20.11.2025
10:00
906
Димаштың музыкасы швейцариялық жанкүйердің Қазақстанға махаббатын оятты

Димаштың музыкасы швейцариялық жанкүйердің Қазақстанға махаббатын оятты

Эстер Ульманн – Швейцарияның Берн қаласында тұратын Димаштың ең адал еуропалық жанкүйерлерінің бірі. Пандемия кезінде ол алғаш рет Димаштың музыкасын тыңдап, содан бері оның өнеріне жүрегімен берілген. Қазақстанға бірнеше рет келіп, қазақ тілін үйрене бастаған, Димаш пен Қазақстан жайлы кітап шығарып, Еуропада қазақ мәдениетін белсенді насихаттап жүр. El.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында Эстер Димашқа деген сүйіспеншілігі, жеке кездесуі және Қазақстан мен оның халқын терең құрметтейтіні жайлы айтты.

Эстер Ульманн – Швейцарияның астанасы Бернде тұратын зейнеткер. Бұған дейін ол әлеуметтік көмек көрсету саласында әлеуметтік қызметкер болып еңбек еткен, сондықтан өз еліндегі кедейліктің қыр-сырын жақсы біледі. Бүгінде Эстер қарт адамдарға арналған медитация сабақтарын өткізумен айналысады және коучинг бағытында жеке клиенттік базасын дамытып келеді.

– Димаштың шығармашылығын алғаш қашан және қалай таныдыңыз?

– Пандемия кезінде YouTube-тан Димашты кездейсоқ көріп қалдым. Естіген алғашқы әнім – SOS. Оның үні бірден жүрегіме жетті.

– Димаштың қай қасиеті сізді қатты шабыттандырады?

– Вокалдық шеберлігін айтпағанда, оның адами құндылықтары мен сол құндылықтарға берік болуы мені ерекше тәнті етеді. Мысалы, Дубайдағы сән көрсетілімінен кейін Димаш жүлде алған сәтте, айналасында әдемі модельдер жүргеніне қарамастан, жүлдесін қабылдап, оны әжесіне арнады. Бұл – үлкенге деген құрметтің жарқын үлгісі.    

Мен әрдайым классикалық музыканы жақсы көретінмін. Ал Димаш – маған өзге жанрларды да шын сүйдіре алған алғашқы әнші. Оның жанрларды әсем тоғыстырған композициялары керемет. Тағы бір әсер еткен нәрсе – оның әндерінің мағынасы. Ол әлемге үндеу жасап, бір аспанның астында өмір сүретінімізді еске салып отырады. «Үлесті бөлісуді емес, махаббатты бөлісуді үйреніңдер» деп тағы кім ән шырқайды?

кейіпкердің жеке мұрағатынан
кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Димашпен алғаш рет жеке қашан кездестіңіз?

– Бірде Алматыға Наурыз мейрамын атап өту үшін келген едім. Сол кезде оның OPPO шарасына қатысатынын кездейсоқ білдім. Қазақстандық журналист Рашит Ильясовтың арқасында шақырту алып, әдемі киіз үйде Димашпен суретке түстім. Бұл – онымен болған жалғыз үш минуттық жеке кездесуім. Димашты әуежайда, концерттерде көріп тұрамын. Тек биыл мамырда Алматыда оған өзім жазған бірнеше кітапты халықтың арасынан қолына ұстаттым, бірақ ол да OPPO-дағыдай толыққанды жеке сәт болған жоқ.  

– Еуропадағы Димаш жанкүйерлерінің қауымдастығы қаншалықты үлкен?

– Нақты санын білмеймін, бірақ әр концертінде 50, кейде 60-тан астам елден жанкүйерлері жиналады.

– Әртүрлі елдегі жанкүйерлер бір-бірімен байланыста ма?

– Иә, кейбір фан-клубтар бірлескен іс-шаралар ұйымдастырады. Мен өзім көптеген жанкүйерлермен, әсіресе әлеуметтік желідегі қазақстандық жазылушылармен тығыз араласамын. Олардың біразы тіпті маған Швейцарияға қонаққа да келді – бұл мен үшін үлкен құрмет.

– Еуропа елдерінде Димаштың шығармашылығына немесе жалпы қазақ мәдениетіне арналған шаралар өте ме?

– Қазір Берлинде Димашқа арналған көрме өтіп жатыр. Мені Берндегі Қазақстан елшілігі Республика күні мен Конституция күніне тұрақты түрде шақырады. Швейцарияда өте белсенді қазақ диаспорасы бар, олар көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Мені Қазақстан форумына да шақырған, бірақ дәл сол уақытта Барселонадағы Димаштың концертінде болдым.

– Қазақстанға алғаш қашан келдіңіз?

– Алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде «Алматы Аренадағы» Димаштың концертін көруге келдім. Жергілікті фан-клубтар бізге арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырды: Алматының тауларын көруге, Көлсай көліне, Шарын шатқалына, Шымбұлаққа және басқа да көрікті жерлерге бардық.

– Қазақстанға неше рет келдіңіз және қандай қалаларда болдыңыз?

– Мен Қазақстанға сегіз рет келдім. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Түркістанда болдым. Сондай-ақ, бірнеше күнді Өзбекстанның Ташкент пен Самарқанд қаласында өткіздім.

– Қазақстан сізді несімен тәнті етті?

– Маған қазақ халқының мәдениеті мен елдің бай тарихы жылы әсер қалдырды. Соңғы екі жылдан астам уақыт бойы қазақтың дәстүрін, әдебиетін, музыка және тарихын зерттедім. Әсіресе Абайдың даналыққа толы сөздері ерекше таңдандырады – олар Димаштың болмысына өте үйлеседі.

– Қазақтың ұлттық тағамдарын татып көрдіңіз бе? Қайсысы ерекше ұнады?

– Мен қазақтың ұлттық асханасын жақсы көремін! Көптеген қазақ отбасына қонаққа бардым, бешбармақ, наурыз көже жеп көрдім. Бауырсақты да қатты ұнатамын, қайта жейтін күнімді асыға күтемін.

– Сіздің ойыңызша, қазақстандықтар еуропалықтардан несімен ерекшеленеді?

– Мен швейцариялықпын, сондықтан бүкіл Еуропа атынан жауап бере алмаймын. Бірақ қазақстандықтардың дәстүрі мен рухани (діни болсын, болмасын) терең байланыс – біз жоғалтып алған құндылық екенін сеземін.   

Қазақстандықтардың көпшілігі өз тегін жеті атаға дейін білетінін естігенде ерекше таңғалдым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды – мен туған әкемді көрмеген де адаммын. Мұндай дәстүр мені әлі күнге дейін толғандырып, жауап іздеуге сан қилы сұрақтар тудырады.

– Қазақ тілін қашан үйрене бастадыңыз? Қандай қиындықтарға кезігесіз?

– Димаштың әнін алғаш естіген сәттен бастап-ақ ол туралы ақпаратты әлеуметтік желіден іздей бастадым. 2020 жылдың қаңтарында Facebook-тен «Қазақ тілінің 10 кіріспе сабағы» деген жазбаны көріп қалдым. Сабақты Аргентинада тұратын Ирина есімді қазақ әйел жүргізді. Осылайша мен қазақ тілін испан тілінде сөйлейтін жанкүйерлермен бірге, қазақша-орысша кітапты пайдаланып оқи бастадым. Тіл үйрену қиын болды, қазір де оңай емес. Менің жасым 68-де, ми бұрын жаттап алған сөздерді қайта-қайта ұмытып қала береді. Сол себепті жастарға айтар кеңесім – шет тілдерін жас кезде үйреніңдер!

Эстердің оқиғасы – Димаш өнерінің шекара, тіл және ұрпақ деген ұғымдарды шын мәнінде еңсеретінін дәлелдейтін жарқын мысал. Оның жүріп өткен жолы музыканың адам жүрегін ашып, терең мәдени байланыстар жасай алатын қуатын айқын көрсетеді. Ашық сұхбат үшін Эстерге шын жүректен алғыс айтамыз. Ол Швейцария мен Қазақстанның арасындағы достықтың тамаша үлгісіне айналды.

 

Сұхбаттасқан: Әйгерім Бәбіш