Адал сайлау ең алдымен заңға сәйкес өтуi керек – заңгер

4 Қазан 2022, 12:24 2717

Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдiрасыловпен сұхбат.

Елiмiзде 20-қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтедi. Биылғы сайлаудың барлық отандастарымыз үшiн қаншалықты маңызды екендiгi айтпаса да белгiлi. Алайда, қарапайым халық кандидаттарға дауыс берер алдында, сайлауға қатысты заң мен барлық ақпараттан хабардар болуы қажет.

Қазақстандағы сайлау жүйесi қандай? Адал сайлау қалай өтуi керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын бiлу үшiн заңгер, «Адал сайлау үшін» заңгерлер штабының мүшесі Ермек Әбдiрасыловтан сұхбат алған едiк.

– Заң тұрғысынан алып қарағанда адал сайлау қалай өтуi тиiс?

–  Адал сайлау ең алдымен заңға сәйкес өтуi керек. Оны кезең-кезеңiмен бөлiп қарастыратын болсақ, алдымен сайлаудың өтуi, тiркеу мерзiмi уақытында жариялануы тиiс. Әр қоғамдастық ұйым белгiленген уақыт аралығында сайлауға өзiнiң кандидаттарын ұсына алады. Мұның барлығын орталық сайлау комиссиясы тексерiп, бақылап отыруы керек. Үмiткерлердi тiркеу уақыты аяқталғаннан соң, ендiгi кезекте, оларды насихаттау жұмысы басталады. Екiншiден, әр үмiткердiң құқығы өзара тең болуы тиiс. Мысалы, мемлекет органдары, орталық сайлау комиссиясы оппозициялық партиялардың тiркелуi барысында ешқандай қиындық тудырмауы керек. Көптеген себептермен тiзiмге енгiзбеуге тырысатын әрекеттер жасалмауы тиiс. Оларға жалған жала жабудан алшақ болған жөн. Сонымен қатар, Президенттiкке үмiткер болған әр тұлғаны бiрдей қаржыландыру қажет. Үшiншiден, сайлаудың адал өтуi – әр азаматтың сайлауға қатысу еркiндiгiнiң болуында. Сондай-ақ, сайлау жұмысының ашық өтуi, комиссия мүшелерiнiң қалай жұмыс iстейтiнi, елiмiз бен шетелден келген бақылаушылардың қалай қатысатыны, атқаратын қызметтерi – осының барлығы адал сайлаудың тағы бiр көрсеткiшi деп есептеуге болады. Әрине, бұл айтылғанның барлығы тек заң негiзiнде жүзеге асырылады.

– Заңгерлердiң сайлау барысындағы атқаратын рөлi қандай?

–Осы сайлау барысындағы заңгердiң рөлiне тоқталатын болсақ, алдымен оның қандай қызмет атқаратынын, яғни прокурор ма, судья ма, адвокат па, ғалым ба, заңгер консультант па деп жеке қарастыруымыз керек. Өйткенi, олардың әр қайсысының арнайы өкiлеттiк қызметтерi бар. Судья сайлауға байланысты дау туындаса, сот төрелiгiн атқарады, прокурор сайлау туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң дұрыс қолданылып жатқанын бақылайды, заңгер-ғалымдар көбiнесе, нормативтiк құқықтык актiлерге ғылыми тұрғыдан түсiндiрме бередi, ал адвокаттар, заңгер консультанттар үмiткерлердiң заңды мүдделерiн қорғауда өздерiнiң кәсiптiк қызметiмен қамтамасыз етедi. Мысалы, жақында «Қазақстан заңгерлер одағының» заңгерлерi сайлаудың адал өтуiн көздеуде «Адал сайлау үшiн» атты ұйымды құрған болатын. Оның негiзгi мiндетi – ҚР Президентiнiң сайлауы туралы заңнамалық түсiндiрме жұмысын жүргiзу, электоралдық процеске қатысушыларды қабылдау және оларға консультация беру. Сондай-ақ электоралдық науқан барысына мониторинг жүргiзiп, оның қатысушылары мен азаматтық белсендiлерге, БАҚ, халықаралық ұйымдар өкiлдерiне құқықтық кеңес беру болып табылады. Сайлауға қатысушылардың iс-әрекеттерiн құқық негiзiнде бағалау және заңнаманы бұзу фактiлерiне ақпараттық алаңда ден қою, сайлау процесiне қатысушылармен және азаматтық қоғам өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасау, науқан барысында туындайтын даулы жағдайларды қарау.

Қысқаша айтқанда, «Адал сайлау үшiн» атты ұйымның ең бiрiншi қойып отырған мақсаты, қарапайым халыққа заң негiзiнде түсiнiк беру, оның нормаларын түсiндiру жұмыстарын жүргiзу. Осылайша, әр заңгер сайлаудың адал өтуiне ат салысуы қажет деп ойлаймын. Өзiм осы ұйымның мүшесiмiн.

–  Сайлаудың өтуiне арнайы комиссия мүшелерi қалай жасақталады?

– Сайлау комиссия мүшелерi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары, учаскелiк сайлау комиссиялары болып бөлiнiп қызмет атқарады. Орталық сайлау комиссиясы Төраға мен 6 мүшеден құралады. Комиссияның Төрағасы мен 2 мүшесiн ҚР Президентi тағайындайды. Ал қалған мүшелерiн Парламенттiң әр Палатасы жеке, өзге Палатаның әсер етуiнсiз – 2 мүшесiн Сенат, екеуiн Мәжiлiс сайлайды.

Орталық сайлау комиссиясы – мемлекеттегi сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн басқарып, тұрақты түрде қызмет ететiн орган. Аумақтық сайлау комиссияларын – Орталық сайлау комиссиясы, учаскелiк сайлау комиссияларын – тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары құрайды.  

Орталық сайлау комиссиясынан бөлек, сайлау комиссияларының құрамын тиiстi мәслихаттар құрады. Сайлау комиссияларының өкiлеттiк мерзiмi 5 жылға дейiнгi уақыт аралығынан тұрады. Елiмiзде соңғы рет аумақтық және учаскелiк сайлау комиссиялары 2019 жылы құрылған.

Аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларының құрамын саяси партиялардың ұсыныстары бойынша тиiстi мәслихаттар құрайды. Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының мүшелерiне бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын үмiткерлердi ұсына алады.

–  Олардың әрқайсының мiндетi қандай?

– Ең алдымен, Орталық сайлау комиссиясының мiндетiне қысқаша тоқтала кететiн болсақ, ол Республика аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуы мен олардың бiрыңғай қолданылуын бақылайды. Сонымен қатар өзiнiң құзыретi аясында барлық Республика аумағында мiндеттi шешiмдердi қабылдай алады.  Мысалы, Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 22 қыркүйектегi Қаулысымен 2022 жылғы 20-қарашаға белгiленген Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектен тыс сайлауын дайындау және өткiзу жөнiндегi негiзгi iс-шаралардың Күнтiзбелiк жоспары бекiтiлген болатын. Осыған сәйкес, жақында болатын Президенттiк сайлауға байланысты кандидаттарды тiркеп, оларға тиiстi куәлiктер бередi. Үмiткерлердi тiркеу туралы БАҚ-та ақпарат жариялап, тағы да басқа көптеген жұмыстарды атқаруда өкiлеттiгiн жүргiзедi.

Ал, аумақтық комиссия мүшелерiнiң қызметiне келетiн болсақ, олар белгiленген әкiмшiлiк-аумақтық жерлерде сайлау туралы заңдардың атқарылуын бақылаумен айналысады. Президент, Парламент және мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар жерлердiң әкiмiн, басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауды әзiрлеу мен өткiзуiн қамтамасыз етедi. Оның iшiнде партия тiзiмдерiн ұсынған Президенттiкке үмiткерлердiң, саяси партиялардың сенiм бiлдiрген мүшелерiн тiркеп, оларға тиiстi куәлiктерiн бередi. Төмен тұрған аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық етiп, олардың шешiмдерiнiң күшiн жойып, олардың жұмысын тоқтата тұра алады.

Учаскелiк комиссия мүшелерiнiң мiндетiн атайтын болсақ, олар учаскелiк комиссияның орналасқан мекемесi жайлы сайлаушыларға хабар берiп, тиiстi сайлау учаскесiнде олардың тiзiмiн нақтылайды, тұрғындарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады. Тiзiмдегi кеткен қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қараумен, оған тиiстi өзгерiстер енгiзу жайлы түрлi мәселелердi шешумен айналысады.

