Дуалды оқыту: Атыраулық студенттер дипломмен бірге еңбек кітапшасын алды

24 Шілде, 03:16 442

Биыл Utebayev University-ді 600-ге жуық студент бітіріп, жас маман атанды. Соның ішінде 43 білімгер дуалды оқыту жүйесімен өндіріс орындарында тағылымдамадан өтіп, еңбек кітапшаларын алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дуалды оқыту бағдарламасы білім алушыларға салалық жұмыс орнында кәсіптік және іскерлік дағдыларды игеруге, күрделі мамандықты меңгеруге, әртүрлі жүйелер – білім, ғылым және өндірісті қамтитын жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Студенттердің оқу жүктемесінің кем дегенде 40 пайызы кәсіпорындағы жұмыс есебінен игеріледі.

Utebayev University-де дуалды оқыту жүйесі елімізде алғашқылардың бірі болып, 2015 жылы іске қосылды. Бүгінде 800-ге жуық студент халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейдегі 100-ден астам өндіріс орнында осы жүйе бойынша тәжірибеден өтуде, - дейді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.

Сондай-ақ өткен жылы оқу бітірген түлектердің 70% мамандық бойынша жұмыспен қамтылғаны атап өтілді. Жыл сайын Utebayev University түлектері үшін оқу орны базасында өңірдегі мұнай-газ компанияларымен бірлескен «Бос жұмыс орны» жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Университет пен индустрияның интеграциясы студенттерді кәсіби бейімдеуге, өндіріс орындарында жаңа технологияларды меңгеріп, ірі компанияларда жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп келеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: