Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президенттің АҚШ-тағы кездесулері жайлы жазба жариялады, деп хабарлайды El.kz
Кездесуге жер жаһаннан 30-дан астам IT-маман келген. Олар саладағы өзекті мәселелерді талқылаған.«Мұхит асып, АҚШ-қа іс сапармен келдік. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ жастарының басын қосқан Digital Nomads қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Қауымдастық - әлемнің түкпір-түкпірінде алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық IT-мамандардың басын біріктіріп отыр. Атап өтерлігі, Digital Nomads біздің министрліктің бастамасы бойынша құрылған болатын. Бүгінде оның құрамында 400-ден астам IT-маман бар», деп жазды Бағдат Мусин фейсбуктегі парақшасында.
«Атап айтқанда, олардың қазақстандық мамандардың жаңа буынын дайындауға көмектесуі, спорттық бағдарламалау және венчурлық инвестициялар бойынша жобаларды іске асырып жатқаны туралы айтылды. Бұдан бөлек, Digital Nomads өкілдері шетелдік IT-материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша олар елімізден жырақта болса да, мыңдаған шақырым жерде тұрып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлестерін қосуда. «Ұйымдасқан ұтады» деген қанатты сөз бар! Бір табысты мысалға тоқтала кетейін. Бір кездері АҚШ пен Еуропаның жоғарғы оқу орындарында білім алған Үнді елінің азаматтары, қазақ жастары сияқты өздерінің IT-мамандарының қауымдастығын құрған болатын. Уақыт өте келе осы топтан шыққан Үнді жастары әлемдегі танымал IT-компанияларда басшылық лауазымдарды иеленді. Қазіргі уақытта олар өз отандастарының стартаптарын қолдай отырып, өздерінің еліне қомақты инвестиция тартуда. Мен қазақ жастары да отандық IT-саланы қолдай отырып, туған еліміздің дамуына қол ұшын созғанын қалаймын», деді министр.