Dubai Run 2025: әлемдік рекорд тіркелді

Dubai Run 2025: әлемдік рекорд тіркелді

Дубайда дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Dubai Fitness Challenge 2025 аясында ұйымдастырылған Dubai Run бұқаралық жүгіру жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Биылғы шараға 307 мыңнан астам адам қатысып, әлемдегі ең ірі тегін жүгіру жарысы мәртебесін қайта растады.

Жүгіру шейх Зайд шоссесінде өтіп, қатысушылар қаланың басты нысандарының жанынан жүгіріп өтті. Қатысушылар екі қашықтықтың бірін таңдады:

5 км - отбасылар мен бастауыш деңгейдегі жүгірушілер үшін;

10 км - тәжірибелі спортшылар мен белсенді қатысушылар үшін.

Шарада LED-инсталляциялар, музыкалық сүйемелдеу, әуе шоуы және түрлі өнер тобының қойылымдары ұйымдастырылып, фестивальдік атмосфера қалыптасты.

Dubai Run биылғы Dubai Fitness Challenge-нің ең ірі шараларының бірі. Бағдарламаның финалы 30 қарашада өтетін Dubai Yoga-да болады. Қала бойынша 30x30 форматындағы фитнес-ауылдар, спорттық хабтар және мыңдаған тегін жаттығулар әлі де жалғасуда.

Жарысты Дубайдың Экономика және туризм департаменті мен Спорт кеңесі, сондай-ақ Mai Dubai, Emirates Airline және RTA сияқты негізгі ірі серіктестер бірлесіп ұйымдастырды.