Нью-Йорктің әйгілі Madison Square Garden аренасында алғаш рет Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны шырқалды. Мыңдаған көрерменнің алдында әлемдік жұлдыз Димаш Құдайберген өзінің жеке концертімен сахнаға шықты. Бұл аталған аренада ТМД елдерінен шыққан әртіс өткізген ең алғашқы жеке концерт болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Концерт қарсаңында Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығында Димаш пен мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ АҚШ-та қазақ мәдениеті мен музыкасын насихаттап жүрген ұйымдармен кездесу өтті. Іс-шара мәдени дипломатияны дамытуға және шетелде қазақстандық бастамаларды қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.
Кездесуде Қазақстан мен Америка арасындағы мәдени және іскерлік байланыстарды нығайту, сондай-ақ қазақ музыкасын әлемдік деңгейде таныту мәселелері талқыланды. Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени және іскерлік қауымдастығының (KCBANA) және Филадельфия университетінің профессоры Владимир Денің еңбегі ерекше аталды. Профессор Ден Қуат Шілдебаев, Ғазиз Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды қазақ композиторларының мұрасын жүйелі түрде насихаттап келеді.
Ал Димаштың Madison Square Garden сахнасындағы концерті әлемдік деңгейдегі тарихи оқиға болды. Әнші бұл арманының бала кезден бастау алғанын айтты.
Боксқа бала кезден қызықтым, мені осы сахнада өнер көрсеткен Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон шабыттандырды. Сондай-ақ Майкл Джексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион, Андреа Бочелли сияқты аңыз тұлғалар дәл осы сахнада ән салған. Сондықтан мен үшін бұл - үлкен арманның орындалуы, - деді ол.
Димаштың «Stranger» атты бағдарламасы - түрлі тілдер мен музыкалық стильдердің үйлесімі. Концерт «Golden» әнімен басталып, ағылшын тіліндегі Smoke, итальян тіліндегі Olimpico және қытай тіліндегі Battle of Memory композицияларымен жалғасты.
Кештің шарықтау сәттерінің бірі - екі мәрте «Грэмми» иегері Уолтер Афанасьевтің сүйемелдеуімен алғаш рет орындалған Love’s Not Over Yet әні болды.
Димаштың энергетикасы мен дауысы көрерменді баурап алады. Мен мұндай әсерді сирек көремін. Ол тек әнші емес, музыкамен сөйлейтін адам, - деді Афанасьев.
Үш сағатқа созылған концерт «Дүрдараз» әнімен аяқталып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Әнші концерт соңында командасын сахнаға шақырып, келесі кездесуін 8 қазанда Мексикада өтетін концертінде күтетіні туралы хабарлады.