Досының үйінде қонып қалған: Шымкентте жоғалған жеткіншек бала табылды

16 Қазан 2023, 20:54 707

Шымкент полицейлері жоғалып кеткен 12 жастағы баланы іздеп тапты. Ол досының үйінде қонып қалған, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz-тің мәліметінше, сенбіден жексенбіге қараған түні сағат 02:00 шамасында Абай АПБ-ның “102” арнасына жергілікті тұрғын көмек сұрап хабарласқан.

Азаматша 12 жастағы баласының күндіз үйінен шығып, қайта оралмағанын жеткізді. Жасөпірімнің өміріне төнуі мүмкін қауіп-қатердің барлығы ескеріліп, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Жеке құрамға шұғыл бағыттама беріліп, кезекшіліктегі қызметкерлер бейнебақылау камераларының жазбалары мен жасөспірімдер баруы мүмкін жерлерді тексерді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жеткіншек көрші орналасқан көпқабатты үйден табылды.

Белгілі болғандай, ойын баласы досының үйіне барып, анасынан сұранып келгенін айтып, қонып қалған. Үлкендер баланың рұқсатсыз кетіп қалғанын білмегенін жеткізді.

Тәртіп сақшылары жасөспірімді аман-есен ата-анасына табыстап, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Сондай-ақ полицейлер ата-аналарға бала тәрбиесінде аса мұқият болуды, олардың қайда, кіммен жүргенінен үнемі хабардар болып отыруды ескертеді.

Баланың жоғалғанын білген жағдайда өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, бірден “102” арнасына хабарласқан абзал.

Берік Арманов
Бөлісу: