Қазақстандық әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) тарапынан жаһандық ізгілік елшісі мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маңызды хабар 8 желтоқсанда Женевада өткен ХКҰ кеңесінің жыл сайынғы жиынында жарияланды. Dimashnews таратқан деректерге сүйенсек, бұл Димаштың ұйыммен ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан серіктестігінің жаңа кезеңі. Өткен жылы ол өңірлік ізгілік елшісі атанып, миграция, адам саудасы және қоғамның осал топтары мәселелеріне арналған түрлі гуманитарлық жобаларда белсенділік танытқан. Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға сапары кезінде өнерді гуманитарлық бастамаларды ілгерілету құралы ретінде қолдану идеясын қолдаған болатын.
Биыл Димаш ХКҰ-мен ынтымақтастығын кеңейтіп, Рамазан айындағы қайырымдылық шараларына қатысып, адам саудасына қарсы күреске бағытталған жобаларды қолдады. Stranger атты әлемдік туры аясында Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон мен Берлин сахналарында инклюзивтілік пен бірлік туралы ойларын жеткізіп, ХКҰ қызметінің танылуына ықпал етті.
8 желтоқсандағы кеңесте ол БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің делегаттары алдында S.O.S d’un terrien en détresse әнін орындады. ХКҰ бас директоры Эми Поуп өнерпаздың гуманитарлық бастамаларға қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Димаш өз дауысын тек өнер үшін емес, көп жағдайда назардан тыс қалатын адамдардың үнін жеткізу үшін пайдаланып жүр, - деді Эми Поуп.
Жаңа мәртебені қабылдаған Димаш Құдайберген бұл жауапкершілікті жоғары бағалайтынын жеткізді.
Жаһандық ізгілік елшісі болу – үлкен мәртебе. Мен қауіпсіз миграция мен инклюзивтілік идеяларын қолдауды және дағдарыс жағдайларында ХКҰ жұмысына жәрдемдесуді жалғастырамын, - деді Димаш Құдайберген.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген жайлы кітап жарық көрегнін хабарлаған едік.