Оған қоса, учаскелiк комиссия мүмкiндiгi шектеулi тұлғалардың сайлау құқықтарын iске асыру үшiн қажеттi шаралар қабылдайды, сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабар етiп, дауыс беруге арналған орынды дайындайды, кабиналар мен жәшiктердiң болуын қамтамасыз етедi, сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырып, дауыс санауды жүргiзедi, содан кейiн барып учаскедегi дауыс беру нәтижелерiн анықтайды.

– Сайлауға қатысты заңға жаңадан қандай өзгерiстер енгiзiлдi?

– Конституциялық өзгерiстерге сай, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары тек қана пропорционалды жүйе арқылы ғана емес, мажоритарлы жүйемен де өтетiн болады. Яғни, партиялар мүшелерiнiң тiзiмiнен бөлек, жеке тұлғаларға да дауыс беру мүмкiндiгi болады. Осы аралас жүйемен облыстық мәслихаттар да сайланатын болады, ал аудан мәслихаттары келешекте тек мажоритарлы жүйемен сайланады. Яғни партиялардың тiзiмiне саулаушылардың даусы берiлмейдi, тек жеке тұлғаларға дауыс беру арқылы аудан мәслихаттары құрылады.

Әкiмдердi де тағайындау тәртiбi өзгередi. Алдағы уақытта облыс әкiмiн тағайындауда Президент аймақтық мәслихат депутаттарының өкiлдерiне екiден кем емес кандидатураларды ұсынатын болады. Мәслихат депутатары осы кандидаттардың iшiнен бiреуiн сайлайды. Ал келешекте, 2024 жылдан бастап, аудан әкiмдерi аудан тұрғындарының дауыс беруi арқылы сайланатын болады.

Тағы бiр айта кететiн жәйт, бүгiн байқаушыларды аккредиттеу институтын дамыту мәселесi талқыланып жатыр. Сайлау туралы қолданыстағы конституциялық заңда өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу негiзделген. Оларды ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсынуымен Орталық сайлау комиссиясы тiркейдi. Бiрыңғай құқықтық реттеу мақсатында заң жобасында ұлттық байқаушыларды да аккредиттеуi ұсынылады. Мұндай талаптар халықаралық тәжiрибеде бар. Мәселен, Норвегия, Армения, Грузия секiлдi елдерде ұлттық байқаушыларды тiркеу қарастырылған.

–     Елiмiздегi сайлау жүйесiнiң өзге мемлекеттердегi сайлаудан қандай ерекшелiгi бар?

–     Бiздiң мемлекеттегi саулаудың шетелдегi сайлаудан аса қатты бiр айырмашылығы бар деп айта алмаймын. Өйткенi, Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесi халықаралық тәжiрибенi ескере отырып қалыптастырылды. Парламент сайлауы кейбiр мемлекеттерде пропорционалды жүйеде, ал басқасында мажориталды жүйеде өтуi мүмкiн. Ал, президенттiк сайлауға келер болсақ, АҚШ-та бiздегiдей тiкелей емес, сайлау жанама түрiнде өтедi. Алдымен азаматтар сайлаушыларды таңдайды, олар өз кезегiнде АҚШ Президентiн сайлайды. Сайлаушылар пошта арқылы да дауыс бере алады. Қандай мемлекет болса да Президентiкке қоятын өзiнiң талабы болады.

–  Сайлау жұмысының өту барысына нешiншi рет қатысқалы отырсыз? Сол кездегi атқарған қызметiңiзбен, тәжiрибеңiзбен бөлiсе кетсеңiз.

–  Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде, әркездегi өткен Президент сайлауына қатысып отырдым. 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң заң факультетiнiң деканы ретiнде қызмет еттiм. Сол кездерi арнайы штаб құрылған болатын. Ұйымдағы төрағаның орынбасары, мүшесi ретiнде тiкелей сайлау жұмыстарына ат салыстым. Ал, заңгер ретiнде, 2019 жылы өткен сайлауда Президенттiкке кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы болып қызмет атқардым. Менi жiберген учаскеде сайлаудың өту барысын, комиссия мүшелерiнiң жұмысын толығымен бақыладым. Сол кездерi Президентiмiз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидат ретiнде мүддесiн қорғадым.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: