11.10.2025
16:09
557
Дональд Трамп Скриптониттің әнімен гольф ойнады

Дональд Трамп Скриптониттің әнімен гольф ойнады

АҚШ президенті Дональд Трамп немересімен гольф ойнап жатқан сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кең тарады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Роликтің ерекшелігі – оның фонында қазақстандық танымал әнші Скриптониттің «Не расслабляйся» атты туындысы ойнап тұр.

Бейнені Трамптың үлкен немересі, 18 жастағы Кай Мэдисон Трамп өз парақшасында жариялаған. Ол — кәсіби гольфшы әрі миллиондаған жазылушылары бар танымал блогер. Сарапшылар Кайды әлеуметтік желілердегі ықпалды тұлға деп санайды және оның атасына жастар арасындағы қолдауды арттыруға әсер етіп жатқанын айтады.

Видеода Кай мен оның атасы гольф алаңында бірге ойнап, допты лункаға дәл түсірген сәтте бір-біріне қуана қол соғады. Кейін екеуі гольф көлігіне отырып, алаңнан кетіп бара жатқанда да Скриптониттің әуені естіліп тұрады.

Желі қолданушылары бейнежазбаға пікір қалдырып, Кайдың музыкалық талғамына тәнті болған. Көпшілігі қазақстандық орындаушының шығармашылығы АҚШ-та да танылып жатқанын атап өтті.