Дінтанушы: Мәселе діни атрибутта емес, дүниетанымда

26 Тамыз 2022, 12:56 4017

Діни атрибут болып саналатын «хиджабқа рұқсат ету» туралы дау қайта өршіді.

Дін – бірнеше ғасыр бойы адамзатпен бірге біте қайнасып, қоғамда ерекше рөлге ие болған өзіндік институт. Қазір жаһанда өзге діни ағым өкілдерінің тарапынан болып жатқан келеңсіз жайттар аз емес. Сондықтан осы тақылеттес мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, көкейдегі сан мың сауалдың аз бөлігіне жауап алу үшін дінтанушы Ғайнижамал Наурызбен тілдескен едік.

- Әңгімеміздің әлқиссасын мына бір сауалдан бастағым келіп отыр. Дін дегеніміз не? Қазір адамзатқа неге керек және дін ішіндегі ағымдар деп нені атаймыз? Діни лаңкес немесе террористердің әлемдік деңгейдегі сипаты қандай?

- Егер теориялық тұрғыдан жауап берер болсақ, адамдардың басым бөлігі үшін дін – сенімін негіздейтін, әлеуметтік, психологиялық функцияларды атқаратын, өзіндік мораль қағидалары бар және де құндылық жүйелерін қамтитын ұғым. Дін – қоғам элементтерінің бірқалыпты өмір сүруіне септігін тигізетін, бұқара халықтың ізденістерін қанағаттандырып, «өзін-өзі ұстау» принциптерінің «кемелденген» формасын ұсынатын реттеуші құрал. Дінде жекелік, даралық қағидаттары сақталу керек. Дін ішіндегі ағымдар діннің бастапқы нұсқасындағы этикалық және сенім минимумын аздық етуден басталады деп есептеймін. Діндердің ішкі бөлінісі адамның сырт келбетінен бастап, интимді саналатын «жалбарыну» феноменіне түрлі ережелер бекітіп, бір қалыпқа енгізу арқылы жаңа жүйе құруға бағытталады. Эндодіни ағымдардың көбеюін діннің бастапқы функционалынан едәуір алшақтау деп білуіміз керек. Өйткені дін ішіндегі ағымдарда жоғарыда айтылған индивидуалдылықтың формализациясы байқалады. Яғни діннің ішкі бөлінісінен туындаған топтар не ағымдар – бастапқы классикалық діни ұстанымға қарағанда адам өмірінің барлық сфераларын қамтуға тырысатын идеологиялық консолидацияның көрінісі.

«Діни террорист» деген ұғымды жалпылама сипатпен түсіндірер болсақ, ол – эпатажды прозелитизм жасаушы. Демек бұл процесс эпатажды террорлық актінің орын алуымен сипатталады. Олардың басты құралы – зорлық-зомбылық арқылы қоқыныш тудырып, онымен бірге «бір кемеде» болмасаң, сені не күтіп тұрғанын көрсету. Кейде оны өзінің сотериологиялық сенімдерімен де негіздеуі мүмкін. Өзгермейтін бір дүние – теракт арқылы шоу жасау.

- Діни лаңкестер өз істерін ақтау барысында Құдай алдындағы парызды сылтау қылады. Олар өз пікірімен келіспеген адамды «бүлінген», «азғын» деп санайды. Сол себепті «Құдай жолында» кісі өлтіруден де тайынбайды. Осыншалық радикалданған сананы қайтадан қалыпқа келтіру мүмкін бе?

- Сананың радикалдануы бір мезетте ғана емес, жылдар бойы жүреді. Тіпті оның діни ілімнен басталуы да шарт емес. Жалпы радикалдылыққа бейімділік адамның әлеуметтенуіне тікелей байланысты. Негізі бізді қоршаған адамдардың басым бөлігі қалыпты әлеуметтену деңгейлерінен өткен. Алайда психологиялық жетілуі, эмоционалды тұрақсыздығы мен социумға сіңісіп кетуі қиын адамдардың «бір идея» жетегінде кету қауіпін де ескеруіміз қажет. Олар өздеріне ерекше миссия жүктелгеніне сенеді, өміріндегі сәтсіздіктерді өзінің «таңдаулы» екенімен байланыстырады. Яғни сананың радикалдануы діни сенімге тікелей қатысы жоқ, дін – бұл жағдайда өз-өзін дәлелдеу құралы. Діни топтың басшылығындағылар көбіне «романтик-қылмыскерлерді» көздейді де, кейін саяси, қаржылық мақсаттарына жетуге пайдаланады. «Құдай СЕНІ жақсы көреді», «Құдай САҒАН бұйырды» деген сөз тіркестерін кеңінен қолдану өз-өзіне сенімсіз адамды сол талапты орындау үшін барлық жағдайға дайын етеді.

Шынтуайтында, радикалды сана қалыпқа келмейді. Бізде жасалатын дерадикализация тек қара жамылғыны шешу, ешкі сақалды қырумен шектелген. Сананы емдеу үшін проблеманың тамырынан бастауымыз керек, ол ұзақ процесс болғандықтан, мемлекет бекіткен жоспар үшін тиімсіз. Радикал адам әлеуметтену этаптарынан қайта өтіп, психологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін өзіне қолайлы орта тауып, стресстік ситуацияларды минимумға жеткізу арқылы ғана сіз бен біз өмір сүріп жатқан уақытқа, өмір салтына дағдыланады.

- Дінді құрылымдық-функциялық тұрғыдан зерттеген ғалымның бірі – Эмиль Дюркгейм. Ол зерттеулерінің бірінде дінді топтастыратын негізгі үш элементті (бірінші – діннің бәрі адам тәжірибесін қасиетті және қарабайыр деп бөледі, екіншісі – барлық дін адамға туу, өлу, жетістік, сәтсіздік секілді құбылыстарды түсінуге тырысатын сенімдерді ұстанады, үшіншісі – барлық дінде рәсімдер бар) атап өтеді. Сонымен қатар Э. Дюркгейм дінді көбіне дәстүрдің қолдаушысы, жалғасы ретінде көреді. Ал біздегі қазақ дәстүрі мен ислам діні арасында ажырамас қандай байланыстар бар?

- Діннің таралу ортасында көпішілікке ұнамды ортақ нүктесі болмаса, діни ілімнің орнығып қалу мүмкіндігі жоқ. Көпшілікке «ұнамды» деп, адамдардың өмір салтына кереғар келмейтін, жаңа болса да орындалуы ыңғайлы немесе орындалуының логикалық қисынды негіздемесі болуын айтамыз. Қазақ дәстүрі мен мұсылмандық арасында қазір ажырату қиын дүниелер көп. Алайда ажырамас байланыс ретінде геронтократияны айтар едім. Егер Орталық Азиядағы исламның орнығуын қарайтын болсақ, формалды емес лидерлік феноменді байқауымызға болады. Герантократия соның бір формасы деп қабылдасақ, бізде мемлекет басшылығынан бөлек, халық арасында атақ-дәрежеге ие, алайда тікелей билікке қатысы жоқ, көпті көрген адамдардың болғанын білеміз. Бұл дәстүр исламның Орталық Азияға келместен бұрын болғаны да мәлім. Біздің үлкенге құрмет көрсету постулаты осы симбиоз арқылы күмән келтірмейтін қағидаға айналған. Дюркгеймдік «дін – дәстүрдің жалғасы» деген ойды осындай мысалмен де түсіндіруге болады. Алайда номадтық генеологиялық әлеуметтік құрылыс ислам әсерінен патрономиялыққа ауысты. Трнасформацияның болуы – заңдылық.

- Дінді зерттеген тағы бір ғалым болса, Макс Вебер дер едім. Ол дінді «тәуелсіз күш» деп, оны дүние жайлы шексіз білім іздеу деп түсінеді. Яғни діннің бұл тұрғыдан ғылымға ұқсайтынын айтады. Дінтанушы ретінде бұған қатысты көзқарасың қандай?

- Вебер бұл ойын әлеуметтік функциялардың қамтылу деңгейімен айтқан болып көрінеді. Дінтану тұрғысынан, діннің қазір тек ғылымға «ұқсап бағуын» көруге болады. Бірақ бұл Вебер айтқан шексіз білім іздеумен ғана шектеліп қалмады, дін белсенді түрде ғылымның жақтасына айналды. Дарвинизмді қолдайтын ғалымдар арасында діндарларды да кездестіруге болады, бұл – көп мысалдың бірі ғана. Өз басым, қазіргі ғылым мен діннің ортақ тоғысуына себеп саясилануы мен қаржылық мания деген пікірді ұстанамын. «Құтқарылу» мен ілімді «сатып алуға» болатын уақытта ғылым мен дін өте ұқсас болып кетті. Идеал тұрғыдан дін ХХІ ғасырдағы ғылымның бірде-бір жетістігіне ілесе алмайды, меніңше, оның қажеті де жоқ. Ғылым үстемдік орнатқан уақытта дінде үміт беру мен маргиналдандырмау қасиеттері сақталушы еді. Вебердің айтуын діннің асқақтауымен түсіндіретіндер де бар, ал мен оны қазір болып жатқан «ғылымилануды» болжау деп түсінемін. Нақты ғылым мен дін теңесіп келе жатқандай болып көрінуі ғана мүмкін. Бірақ мәселе діннің дамуында немесе ғылымның регресінде емес, мүдделердің алмасуында.

- БАҚ бетіндегі бір сөзіңде «дінтанулық проблематиканы тереңнен білетіндер Қазақстандағы басты проблема «салафиттер» мен «хиджаб» мәселесі емес екенін өте жақсы біледі» дейсің. Осы пікіріңді нақтылап, ашып түсіндіре аласың ба?

- Өкінштісі, біздің саланы басқарып отырғандар дінтану саласынан болмағандықтан, көзге көрінетін ғана мәселені шешуге бас қатырады. Алайда олардың жасырын болып жатқан процесстерге бас қатырмауы не білместіктен, не қолдан жасалған деген де қауіп бар менде. Идеологиялық диверсия астыртын жүруі де мүмкін. Бұл псевдоислами бағыт емес. Сондықтан да аса қауіпті. Біздегі мамандар ислами сегментті зерттеп, практикалық тығыз байланыс орнатып жүргендіктен, діни идентификациясы байқалмайтын діндарлардан қауіп көрмейтін секілді. Әлемдік дінтануды бақылауда ұстайтын дінтанушылар конверсияның болашақтағы картинасы мен негативті әсеріне бағасын беріп жатыр, дегенмен профилактикалық жұмыстар жүргізілмейді.

- Қазір қоғамда мысалы, «орамал тарту» мәселесіне қатысты дау өршіп-ақ тұр. Бірі мұны қолдайды, бірі мұны «діни», «шариғатпен өмір сүретін» мемлекетке айналудың алғышарты деп ұғынады. Сенің бұған қатысты ұстанымың қандай?

- «Орамал», «кимешек» сөздерімен хиджаб пен өзге де Таяу Шығыстық киім үлгілерді алмастырудың өзі дау туғызады. Маған, мәселен, желіде танымал болып жүрген бірнеше спикерлердің хиджабқа қатысты ойлары мен қарсылық танытатындарға берілген контраргументтері қызық болды. Соңғы уақыттағы білім беру мекемелеріндегі қыздарға діни атрибут болып саналатын «хиджабқа рұқсат ету» туралы дау қайта өршіді. Негізі, біз зайырлы мемлекет екенімізді ескеріп, толеранттылықтың барлық сферада көрініс табуын көздейтін болсақ, діни сенімге қатысты шектеулердің болуы қисынсыз. Осы ретте хиджабты жақтаушы спикерлердің айтатыны – сол баяғы Франция мен өзге де дамыған Батыс мемлекеттерінің мысалы. Алайда олардағы мәдени релятивизмі былай тұрсын, өздеріне қатысты сана деңгейі мүлдем бөлек. Біздің қоғамға Францияның мысалындағыдай білім беру саласындағы діни атрибутикаға қатысты «абсолютті еркіндікке жетуге» қайдам деп айтар едім... Дәстүр мен қарапайым этикалық құндылықтары әлсіз, ерме қоғамға мұндай еркіндік беру, шыны керек, бізді көрге сүйрейді. Мәселе діни атрибутта емес, діни атрибуттар сипаттайтын дүниетанымда болып тұр. Сондықтан біздің қоғам хиджабтан қауіптенбейтін мәдени деңгейге әлі жеткен жоқ.

- Біздің қоғамда «жат ағым» өкілдері деп кімдерді атай аламыз? Алдағы уақытта олардан қандай қауіп төнуі мүмкін екенін болжай аламыз ба? Мәселен, жыл басындағы қаңтарда болған оқиғада ел арасында түрлі діни ағымдардың қарулы қақтығысқа араласқаны сөз болды. Бұл қаншалықты мүмкін жайт?

- Шыны керек, маған «жат ағым» деген классификация мүлдем ұнамайды. «Жат», «дәстүрлі емес» діндер типтері заңдағы зайырлылық түгілі, діни сенім бостандығының өзіне күмән келтіріп тұрады.

Бірақ сіз қойған сұрақтың логикасына қарай жауап беретін болсақ, «жат ағым» өкілдері деп тәуелсіздік алған соң орын алған діни ландшафттың кеңеюімен сипатталған жаңа діни ағымдардың тарауымен түсіндіруге болады. Мен ұсынатын болжам бойынша, ЖДА (жаңа діни ағым) Қазақстан үшін ауыр зардап алып келеді. Зайырлылықты қанша жақтасам да, қоғам «зайырлылыққа» дайын болмағандықтан, мемлекет тарапынан дін саласының ұдайы қадағалануы керек деп ойлаймын. Қадағаланудың аздығы немесе қасақана жасалған бейқамдықтың салдарына жыл басындағы «қаңтарда» куә болдық. Алайда Қаңтар оқиғасы толықтай діни топтардың мүддесін көздеген қақтығыс деп айта алмаймын. Дін, саясат пен қаржы араласқан «toxic mixturе» болды.

- Дінді зерттейтін мамандар «өзге», «жат» деп баға беретін дін өкілдері өздерін шындап келгенде «дұрыс жолда жүрмін» деп санайды. Негізінде зайырлы мемлекет үшін кімнің қандай сенімде, қандай дінде екені маңызды болмау керек. Сонда осы «түсінбестіктің» орнын қалай тәпсірлеуге болады?

- Әрбір діндар өзінің дұрыс жолда жүргеніне кәміл сенеді. Бұл – әркімде болатын қалыпты жағдай. Жаңа діни ағымдардың ерекшелігі де осында, олар сеніммен шектелмейді, олар өздерін сіз айтқандай «дұрыс жолда жүрмін» деп санайды. Бірақ бұл бізді қаншалықты кызықтыруға тиіс? Жалпы өркениетті қоғамдағы адамдарды біреудің діни сенімі қызықтырмау керек. Осы орайда орыс халқының мынадай тұрақты тіркесі еске түседі, «копаться в чужом грязном белье» деген. Өкінішке қарай, біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз, сол себепті діни сенімге қатысты сұрақтар қою, біреудің діни сенімін қазбалау практикалық қажеттілікке айналды. Жаңа діни ағым өкілдері көп жағдайда агрессивті миссионерлік актілерін жасайды, яғни өз сенімдері туралы және де оның дұрыс екені жайлы айтып, адамдарды «құтқарылуға» шақырады. Бұл жерде әр адамның жеке сенімі өздерінде қалса, мәселе туындамас еді. Осы ретте кәсіби емес терминді қолдануыма тура келіп тұр, шындап келгенде, мәселе тек «азғыруда» және «азғырылуда». Қоғам мәдени жетілсе ғана кімнің қандай сенімде екені мемлекетті де, адамдарды да қызықтырмайды.


Назерке Сүйіндікова


EL.KZ
Бөлісу: