Транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасы әзірленді. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz
Бұйрық жобасына сәйкес:
Жүргізуші куәлігі болған жағдайда күніне лимит 100 литр дизель отыны үшін қазіргі бағамен 1 литріне 230-260 теңге, сондай-ақ жүк көлігі үшін, егер жүргізуші куәлігі және көлік құралының Қазақстанда тіркелгенін растайтын тіркеу куәлігі мен құжаттары бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады.
Қалған топтарға, сондай-ақ көрсетілген көлемдерден артық дизель отыны үшін 1 литрі 450 теңгеден сатылады.
Бұйрық жобасы 18 тамызға дейін Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтына онлайн талқылау үшін орналастырылды.
Дизель отынына деген үлкен сұраныстың қалыптасу мәселесін шешу үшін барлық ресурс, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және автожанармай құю станцияларына бөлінеді. Екінші кезекте, қалған жанар-жағармай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолына бөлініп, жетпеген жағдайда қажетті көлем импортталады.
«Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген баға 1 тоннаға 222 мың теңгені (литріне 184 теңге) құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін барлық жоспарланған көлем толық орындалады», — деп түйіндеді Б. Ақшолақов.