04.05.2026
15:25
197
Жаңалықтар

Депутаттар таңдауы: Қазақстанда қай қала вело-қала болуға лайық

Экология мәселесі ушығып, қалалардағы көлік саны күн санап артып жатқанда, әлемнің бірқатар мегаполистері бұл түйткілдің шешімін велосипедтен тапты. Соның айқын мысалы – Амстердам. Бұл қалада велосипед күнделікті өмірдің негізіне айналған. Ал Қазақстан үшін бұл бағыт қаншалықты өзекті? Еліміздегі қай қала вело-қала болуға лайық? Осы сауал төңірегінде Мәжіліс депутаттарының пікірін білдік.

Азат Перуашев ең алдымен климат пен географияға назар аудару қажет екенін айтады. Оның сөзінше, оңтүстік өңірдегі Алматы, Шымкент, Тараз, Талдықорған сияқты қалалар бұл бастамаға әлдеқайда дайын.

Оңтүстіктің барлық қалалары вело-қала болуға лайық. Ауа райы қолайлы, қыс қатты емес. Сондықтан мұндай өңірлерде велосипедті күнделікті көлік ретінде дамытуға толық мүмкіндік бар, – дейді депутат.

Ал Бақытжан Базарбек бұл мәселеге әлемдік тәжірибе тұрғысынан қарайды. Оның айтуынша, үлгі алатын қала – дәл сол Амстердам.

Мен Амстердамда болдым. Көлікпен жүретін шенеуніктерді көрген жоқпын, барлығы велосипедпен жүреді. Бізде де Алматының бір бөлігін арнайы велоаймақ ретінде дамытсақ, экологияға үлкен пайдасы тиер еді. Ауа тазарады, қала мәдениеті өзгереді, – дейді ол.

Абзал Құспан елордадағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, Астанада велосипед инфрақұрылымы біртіндеп қалыптасып келеді.

Осы екі күн бұрын оң жағалаумен ұзақ жүрдім. Велосипедшілерге арналған жолдар, арнайы инфрақұрылым жасалып жатыр. Көзім жетті – бұл бағытта жұмыс бар. Бірақ біздің климатты да ескеру керек, – дейді депутат.

Ал Айтуар Қошмамбетов веломәдениетті дамытуда жүйелі жоспар қажет екенін алға тартады. Оның пікірінше, ең қолайлы қала – Алматы.

Алматыда микромобильді көлік қолданатындар қазірдің өзінде көп. Егер әр көшеге веложолақтар салып, арнайы бағдаршамдар орнатсақ, бұл қозғалыс мәдениетін түбегейлі өзгертер еді. Велосипед – болашақтың көлігі, – дейді ол.

Өңірлік деңгейде Жарқынбек Амантайұлы Павлодарды мысалға келтірді. Оның айтуынша, Павлодар қаласында Ертіс өзені бойында орналасқан жағажай аймағы бұл бағытқа әлдеқашан бейімделген.

Павлодарда еліміздегі ең ұзын әрі көрікті жағажай бар. Инфрақұрылымы жақсы, веложолақтар салынған. Қазірдің өзінде халық тұрақты түрде велосипедпен қатынайды. Мұндай тәжірибені басқа қалаларға да енгізуге болады, – дейді депутат.

Велоқала экологияны қалай өзгертеді

Велосипед – жай ғана көлік емес, ол қаланың экологиясына тікелей әсер ететін құрал. Сарапшылардың айтуынша, бір адамның автокөліктен велосипедке көшуі жыл сайын жүздеген килограмм көмірқышқыл газының ауаға бөлінуін азайтады. Бұл – бір адамның таңдауы бүкіл қаланың ауасына әсер етеді деген сөз. Сонымен қатар, велосипед көбейген сайын қаладағы шу деңгейі төмендейді, жолдағы кептеліс азаяды, ал тұрғындардың физикалық белсенділігі артады. Яғни, бұл тек экология емес, қоғам денсаулығына да әсер ететін фактор.

Еуропа қалаларының тәжірибесі де осыны дәлелдеп отыр: велосипед инфрақұрылымына салынған инвестиция бірнеше есе қайтарым береді — экологияда да, медицина шығындарын азайтуда да.

Мұны нақты мысалдардан да көруге болады. Амстердам тұрғындарының шамамен 60 пайызы күнделікті велосипедпен қатынайды. Копенгаген қаласында велосипед кей бағыттарда автокөліктен де жылдам көлік саналады. Ал Утрехт әлемдегі ең ірі велосипед тұрақтарының біріне ие — онда ондаған мың орын қарастырылған. Соңғы жылдары Париж де мыңдаған шақырым веложол салып, қала орталығында автокөлік қозғалысын шектеп келеді.