ДСМ: Медицина мамандарына 161 рет шабуыл жасалған

24 Тамыз, 11:03 1620

Денсаулық сақтау министрлігі кәсіби міндеттерін орындау барысында медицина қызметкерлеріне бірнеше рет шабуыл жасауына байланысты медицина мамандарының қызметіне кедергі келтіріп, оларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды енгізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2019 жылдан бері медицина мамандарына 161 рет шабуыл жасау фактілері тіркелді. Ал биыл мамыр айында Алматыда жедел жәрдем фельдшеріне оны шақырған адамдар қол көтеріп, пәтерінде қамаған. Қарағандыда қызметтік міндеттерін орындау барысында жедел жәрдем қызметкерін аяусыз ұрып-соққан. Теміртауда да жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі таяқ жеп, тоналған.

Бүгінгі таңда оларға қол тигізуден қорғау қолданыстағы заң аясында жүргізіледі (Қылмыстық кодекс және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс)

Дәрігерлерді қорғауды күшейту мақсатында министрлік медицина мамандарының кәсіби қызметіне кедергі келтіргені және оларға қарсы қылмыстық әрекеттер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды енгізуге бастама көтерді. Сол үшін 2024 жылдың 12 сәуірінде денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Кешенді жоспар бекітілді.

Бас прокуратурамен бірлесе Қылмыстық кодекске өзгерістер әзірленді, онда медицина мамандарына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекске "Медицина қызметкерінің заңды қызметіне кедергі келтіру" және "Медицина қызметкеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету" деген жаңа баптар енгізу ұсынылуда.

Бұл қадамдар медицина қызметкерлерін қорғауға және қауіпсіз жұмыс орнын құруға бағытталған, деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: