Десанттық-шабуылдау әскерлерінің оқу полигондарында қарқынды жауынгерлік дайындық өтуде,– деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бөлімшелердің, экипаждардың және есептоптардың үйлесу процесі аяқталғаннан кейін бөлімшелер штаттық қару-жарақтан практикалық жауынгерлік атысқа кірісті.
2022 жылдың көктемінде шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер бөлімшелерге келгеннен кейін бір ай ішінде мамандық бойынша даярлықтан өтіп, өздеріне сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы зерделеді. Содан кейін бөлімшелердің жауынгерлік атыстары жүргізілетін даярлықтың келесі кезеңіне өтті.
– Біз кез келген ұрыс жағдайына бейімделуіміз керек. Жауынгерлік және кәсіби дағдыларды игерумен қатар, оқ ату да бізді жауапкершілікке тәрбиелейді және моральды тұрғыда шыңдайды, – деп атап өтті 61993 әскери бөлімінің пулеметшісі Елдос Қойшыбаев.
Қызметтің алғашқы кезеңінде батальондардың қорғаныстағы, шабуылдағы, марштағы, бөлімшелердің елді мекендерде жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу сияқты негізгі тақырыптар бойынша жауынгерлік атыстары пысықталды.
Басты мақсат – жеке құрамның күндіз және түнде жауынгерлік ахуалдың күрделі жағдайларында жеке және топтық қаруды қолдану білігін тексеру, сондай-ақ заңсыз қарулы құрамаларға қарсы белсенді және үйлесімді іс-қимылдар жүргізу.