Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы

29 Қараша 2017, 17:52 9693

Қарлагтағы бүгінгі мұражайдың жай-күйі

«Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы» Қарағанды облысы, Долинка кенті, Школьная көшесі, 39. Қарағанды қаласынан 45 шақырым, Шахтинск қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.

Мұражай 1933-1935 жылдары мыңдаған тұтқындардың қолымен тұрғызылған Қарлаг Басқармасының тарихи маңызы бар ғимаратында орналасқан. Бұл өңірдің байырғы атауы – Қоңыртөбе, белгілі қазақ руларының қыс қыстауы, жаз жайлауы болған жер. Ресей патшалығы тұсында Столыпин реформасынан кейін бұл жерлерге 1908 жылы неміс, орыс, украин қоныс аударушылары көшіп келіп, кенттің негізін қалаған. 1909 жылы бұл орын Долинское селосы деп атала бастады. 1929 жылы Қарағанды көмір бассейнінің жұмыстары қарқынды дами бастауына байланысты жаңа индустриалдық орталыққа жақын жерден аса ірі азық түлік базасы және көп жұмыс күші қажет болды. Көп ұзамай бұл мәселе шешімін тапты да. 1930 жылы мамыр айында КСРО ХКК қаулысымен Қазақ еңбекпен түзеу лагері құрылды. Оның бірінші бөлімшесі «Гигант» кешарының негізінде 1931 жылы 19 желтоқсанда Қарағанды еңбекпен түзеу ерекше лагері (Қарлаг) құрылды. Лагердің орталығы Долинское кентінде орналасты және тікелей Мәскеуге, Гулаг басшылығына ғана бағынып тұрды. Бұл жердің бұрынғы тұрғындары: 4 мыңдай қазақ шаңырақтары және 1200 неміс, орыс, украин отбасылары басқа аудандарға қуып шығарылды.

Ғимараттың жалпы ауданы – 3326,6 шаршы метр. Келушілердің назарларына мұражайдың 3 қабатында орналасқан 17 экспозициялық залдар ұсынылады: «Қазақстандағы ашаршылық», «Қарлагтың қалыптасу тарихы», «Қарлагтың шаруашылық жұмыстары», «Әйелдер мен балалар», «Халықтар депортациясы»  және т.б. Мұражайдың тұрақты экспозицияларында саяси қуғын-сүргін тарихының мұрағаттық құжаттары, хаттар, фотосуреттер, Қарлаг тұтқындарының жеке істері және экспедициялар кезінде табылған Қарлаг тұтқындарының еңбек және тұрмыс құралдары орналастырылған. Сонымен қатар жиынтықтар ішінде лагерь тұтқындарының қолымен жасалған өнер туындылары бар. Мұражайдың шығыңқы ірге қабатында орналасқан тергеу изоляторының инсталляциясы: карцер, ер адамдар мен әйелдердің камералары, тергеушінің кабинеті, азаптау бөлмесі және т.б. экскурсиядағылардың ерекше қызығушылығын туғызады. Бұл жерде тұтқындардың қапастағы жағдайы, оларды тергеу және жеке істерін толтыру сәттері бейнеленген. Тергеу изоляторының инсталляциясы тұтқындардың, оларды бақылаушылар мен тергеушілердің гипс пен балауыздан сомдалған мүсіндерімен толықтырылған.

Мұражай ғылыми – зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қазақстандық ғалымдардың туындылары орналастырылған саяси репрессиялар тарихын зерттейтін орталық жұмыс істейді. Мұражайдің ғылыми қызметкерлері республика архивтарындағы саяси қуғын – сүргін тарихы материалдарын зерттеуде.

Мұражай қызметшілері репрессияға ұшырағандардың және Қарлаг тұтқындарының ұрпақтарымен кездесулер, саяси қуғын – сүргін құрбандарын есте сақтау күніне арналған митингілер, конференциялар, «дөңгелек» үстелдер, семинарлар, оқушылармен және студенттермен тәжірибелік сабақтар өткізу сияқты мәдени – бұқаралық шаралар өткізеді. Жыл барысында мұражай қорынан және жеке жиынтықтардан алынған экспонаттардан құралған уақытша көрмелер өткізеді. Әсіресе, Халықаралық мұражайлер күніне арналған «Мұражайдегі түн» акциясына көрушілер көп жиналады. 18 мамыр күні түн мезгілінде өтетін бұл шарада театрландырылған көріністері аралас экскурсиялар ұйымдастырылады. Экспозициялық залдарда Қарлаг тұтқындарының өмірінен көріністер олар тіріліп келгендей әсер қалдырады.

Мұражай қорында 6000-дай экспонат бар, олардың 2000-нан астамы Қарлаг уақытының жәдігерлері. Мұражайдің негізгі қорына жататын аса бай және әртүрлі материалдар көп жиналған. Фотосуреттер мен құжаттар мұражай қоры мен экспозицияларында алатын орны ерекше, өйткені еңбекпен түзеу лагерлері өмірін шынайы бейнелейді.

Сонымен қатар, мұражай қорында депортацияға ұшыраған Реченский П.И., Андреюк Л.П., Гамбургер Л.Э. сияқты суретшілердің сирек кездесетін туындылары, 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде Монғол және Қытай елдеріне көшіп кеткен жергілікті халықтың тұрмыстық заттары, тұтқын әйелдердің қолымен тігілген кестелері, сол заманның музыкалық аспаптары, тұтқындардың жөндеу – механикалық зауытта дайындаған құралдары, қуғын – сүргінге ұшырағандардың жеке заттары, тағы басқа да құнды жәдігерлер бар. 

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: