Елордада 14 қыркүйекте әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының кездесуі өтеді. Биыл съез елімізде 7-ші рет өткелі отыр, деп хабарлайды El.kz.
Екі жылға созылған пандемиядан кейінгі алғаш рет өткелі отырған съезге белгілі Рим папасы қатысады. Әлемдік дін көшбасшыларының кездесуіне тағы кімдер қатысатындығы және сьездің біздің елге берер пайдасы туралы «Бас редактор» клубының директоры Бибігүл Жексенбай пікір білдірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, съезге әлемнің түкпір түкпірінен 50-ден астам делегация қатысады. Сонымен қатар Рим папасымен бірге 80-ге жуық журналист келіп, Рим папасының сапары туралы ақпарат таратады. Сондай-ақ дін тақырыбында білікті, тәжірибелі 100-ден астам журналист мен мамандар қатысады.
«Негізінде 7-ші сьезд өткен жылы өту керек болған. Бірақ, пандемияның салдарынан кейінге шегерілді. Бұл сьездің басқа сьездерден ерекшелігі дін бағатындағы көпке белгілі көшбасшылардың бірі Рим папасының қатысуы. Ол әлемдегі 1 миллиардқа жуық католиктердің діни жетекшісі емес, әлемдік саясатта үлкен беделі бар, әлемдегі түрлі саяси мәселелерге қатысып шиеленістерді шешуге үлесін қосып, ұсыныстар айтып отыратын белгілі, белді адам. Бұл Рим папасының Қазақстанға алғашқы ресми сапары», - деді «Бас редактор» клубының директоры.
Съезге жалпы саны 300-ден аса журналист қатысады деп жоспарланған. Біздің әріптестеріміз шетелдік журналистермен араласып, дін бағытында ақпарат алмасып, сараптау жағынан кәсіби деңгейін арттыруға көмектеседі.
«Съездің аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жақында әлемнің гинестер рекордының кітабына енетін ауқымды концерт өтті. Концертте әлемдегі барлық этнос өкілдері бір оркестің құрамында өнер көрсетті. Бұған дейін әртүрлі этнос өкілдерінің бір оркестірдің құрамына жиналған жағдай тіркелмеген», - деді Бибігүл Жексенбай.
Сонымен қатар, съезден кейін дін көшбасшыларының өз қолдарымен ағаш отырғызу шарасы өтеді деп жоспарланған.