09.02.2026
15:21
2393
Димаш Құдайберген Испанияда қазақ қызының арманын орындады

Димаш Құдайберген Испанияда қазақ қызының арманын орындады

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері әншінің Испаниядағы концерті кезінде ерекше әсерлі сәттің куәсі болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Барселона қаласында өткен кеште ол залда отырған қазақ қызын байқап, онымен бірге сахнада ән шырқады.

Концерт барысында Димаш көрермен арасынан отандасын көріп, таңданысын жасырмады. Қазақ қызы әншімен бірге «Ұмытылмас күн» атты туындыны орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Есімім Жанель. Қазақстандықпын, қазір Испанияда тұрамын. Барселонаға келгеніңізге өте қуаныштымын. Сізге алғысымды білдіремін, – деді бойжеткен.

Әсерлі сәтте Димаш Жанельді құшақтап, маңдайынан сүйіп, өз ризашылығын білдірді. Бұл көрініс әлеуметтік желіде кеңінен таралып, жанкүйерлердің жүрегін елжіретті.

Қытайдағы рекорд

Бұған дейін Қытайда Димаш Құдайбергеннің қатысуымен түсірілген Voice Beyond Horizon халықаралық музыкалық шоуының тұсаукесері де ел көлеміндегі үлкен оқиғаға айналған еді.

DimashNews.com порталының мәліметінше, жобаның алғашқы шығарылымы небәрі 24 сағат ішінде 102 миллион қаралым жинап, Қытай медиа кеңістігінде абсолютті рекорд орнатты. Hunan TV телеарнасының деректеріне сәйкес, шоу CVB ұлттық желісі мен CSM71 қалалық желісінде аймақтық спутниктік арналар арасында көш бастады. Сонымен қатар KuYun мен Huanwang платформаларының нақты уақыттағы рейтингтерінде де бірінші орынға шықты.

Айта кетерлігі, Voice Beyond Horizon жобасы бір мезетте бірнеше елдің елшіліктері мен беделді халықаралық БАҚ-тарында тікелей эфирде көрсетілген алғашқы музыкалық жоба ретінде тарихта қалды. Атап айтқанда, Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен China Daily газеті шоудың премьерасын бірге трансляциялады. Жобаға Қазақстан мен Малайзия елшіліктері ресми қолдау білдірді.

Әлем жұлдыздары қолдаған авторлық жоба

Сонымен қатар Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген халықаралық деңгейдегі өзінің авторлық «Көкжиектен асқан үн» жобасының алғашқы эпизоды көрерменге жол тартқанын мәлімдеді.

Жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен танымал өнер иелері қолдау білдірді. Олардың қатарында Саймон Уэбб, Лара Фабиан, Пласидо Доминго, Андреа Бочелли, Игорь Крутой, Степан Хаусер, сондай-ақ WBC президенті Маурисио Сулейман сынды жаһандық деңгейдегі тұлғалар бар.

Жобамызды қолдап, құттықтаған әлемдік жұлдыздарға және барша жанкүйерге шексіз алғыс айтамын. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі шабыт. Осындай қолдау алға сеніммен қадам басуға күш береді. Алғашқы эпизод көрермендерге жол тартты, келесі аптада қайта жүздесеміз, – деді әнші.

Димаш Құдайбергеннің бұл жетістіктері оның халықаралық сахнадағы беделін тағы бір мәрте айқындап, қазақ өнерінің әлемдік кеңістікте жаңа белеске көтерілгенін көрсетті.