниялық Карлос Мартинес Бернардоны толық басымдықпен жеңген еді.

Жекпе-жектен кейін Асылқұлов былай деді:

Ресей бұл жарысқа 13 боксшысын әкеліп, барлығы жартылай финалға шықты. Мен – оларды тоқтатқан алғашқы боксшымын. Финалға тыңғылықты дайындаламыз.

Ертуған Зейнуллинов қолаға қол созды

63,5 келі салмақта өнер көрсеткен Ертуған Зейнуллинов жартылай финалда ресейлік Илья Поповпен айқасып, өте тартысты жекпе-жекте төрешілер 4:3 есебімен Поповтың қолын көтерді.

Зейнуллинов – «Странджа» турнирінің чемпионы және биылғы Әлем кубогының қола жүлдегері. Ол бұл додада да ел қоржынына қола салды.

Абылайхан Жүсіпов – мансабындағы ең үлкен мүмкіндік

71 келі салмақтағы Абылайхан Жүсіпов рингке нағыз тәжірибелі боксшыға тән сабырлықпен көтеріліп, қырғызстандық Ихтият Нишановты 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Бұл – Абылайханның мансабындағы алғашқы әлем чемпионатының финалы. Бұған дейін ол үш бірдей әлем чемпионатында қола жүлде алған болатын.

Жекпе-жектен кейін Абылайхан эмоциясын жасыра алмады:

Мен үшін бұл үлкен белес. Алтынға бір қадам жақындадым. Қазақстаннан келіп қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтамын!

Айта кетейік, әлем чемпионатында төрт медаль алған қазақ боксшысы бұған дейін тек Серік Сәпиев еді. Енді оған Абылайхан да қосылды.

ӘЧ-2025 финалындағы қазақстандық боксшылар:

54 кг – Сәкен Бибосынов
57 кг – Оразбек Асылқұлов
71 кг – Абылайхан Жүсіпов
75 кг – Сабыржан Аққалықов

Бокстан әлем чемпионатының финалдық жұптары:  

48 кг: Эдмонд Худоян (Ресей) vs Субхан Мамедов (Әзербайжан)

51 кг: Хасанбой Дусматов (Өзбекстан) vs Байр Батлаев (Ресей)

54 кг: Вячеслав Рогозин (Ресей) vs Сәкен Бибосынов (Қазақстан)

57 кг: Оразбек Асылқұлов (Қазақстан) vs Хусравхон Рахимов (Тәжікстан)

60 кг: Абдумалик Халоков (Өзбекстан) vs Всеволод Шумков (Ресей)

63,5 кг: Омар Ливаза (Қырғызстан) vs Илья Попов (Ресей)

67 кг: Асадхуджа Муйдинхуджаев (Өзбекстан) vs Евгений Кооль (Ресей)

71 кг: Сергей Колденков (Ресей) vs Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан)

75 кг: Сабыржан Аққалықов (Қазақстан) vs Исмаил Мутсолгов (Ресей)

80 кг: Джавохир Умматалиев (Өзбекстан) vs Джамбулат Бизамов (Ресей)

86 кг: Шарабутдин Атаев (Ресей) vs Алексей Алфёров (Беларусь)

92 кг: Турабек Хабибулаев (Өзбекстан) vs Муслим Гаджимагоев (Ресей)

92+ кг: Арман Маханов (Өзбекстан) vs Давид Суров (Ресей)

Дубайды дүбірге бөлеген әлем чемпионаты 13 желтоқсанда өз мәресіне жетеді.