Қазақстандық әншінің композициясы Польша радиочартында бір жылдан астам уақыт бойы көш бастап келеді, деп жазады El.kz Dimashnews-ке сілтеме жасап.
Димаш Құдайбергеннің «Love’s Not Over Yet» әні польшадағы Radio Olsztyn радиостанциясының чартында бірінші орнын сақтап тұр. Трек рейтингтің шыңында 52 апта бойы тұр, бұл аталған хит-парад үшін рекордтық көрсеткішке айналды.
Осы уақыт ішінде композиция тек бір рет қана екінші орынға түскен, алайда бір аптадан кейін қайтадан бірінші орынға оралып, көшбасшылығын жалғастырған. Чарттың архивтік деректері әннің бір жыл бойы позициясын өзгертпегенін растайды.
Рейтингтегі белгі тректің 52-апта қатарынан бірінші орында тұрғанын көрсетеді. Бұл тыңдармандардың тұрақты қызығушылығы мен әннің жоғары танымалдылығын айғақтайды.
Осылайша, қазақстандық орындаушының бұл композициясы Польшадағы радиочартта ең ұзақ уақыт бойы бірінші орында тұрған әндердің біріне айналды.
Димаш Құдайберген – әлемдік деңгейде танылған қазақстандық әнші, композитор және мультиинструменталист. Ол кең вокалдық диапазонымен және түрлі жанрларды еркін орындауымен ерекшеленеді. Әнші халықаралық сахнада Singer 2017 байқауы арқылы кеңінен танылып, үлкен жанкүйерлік база қалыптастырды.
Бүгінде Димаш әлемнің көптеген елінде концерт беріп, қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттап келеді. Оның шығармашылығы классикалық музыкадан бастап поп, рок және этно бағыттарын қамтиды, бұл оны заманауи музыканың бірегей өкілдерінің қатарына қосады.