Жалғыз диспетчер ұйықтап қалып, ұшақ әуежай үстінде айналуға мәжбүр болды. Бұл туралы The Sun газетіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Air Corsica әуе компаниясының Парижден Корсика аралына бағыт алған ұшағы Жерорта теңізі үстінде айналып, жерден нұсқау күтуге мәжбүр болған. Себебі аралдың әкімшілік орталығы саналатын Аяччо қаласындағы Наполеон Бонапарт атындағы әуежайдың жалғыз диспетчері қалғып кеткен.
Ұшқыш диспетчерден жауап болмаған соң, балама қону маршрутын әзірлей бастаған. Дегенмен шамамен 20 минуттан соң диспетчер байланысқа шығып, ұшақты ұшу-қону жолағына бағыттаған.
Белгілі болғандай, ол кезекшілікте жалғыз болғандықтан, қасында бақылаушы ешкім болмаған. Экипаж әуежай күзетімен байланыса алмай, полицияға хабар жіберген. Полицейлер диспетчер отырған орынға көтеріліп, оны оятқан.