Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жасанды интеллектті фейк тарату мен манипуляция жасау мақсатында қолданғандар үшін жауапкершілік шараларын әзірлеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгін Сенатта «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, технологиялардың дамуымен бірге жаңа қауіптер, соның ішінде дипфейктер мен алаяқтық әрекеттер пайда болуда.
Дипфейк (deepfake) – жасанды интеллект негізінде жасалған технология. Ол адамның түрін, дауысын немесе мимикасын өзгеге ауыстырып, шынайы көрінетін жалған бейне, аудио немесе фото жасайды.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтардан бөлек, әлеуметтік желілерде де түрлі дипфейктер көбейіп кетті – адамдардың бейнелерін пайдаланып, жалған мәлімдемелер жасайды, болмаған оқиғаларды қолдайды немесе қандай да бір қорларға ақша аударуға шақырады. Ал шын мәнінде ол адам ондай әрекет жасамас еді. Бұл тек бастамасы. Технология дамыған сайын фейк, бұрмаланған ақпарат пен манипуляция үлкен мәселеге айналады, – деді Сенат спикері.
Әшімбаев дипфейктерді жасаушыларды алаяқтық, бопсалау немесе заңсыз ақша жинау үшін жауапқа тарту қажет екенін атап өтті.
Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жауапкершілік мәселесін қарастыруымыз керек. Мұндай фейктерді жасанды интеллект өздігінен жасамайды – оны адамдар жасайды. Сондықтан жауапкершілік сол адамдарға жүктелуі тиіс. Егер қоғамда тәртіп орнатқымыз келсе, заң аясында әрекет ету үшін осындай істерге жол бермеу және заңдық жауапкершілік қарастыру қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.