«Достық керуені» Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалаларына бет алды

11 Қазан 2019, 10:32 2925

Шымкенттен Өзбекстан Республикасына «Достық керуені» аттанды. Оның құрамында ассамблея мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жастар мен БАҚ өкілдері бар. 

Бұл іс-сапар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан интернационалды мәдени орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылуда.

Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдынан жолға шыққан керуенді шығарып салу рәсімінде қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов пен SILKWAY халықаралық университетінің президенті Мадияр Юнусов сөз сөйлеп, іс-шара бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.


Өзбекстанға бет алған керуен мүшелері 10-12 қазан аралығында Ташкенттегі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Төле би бабамыздың мазаратына зиярат етеді. Әрі қарай Самарқандтағы Әмір Темір және Жалаңтөс баһадүрдің, Бұхарадағы Бахауддин Накшбандидің кесенесімен таныспақ.

Сонымен қатар, «Достық керуенінің» мүшелері Өзбекстан интернационалды мәдени орталығы мен қазақ мәдени орталығында болып, өзбекстандық қазақ жастарымен кездеседі деп жоспарлануда.

Бөлісу: