2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайҚазақстанда 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» Жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Мемлекет басшысы ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған құжатты бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл стратегия алдағы жылдары елдің технологиялық дамуын айқындайтын басты құжатқа айналады. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанды жекелеген қызметтерді цифрландырған мемлекеттен деректерге, жасанды интеллектке және заманауи технологияларға сүйенетін толыққанды цифрлық елге айналдыру.
Цифрлық дамудың жаңа кезеңі
«Digital Qazaqstan» стратегиясы мемлекетті, экономика мен қоғамды жаңғыртудың жаңа кезеңін бастайды. Құжатта Қазақстанның технологиялық ұлт ретінде қалыптасу бағыты, негізгі басымдықтары мен нақты жұмыс жоспары айқындалған.
Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда үкіметтердің жасанды интеллектке дайындық индексі бойынша алдыңғы орында тұр. Сондай-ақ электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша да әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі департаментінің басқарма басшысы Аманат Рахимовтың айтуынша, Қазақстан бұл бағытта өңірлік деңгейде ғана емес, Еуразия кеңістігінде де өз орнын нығайтып келеді.
Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, Еуразияда да көшбасшы позицияға ие. Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған мемлекеттік органдардың жасанды интеллектке әзірлік индексінің 2025 жылғы рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемнің 195 мемлекеті арасында 60-орынға ие болып отыр. Бір жыл ішінде көрсеткіш бірден 16 пайызға жоғарылады, – деді ол.
Стратегия аясында жасанды интеллектіні жаппай енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалануды, логистика мен энергетиканы цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімге жыл сайын орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ көлемінде қосымша үлес қосады деп күтіледі. Ал үш жылдық кезеңдегі салыстырмалы нарықтық инвестиция көлемі 10,5 млрд доллардан 16,5 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.
Азаматтарға қандай өзгеріс әкеледі?
Стратегияның бірінші бағыты азаматтардың мүддесіне арналған. Бұл ретте мемлекеттік қызметтер әрбір адамның өмірлік жағдайына қарай бейімделуі тиіс.
Яғни азаматқа анықтама жинап, бірнеше мекемеге барудың қажеті азаяды. Мемлекеттік сервистер проактивті түрде ұсынылып, адамның қажеттілігі алдын ала ескеріледі.
Әлеуметтік салада төлемдер, жәрдемақылар, денсаулық сақтау қызметтері мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетіктері «Әлеуметтік әмиян» экожүйесінің айналасында шоғырландырылмақ. Бұл азаматтарға әлеуметтік қолдауды жылдам әрі ашық алуға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласында предиктивті аналитика енгізіледі. Мұндай тәсіл аурудың алдын алу, дәрі-дәрмек қорын тиімді басқару және медициналық қызмет сапасын арттыру үшін қолданылады.
Білім беру жүйесінде ЖИ-маршруттар пайда болады
Стратегияда білім беру саласына ерекше басымдық берілген. Балалардың ерте жастан бастап дамуына арналған дербес жасанды интеллект маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл әр оқушының қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, білім алу бағытын жекелендіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні меңгерген жаңа буын мамандарын даярлау жұмысы күшейтіледі.
Халық арасында генеративті жасанды интеллектіні меңгеру деңгейі кемінде 20 пайызға жетуі тиіс. Бұл мақсатқа академиялық орта, жоғары оқу орындары және өңірлік IT-мектептер арқылы қол жеткізу көзделген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Аян Рамазанның айтуынша, жоғары білім беру жүйесіне де үлкен міндет жүктеліп отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты Үкімет арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Құжаттың басты мақсаты – алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл ретте жоғары білім беру жүйесіне ерекше міндет жүктеледі. Яғни ел экономикасына жасанды интеллектіні меңгерген, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейім білікті мамандар даярлау көзделген, – деді Аян Рамазан.
Қазірдің өзінде 600 мыңға жуық студент ақылды технологияларды меңгеріп үлгерген. Отандық AI-Sana бағдарламасы студенттер мен оқытушыларға жасанды интеллектіні өз мамандығында қолдануды үйретеді. Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушылар жасанды интеллект негіздерін үйренсе, келесі кезеңде Stanford University мамандары әзірлеген онлайн курстардан өтеді.
Курсты аяқтағандарға Coursera және Astana Hub арқылы сертификат беріледі. Сонымен қатар бірқатар университетте интеллектуалды зертханалар ашылып, студенттерге халықаралық білім бағдарламалары қолжетімді бола бастады.
Бизнес пен экономика қалай өзгереді?
Стратегияның екінші бағыты бизнес пен жаңа экономиканы дамытуға арналған. Құжатта агроөнеркәсіп, құрылыс, қаржы секторы, мұнай-газ саласы және шағын бизнесті терең цифрландыру көзделген.
Жасанды интеллект, цифрлық егіздер және интеллектуалды платформалар еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға көмектеседі. Бұл отандық бизнестің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуі тиіс.
Сонымен қатар робототехника, ұшқышсыз жүйелер, цифрлық активтер және ғарыш технологиялары сияқты болашақ индустрияларын дамытуға жағдай жасалады.
Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – егеменді AI Hub құру. Ол деректерді өңдеу орталықтарының толыққанды алаңы ретінде дамытылады. Хабта есептеу қуаттары, ғылыми-зерттеу институттары және жетекші технологиялық компаниялар біріктіріледі. Жоспар бойынша оның құрамындағы есептеу орталықтарының қуаты 1 ГВт-қа дейін жеткізіледі.
Стратегия жеке инвестицияларды, халықаралық технологиялық компанияларды, даму институттарын және әлемдік сарапшыларды тартуға бағытталған. Нәтижесінде қазақстандық IT-қызметтер экспорты кемінде екі есеге артып, жаһандық нарыққа кемінде үш отандық unicorn компания шығуы тиіс.
Мемлекеттік аппарат сервистік модельге көшеді
Үшінші бағыт мемлекеттік аппараттың жұмысын өзгертуге бағытталған. Яғни ведомстволық бытыраңқы шешімдерден бас тартып, мемлекеттік басқаруды деректерге негіздеу көзделіп отыр.
Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл – ел дамуының жаңа моделіне көшу.
Әңгіме дамудың жаңа моделіне көшу туралы болып отыр. Мұнда деректер, жасанды интеллект және заманауи технологиялар мемлекеттік басқарудың, экономика мен әлеуметтік саясаттың негізіне айналады. Біз жекелеген қызметтер мен процестерді цифрландырудан елдің тұтас цифрлық архитектурасын құруға көшіп жатырмыз, – деді министр.
Оның сөзінше, азаматтар үшін бұл ыңғайлы әрі дербестендірілген мемлекетті білдіреді. Ал бизнес үшін өнімділіктің артуы, шығындардың төмендеуі және жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Экономика үшін бұл жаңа салаларды қалыптастыру, инвестициялар тарту және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту, – деді Жаслан Мәдиев.
Жасанды интеллект мемлекеттік органдардағы күнделікті әкімшілік процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қайталанатын функцияларды қысқартып, шешім қабылдау сапасын арттыруға бағытталады.
Бюджет қаражатын жоспарлау мен бөлу де цифрлық бақылау жүйелері арқылы жүргізіледі. Бұл әрбір теңгенің ашық әрі тиімді жұмсалуына ықпал етуі тиіс.
Қауіпсіз қала және киберқорғаныс
Стратегияда киберқауіпсіздік пен ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғауға да ерекше назар аударылған. Құжатта тұрақты цифрлық инфрақұрылым құру, шифрлаудың озық стандарттарын енгізу және маңызды нысандарды сыртқы қауіптерден қорғау қарастырылған.
Сонымен қатар «ақылды қала» стандарттары қала халқының кемінде 70 пайызын қамтуы тиіс. Жасанды интеллект пен мінез-құлықтық бейнеаналитика қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, оқиғаларға әрекет ету уақытын үштен бірге қысқартуға мүмкіндік береді.
Онлайн-алаяқтықпен күрес те ұлттық деңгейде күшейтіледі. Бұл үшін азаматтарды цифрлық қауіптерден қорғауға арналған кешенді экожүйе қалыптастырылады.
Қазақстан технологиялық елге айналуды көздейді
«Digital Qazaqstan» стратегиясы – Қазақстанның технология, білім және инновацияға негізделген даму моделіне көшуін айқындайтын құжат. Ол цифрлық қызметтерді дамытумен ғана шектелмей, экономиканың, мемлекеттік басқарудың және әлеуметтік саланың жұмыс істеу тәсілін өзгертуге бағытталған.
2029 жылға қарай Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілеттілік бойынша халықаралық рейтингтердегі орнын нығайтып, технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуды жоспарлап отыр.
2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?1 Шілде, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат