Дубайда Тоқаевтың Жолдауында айтылған реформалары талқыланды

22 Қыркүйек 2023, 08:25 513

Қазақстанның Дубай және Солтүстік Әмірліктердегі Бас консулы Рауан Жұмабек халықаралық Rotary клубтары қауымдастығының Дубайдағы филиалының отырысына құрметті қонақ ретінде шақырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан дипломаты клуб мүшелеріне мемлекетіміздегі негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жан-жақты шолу жасады. Ол бұл өзгерістердің кәсіпкерлік қызмет пен инвестиция тартудағы маңыздылығын атап өтті.

Клубтың беделді сахнасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауының негізгі тұстарын түсіндіру үшін де пайдаланылды.

Бас консул өз cөзінде Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қамтыды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, қаржылық және цифрлық технологиялар өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары болып аталып өтті.

Дипломат сөйлеген сөзінің негізгі аспектісі, еліміздің дамуындағы маңызды салаларының бірі ретінде туризм болды. Ол Қазақстанның туристік орталық ретіндегі әлеуетін атай келе, еліміздің табиғи сұлулығын, мәдени мұрасын және шетелдік туристер үшін тартымды ететін заманауи инфрақұрылымдық жобалармен таныстырды. Сонымен қатар, визалық тәртіпті либерализациялау бойынша қолға алынып жатқан шараларға ерекше назар аударылды.

Сөзінің соңында Рауан Жұмабек Қазақстан Үкіметінің елімізде бизнеспен айналысу үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайындығын атап өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: