Допинг дауы: Зүлфия Чиншанлоның жүлделері мемлекетке қайтарыла ма

12 Қаңтар, 16:28 1355

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанлоның жүлделері қайтарыла ма? Бұл сауалға Спорт және денешынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова жауап берді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілі «Ауыр атлет Зүлфия Чиншанло допингқа қарсы ережелерді қайта бұзғаны үшін 8 жылға жарыстан шеттетілді. Оның жүлделері қайтарыла ма?» деп сұрады.

Әрбір кешенді жарысқа шығар алдында Ұлттық құрама команда мүшелері Ұлттық допингке қарсы орталықта допингке тексеріледі. Бірақ өздеріңізге белгілі 2019 жылы біз допингке қарсы шараларды қатаңдату мақсатында заңға өзгерістер енгіздік. Егер спортшы допинг дауында ұсталып, кінәсі анықталса, онда ол дисквалификацияға ұшырайды. Оның алдында алған жүлделері кері қайтарылатын болса, сол жүлделері үшін алған спорттық атақтарынан, оған қоса материалдық қамсыздандыру тоқтатылады. Сонымен бірге жүлделі орын үшін ақшалай көтермелеу сыйақысын кері қайтарады, - деді комитет мүшесі.

Айгүл Бектенова «Спортшы олимпиада ойындарында жүлделі болғаннан кейін пәтер алса, ол пәтерді өз атына 10 жылдан кейін ғана заңдастыра алады» деген норманы заңға енгізгендерін атап өтті. Сөзінше, спортшы допингқа кіргізген кезде 2 проба алынады. А пробасы және Б пробасы. А пробасы сол мезетте ашылып, тексерілетін болса, Б пробасы 10 жыл сақталады. 10 жылдан кейін қайта тексеріс кезінде пробадан допинг шықса, сол мақсатта үйін тартып алмас үшін пәтер 10 жыл мемлекеттің атында болады.

Зүлфия Чиншанлоға тоқталатын болсақ, әрбір спортшы заңға сәйкес дайындық барысында допинг қолданбау бойынша жауапты. Әр спортшы үлкен нәтижеге дайындалып жатқандықтан Ұлттық допингке қарсы орталық тек қана допинг сынамаларын алып қоймай, жыл сайын әрбір өңірмен федерация бойынша жұмыс істеп, жаттықтырушылармен допинг қолданбау туралы семинарлар, оқу әдістемелер өткізеді, - деді Бектенова.

Айтуынша, спортшы өзінің допинг қабылдағанын өзі білмей қалуы мүмкін. Мысалы, ауырып қалып, ауруханада белгісіз препараттарды ішіп қойса, препараттың құрамында тыйым салынған зат  болуы мүмкін. Осындай олқылық жағдайлар болып қалмауы үшін оқу-семинар өткізеді.

Оқи отырыңыз: 

Сөзінше, қазақстандық ауыр атлеттердің спорттық тағамдарынан допинг қосапалары шыққан.

Спортшылар спорттық тағамдарды интернет арқылы сайттардан тапсырып беріп жатады. Сондықтан мұндай олқылықтар болмас үшін Ұлттық медицина орталығы жұмыс істейді.  Сол арқылы немесе федерациялар арқылы сатып алуды ұсынамыз. Өз бетінше сатып алғаннан спортшылар зардапқа ұшырап жатады, - деді Айгүл Бектенова.

Сонымен қатар, ол Зүлфия Чиншанлоның жүлделеріне қатысты мәселе әлі де қарастырылып жатқанын айтты. Айтуынша, заң 2019 жылы қабылданғандықтан атақтары 2019 жылға дейін алынған болса, онда ол қайтарылмайды. Егер заң қабылданғаннан кейінгі атақтары болса, онда қайтарылады.

Миражан Махан
Бөлісу: