ДСМ «қызыл» аймақтағы өңірлерде енгізілетін шектеу шаралары туралы айтты

2 Тамыз 2022, 12:45 1346

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы ғана «сары» аймақта тұр

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус бойынша «қызыл» аймақтағы өңірлерде қандай жағдайда «Ashyq» қосымшасы пайдаланылатынын айтты, деп хабарлайды El.kz

«Қызыл» аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданады. Бірінші кезеңде – R саны 1-ден артық болғанда, яғни аурудың таралуы күшейген кезде және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25-тен 50-ге дейін болғанда бизнес шектеусіз жұмыс істейді. Осы орайда - міндетті түрде маскалар жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрлерінде пайдаланылады», деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, аурудың таралуы өршіген жағдайда білім беру ұйымдарында қосымша шектеулер енгізіледі.

«Екінші кезеңде R-ға қарамастан, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50-ден астам болған кезде объектілерде «Ashyq» қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады. Көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50 пайызға дейін шектеледі. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қосымша шектеулер енгізіледі. Ұйымдар қызметкерлерінің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауысады», деді министр.

Айта кетейік, коронавирустың таралу матрицасына сәйкес әзірге бірде-бір өңір «қызыл» аймақта емес. Тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана «сары» аймақта. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта тұр.



Бөлісу: