«Депутаттар тым көп заң шығаруына байланысты норма керек». Мәжілісте жаңа заң қаралды

16 Қаңтар, 15:56 727

Мәжілісте «Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Заң жобасын мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров баяндады. Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң жобасы аясында Конституцияға қарсы бастамалардың барын айтты.

Бұл заң жобасы біздің заңнама және сот құқықтық реформасы комитетінде үлкен сынға ұшыраған. Не себепті? Бұл әдеттегі заңдарға қарама-қайшы келсе бір жөн. Бұл жерде Конституцияның нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, Конституциядағы 61 баптың 1-ші тармағында «Заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі» деп анық көрсетілген.  Ал мына заң жобасындағы 2 бабын алып қарасақ, депутаттардың заң жобасын шектеу тікелей көзделген. Мемлекет басшысының «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген формуласына негізделген бастамасына қарсы келіп отыр. Бұл бастамаға сәйкес, Үкімет Парламенттің алдында есеп беру керек болса, бұл жерде керісінше, Парламент депутаттары заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы. Қалайша Конституция нормаларын бұза отырып, осындай заң жобасын ұсынасыздар?, - деді депутат.  

Осы мәселеге байланысты Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов өз сауалын қойды.

Мына жерге «депутаттар тым көп заң жобасын дайындағанға байланысты, осындай норма керек» деп жазып қойыпсыздар. Тіпті тұжырымдаманың өзі осыны көрсетіп тұр. Баяндаманың өзінде осылай жазылып тұр. Мұны қалай түсінуге болады? Қалай ол «тым көп дайындайды, - деді мәжілісмен.

Заң жобасындағы  түзетулерді вице-министр былай деп түсіндірді.

Бұл норманы қабылдар алдында, біз ақпаратқа қол жетімді сайттардың барлығын қарап көрдік. Негізі депутаттардың заңнама бастамаларын жасар алдында бұқаралық ақпарат құралдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, белсенділермен талқылау мүмкіндігін беру ретінде ұсынған болатынбыз. Осы жағын көздедік, - деді Данияр Қадыров.

Миражан Махан
Бөлісу: