Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртасты мүлдем салыстыруға келмейді - композитор

24 Мамыр 2023, 09:33 19809

Бүгін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықтың сүйікті әншісі, сазгер, мультиинструменталист Димаш Құдайбергеннің туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Димаш – өнерлі отбасынан шыққан. Әкесі Қанат Айтбаевпен анасы Светлана Айтбаева танымал әншілер болса, ата-әжесі музыка саласының маманы.

Сазгер жігіт кішкентай кезінен спектакльде ойнап, бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш рет рет ән шырқап таныла бастаған. Әнші алты жасқа толғанда «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанды. Кейіннен Димаш Витебск қаласында XXIV халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алып аты әлемге таныла бастайды. Сөйтіп, ол екі күн ішінде 175 ұпай жинайды. Бірінші күні ол Константин Меладзе композиторінің «Опять метель» әнін орындаса, ал екінші күні Француз әншісі Грегори Лемаршаль репертуарынан алынған «Sos dun terien un detresse» әнін шырқайды.  

Ал 2017 жылдың 15 сәуір күні Димаш Құдайберген Қытайдағы «Singer 2017» жобасына қатысып екінші орынды иеленеді. Әнші өзінің ақтық сынағында Қытайдың әншісі Шан Венжемен дуэт құрып ән айтады. Ақтық сынақта ол Майкл Джексонның: Dangerous, Billie Jean, The Way You Make Me Feel және Earth song атты әндерін орындайды.

Димаш Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы қоры сыйлығының иегері,  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» сынды көптеген марапаттарға ие. Сондай-ақ Димаш Құдайберген 2021 жылы Азиядағы ең сымбатты ер адам атанған.

Бұл ретте әнші Димаштың туған күніне орай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының бас хормейстері Амантай Жұмашевпен бір-екі ауыз пікір алмастық. Ол Димашты дүние есігін ашқан күнімен құттықтап, оның дауысының өзгелерден ерекше екенін атап өтті.

Димаш – қазақтың маңдайына біткен бағы, ол біздің мақтанышымыз. Оның дауысы 5-6 октаваға дейін жетеді. Димаштың фальцетпен ән айтуының өзі керемет өнер ғой. Әншінің дауысы – біріншіден, Алладан берілген ерекшелік. Ал екіншіден, үлкен еңбектің нәтижесі. Өзім ән, хор маманы ретінде Димаштың өнерін өте жоғары бағалаймын, - деді ол.

Сонымен қатар хормейстер көпшілік арасындағы Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртаспен салыстыруға қатысты пікірмен келіспейтінін ашып айтты.

Кейбіреулері Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртасты салыстырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес деп есептеймін. Екеуі тіпті жер мен көктей десе де болады. Себебі екі әншінің бағыты да, деңгейі де екі бөлек. Димашты одан гөрі Майкл Джексонмен салыстырған жөн дер едім, - деді композитор.

Амантай Жұмашев Димаш Құдайбергеннің дауысы сырқат адамдарға ем бола алады деп есептейді.

Адамды абақтыға жауып, оған жаман музыка қосып жынды қылып жіберуге де немесе керісінше жақсы музыка қосып, оны дертінен айықтырып алуға да болады. Себебі адамның дауысы – аспаптардың ішіндегі ең кереметі. Әлемде неше түрлі аспаптар бар шығар, бірақ адамның табиғи дауысына жетері жоқ. Сондықтан мен Димаштың дауысымен сырқатты емдеуге болады деген пікірмен жүз пайыз келісемін. Бұл тіпті бесенеден белгілі нәрсе ғой. Димаштың әндерін тыңдап, одан күш-қуат, шипа алу керек деп есептеймін, - деді композитор.

Оған қоса хормейстер тыңдармандарға Димаштың кез келген әнін тыңдауға кеңес берді.

Мен Димаштың анау әнін, мынау әнін тыңдау керек деп айтпаймын. Себебі өзіме әншінің кез келген әні ұнайды. Димашты әндерінің өңдеушісі де өзі деп ойлаймын. Тіпті оның композиторға өзінің кеңес беретініне жүз пайыз сенімдімін. Қай жерде дауысты көтеріп, төмендету керегін, қалай импровизация жасау қажет екенін жақсы біледі. Композитор өлеңнің шумағы мен қайырмасын жазып береді. Ал қалған импровизация Димаштың өзінен. Оның барлығы әншінің әнінен сезіліп тұрады, - деді Амантай Жұмашев.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: