05.03.2026
20:30
352
Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ марапаттарына ие болды

Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ марапаттарына ие болды

Астанада ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының марапаттарын табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген түркі әлемі мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ұйымның ең жоғары наградасы — «Түркі әлемінің мәдени елшісі» атаулы орденімен марапатталды.

Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Самал Еслямова түркі және әлемдік кино өнерінің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін «Түркі әлемінің үздік әртісі» номинациясы бойынша ТҮРКСОЙ-дың арнайы жүлдесіне ие болды.

Өнер иелерін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атынан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов құттықтады. 

ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев марапаттардың маңыздылығына тоқталып, қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің ортақ түркі мәдени кеңістігін қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті.


Бүгін біз өнер арқылы түркі әлемін шынайы біріктіріп жүрген тұлғаларды құрметтеп отырмыз. Димаш Құдайберген музыка арқылы мәдени елші миссиясын атқарып келеді. Ал Самал Еслямова қазақстандық кино өнерінің символына айналды. Бұл марапаттар – олардың еңбегіне берілген лайықты құрмет, – деді Сұлтан Раев.

Өз кезегінде Димаш Құдайберген марапатты қабылдай отырып, өнер адамы үшін ең үлкен марапат – халықтың қолдауы екенін жеткізді.

Өнер адамы үшін ең жоғары марапат – халықтың мойындауы мен қолдауы. Бұл марапатты елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың нығаюының маңызды белгісі деп қабылдаймын. Бұл – жеке маған емес, бүкіл қазақ халқына көрсетілген құрмет, – деді әнші.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген – аталған марапатқа ие болған екінші тұлға. Бұған дейін бұл атақ Түркияның Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Азиз Санджар берілген.