Десантшылар ұшақтан парашютпен секіруді орындады

16 Ақпан 2023, 16:56 1170

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері әскери-көліктік авиация ұшақтарынан парашютпен секіру тәсілдерін пысықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл шараға Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарының 200-ден астам офицері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшісі тартылды. Әскери-көліктік авиацияның С-295 ұшағынан секіру ұзақ үзілістен кейін алғаш рет жүргізіліп отырғанын айта кету керек.

Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының әуе-десанттық қызметінің офицерлері жеке құрамға ұшақтан парашютпен секіруді ұйымдастыру мен секіру бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізді. Онда секіру элементтерін жерде пысықтау мен парашют жүйелерін кезең-кезеңімен төсеу де жүзеге асты.

Әскерлердің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев десантшыларға тән нағыз ерліктің неден құралатынын атап өтті.

 – Кез келген адам парашютпен секірерде үрейге бой алдырады Бірақ біз, десантшылар бұл үрейді еңсере отырып, жүктелген тапсырманы нақты орындай алатынымызбен ерекшеленеміз. Ержүректілік деген, міне, осы, – деді генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Десанттық-шабуылдау әскерлеріне 2017 жылдан кейін келген офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің көпшілігі С-295 ұшағынан бірінші рет секіріп отыр.

 – Әскери-көліктік авиация ұшағынан парашютпен секіруге тікұшақтан кемінде бес рет секірген әскери қызметшілер ғана жіберіледі. Сондықтан мерзімді қызметтің сарбаздары бұған қатыспайды, – деп түсіндірді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Нұрмахан Құдайбергенов.

Әскери-көлік авиациясының ұшағынан секіру жоғары күрделілігімен ерекшеленеді. Ұшу жылдамдығы сағатына 180 шақырым, биіктік – 800 метр. Мұның бәрі жеке құрамнан арнайы дайындық пен дағдыны талап етеді.

Ми-17 және Ми-8 тікұшақтарынан, әдетте, взводты секірту жүргізілсе, ал С-295 ұшағын қолдана отырып, секіруде бұл сан ротаға дейін артады. Өз кезегінде бұл ауқымды жауынгерлік міндеттерді орындауға молынан мүмкіндік береді.

EL.KZ
Бөлісу: