08.07.2025
16:26
3647
Депутаттың көз алдында қыз суға ағып кетті

Депутаттың көз алдында қыз суға ағып кетті

Қонаев қаласындағы жекеменшік жағажайда қайғылы оқиға орын алды: жас әйел суға батып қаза тапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл оқиға жексенбі күні, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отбасымен демалып жүрген сәтте болған. Халық қалаулысы қайғылы оқиғаның тікелей куәсі болып, жағажайдағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты өткір мәлімдеме жасады.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, бұл жағажай жеке кәсіпкерлерге берілгенімен, олар тек кіріс көзін ойлап, демалушылардан ақы алумен шектелген. Ал қауіпсіздік талаптары мүлдем ескерілмеген. Аумағында құтқарушылар жоқ, бейнебақылау камералары орнатылмаған, бақылау мұнарасы мен медициналық көмек те қарастырылмаған. Куәгерлер суға батып бара жатқан әйелді өз күштерімен шығарып алып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.

Депутат жағажайдағы мұндай жағдайларға наразылығын білдіріп:

Мұндай жағажайларда міндетті түрде медициналық қызмет болуы керек. Бірақ ешкім жауап бермейді. Міне, қыз қайтыс болды. Осындай жауапсыз жағажайлар ашылып жатыр. Ал адамдардың өліміне кім жауап береді? Қауіпсіздік жүйесі қайда?, – деп ашық сұрақ қойды.

Оқиға орнына келген дәрігерлер мен полиция қызметкерлері ешқандай нақты шара қолдана алмаған. Полицейлер бұл мәселеге олардың ведомствосы жауапты емес екенін айтып, тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес берген. 

Бұған дейін суға батып, өлді деп есептелген адам тіріліп кеткені туралы жазған едік.