Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілер айыппұлды қысқа мерзімде төлесе, оның 50 пайызын ғана төлеуге мүмкіндік беретін жүйе қоғамда тағы да талқыланып жатыр. Кейбір депутаттар бұл жеңілдікті қайта қарау қажет деп есептесе, енді бірі керісінше оны сақтап қалу керек дейді.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айыппұлды ерте төлегені үшін берілетін жеңілдік азаматтарға да, мемлекетке де тиімді екенін айтады. Оның пікірінше, бұл жүйе адамдарды айыппұлды уақытында төлеуге ынталандырады.
Кейде адамның артық ақшасы болмайды. Бірақ ол өз кінәсін мойындап, ертерек барып төлесе, бір жағынан төлемі азаяды. Екіншіден, мәселе ұзаққа созылмайды. Егер айыппұл төленбей жүре берсе, кейін сотқа дейін жетуі мүмкін. Тіпті адам төлей алмай қалса, есепшоты бұғатталып, жұмыс істеуіне де қиындық туындайды, – дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, айыппұлды уақытылы төлеу мемлекет үшін де тиімді. Сондықтан 50 пайыздық жеңілдікті толығымен алып тастау дұрыс шешім болмайды. Ал мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай бұл мәселеге қатысты пікірдің екіжақты екенін айтады. Ол жеңілдікті толық жоюды қолдамайды, бірақ кейбір жағдайларда шектеу енгізуге болады деп есептейді.
Менің ойымша, 50 пайыздық жеңілдікті толық алып тастау қажет емес. Бірақ жол қозғалысы кезінде қауіпті саналатын құқықбұзушылықтарды бірнеше рет қайталаған адамдарға қатысты өзгеріс енгізуге болады. Өйткені кейбір жүргізушілер үшін айыппұлдың жеңілдігі қорқыныш тудырмайтын деңгейге жеткен, – дейді ол.
Айта кетейік, өткен жылы сенатор Марат Қожаев та осы тақырыпты көтеріп, жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынған болатын. Ол 10 реттен артық жол ережесін бұзған көлік иелеріне теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу, қажет болса жүргізуші куәлігінен айыру тетігін де қарастыруды ұсынған.
Алайда бұл бастама әзірге жүзеге аспайды. Ішкі істер министрлігі LS басылымына берген түсініктемесінде ұсыныс Үкімет қорытындысы аясында қаралғанын, бірақ қазіргі кезеңде қолдау таппағанын мәлімдеді.
Ұсыныс заң жобасына Үкіметтің қорытындысы аясында қаралды. Алайда қазіргі кезеңде ол қолдау таппады. Себебі тетікті нақты айқындау қажет. Яғни қандай құқықбұзушылықтар есепке алынатыны, оларды қауіптілік деңгейі бойынша қалай жіктеу керек және шектеу қалай қолданылатыны нақты жазылуы тиіс, – деп хабарлады ІІМ.
Осылайша қазіргі таңда айыппұлды ерте төлеген жағдайда берілетін 50 пайыздық жеңілдік сақталып отыр. Дегенмен болашақта өрескел әрі жүйелі құқықбұзушылық жасайтын жүргізушілерге қатысты талаптар күшеюі мүмкін.
Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Көптеген жүргізушілер жеңілдікті алып тастау дұрыс емес деп есептейді. Олардың айтуынша, бұл жүйе азаматтарға айыппұлды уақытында төлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, желі қолданушысы Аманкелді айыппұл мөлшерін азаматтардың табысына қарай қарастыру керек деген пікір айтты. Оның сөзінше, қоғамда табыс деңгейі әртүрлі.
Біреу миллиондап жалақы алады, ал біреу зейнетақымен күн көреді. Кейбір адамдар зейнет жасында да көлік жүргізіп, сонымен табыс табады. Сондықтан айыппұл мөлшерін адамның табысына қарай қарастыру керек, – дейді ол.
Тағы бірқатар жүргізушілер айыппұл мәселесінен бөлек, жол сапасына да назар аудару қажет екенін айтады. Әсіресе, алыс жолға шығатын азаматтар қалааралық трассалардың жағдайын жақсарту керек деген пікір білдірген.