Астанада өткен форумда Димаш Құдайберген тыңдармандармен еркін форматта тілдесіп, жеке өміріне қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға ашық жауап берді. Әсіресе оның қашан үйленетіні жайлы тақырып тағы да қозғалып, әнші бұл мәселеге көзқарасын жасырмай жеткізді.
Өнер иесінің айтуынша, бұл сұрақ өзіне жиі қойылады екен. Тіпті елге оралған сәттен бастап айналасындағы адамдардың бәрі осыны сұрауға асығады.
Қазақстанға келе қалсам, әуежайдан бастап осыны сұрайды. Паспорт бақылауындағы қызметкерлер де, қарсы алған адамдар да, үйдегі жақындарым да, достарым да «қашан үйленесің?» деп сұрап жатады, – дейді ол.
Соған қарамастан, Димаш неке мәселесіне байыппен атап өтті. Оның пікірінше, отбасы құру – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды шешім.
Мен үшін бұл – өте маңызды, өте жауапты мәселе. Отбасы құруға жеңіл қарауға болмайды. Әр нәрсенің өз уақыты бар деп ойлаймын, – деп әнші таңдауға аса мұқият қарау қажет екенін жеткізді.
Ол өзінің бұл ұстанымын адам тағдырына деген жауапкершілікпен байланыстырады. Әсіресе болашақ жардың өміріне әсер ететін шешім қабылдауда абай болу керектігін алға тартты.
Қазір сезімге беріліп, қыз баласының тағдырын ойрандаудан да қорқамын. Қыздарымыздың қадірін қастерлегендіктен де шығар. Бұл тақырыпқа кішкене басқаша қараймын, – дейді ол.
Димаштың пікірінше, неке – қағаз жүзіндегі рәсім емес, өмірлік жауапкершілік.
Меніңше, неке – бір рет және мәңгілік болуы керек. Адам үйленгеннен кейін сол адаммен бір жастықта қартайсам деп ниеттенуі керек, – деп түйіндеді өнер иесі.
Форум барысында әнші қоғамдағы әйелдерге деген құрмет мәселесін де көтеріп өтті. Оның айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қыз-келіншектерге қатысты жағымсыз жағдайлар жиі көрініс тауып жатыр. Бұл мәселеге бейжай қарамау керектігін айтып, ер азаматтың басты қасиеті құрмет пен қамқорлық екенін еске салды.
Меніңше, нағыз ер азаматтық – әйелге құрметпен, қамқорлықпен қараудан көрінеді. Сондықтан барша азаматтарды қыздарды сыйлауға, қорғауға шақырамын, – деді ол.
Сөз арасында Димаш өзіне ең көп күш пен шабыт беретін жандар туралы да бөлісті. Оның айтуынша, өміріндегі ең маңызды адамдар – анасы мен әжесі.
Ең алдымен, анам мен әжем. Әжемнің жасы қазір 80-ге таяп қалды. Үнемі сапарда жүрген соң, олардың жанында аз уақыт болсам да, бірге отырып әңгімелесіп, шай ішкен сәттер мен үшін өте қымбат, – дейді әнші.
Жақында ғана Астанаға келіп, жақындарымен аз уақыт өткізгенін айтқан ол алда тағы да сапарлар күтіп тұрғанын жеткізді. Сондықтан отбасына деген сағыныш оның жүрегінен ешқашан алыстамайды.
Қанша жұмыс, гастроль, жауапкершілік болса да, адамның жүрегі бәрібір отбасына тартып тұрады, – деді ол.
Димаш Құдайберген үшін отбасы – тек жеке өмірдің бір бөлігі емес, өмірдің ең басты тірегі.
Отбасы – ең үлкен құндылық. Жақындарыммен бірге өткізген уақыттың қадірі ерекше, – деді әнші.